• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қараша, 2022

Үркердің болашақ бағдарламашылары

246 рет
көрсетілді

Жуырда елорданың шетіндегі Үркер ауылында «I-Ybray, болашағыңды бағдарла» әлеуметтік жобасы аясында балаларды бағдарламалауды үйрету және цифрлық құзыреттіліктерін дамыту мақсатында Кемел Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназиясында ІТ сынып ашылды.

Жалпы, Үркер ауылында 30 мыңнан астам адам тұрады, көпшілігі көпбалалы отбасылар. «I-Ybray, болашағыңды бағдар­ла» жобасы негізінен қалалар мен моноқалаларда тұратын 10 мен 16 жас аралығындағы балаларды оқытуға бағытталған. Бұл – коммерциялық бағдарламалау мектептеріне бармайтын және ата-аналарының мүмкіндіктері жоқ балаларға айтарлықтай қол­дау. Сондай-ақ бағдарламалау және цифрлық құзыреттіліктері бойынша информатика пәні мұға­лімдерінің біліктілігін арттырады. Жылына 100-ден 300-ге дейін баланы тегін оқыту жос­парланған.

14 пен 16 жас аралығындағы жоғары сынып оқушылары Python бағдарламалау курстарын аяқтағаннан кейін сұраныс­қа ие құзыреттіліктерді алумен қатар, IT компанияларда кіші курс ретінде жұмыс істей бастайды немесе веб-сайттар мен басқа да қарапайым тапсырыстарды орындай алады. 10-14 жас аралығындағы балалар кә­сіп­тік бағдар алып, цифрлық дағ­дыларын жетілдіреді. Бұл IT ма­мандығын таңдамаса да, ке­лешектің цифрлық эконо­ми­касының білікті маманы болуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл бастамаға «Цифрлық трансформация» қоғамдық қоры, «Logicom» АҚ және «Шаг» ком­пьютерлік академиясы белсенді түрде атсалысты.

Тегін бағдарламалау сабақ­тары бойынша «I-Ybray» жобасы 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. «Цифрлық трансформация» қоғамдық қорының жетекшісі Азиза Шөжеева қазіргі таңда цифрлық трансформация экономиканың барлық саласын қамтып, IT мамандарына, соның ішінде бағдарламашыларға және т.б. үлкен сұранысты тудырғанын атап өтті. Елімізде 2021-2022 жылдары IT мамандарына сұраныс артып, 55%-ға өсті. Соңғы төрт жылда «Ақпараттық техноло­гиялар, интернет, телекоммуникация» кәсіптік саласы бойынша бос жұмыс орындарының саны 88,5%-ға өсті. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында қа­­зақ­­стандық жұмыс берушілер 20 мыңға жуық бос жұмыс орнын жариялады.

Қазақстанда 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында орташа жалақы 387 мың теңге болды. Яғни 2019 жылмен салыс­тырғанда жалақы өсімі 60%-ды құрады. Екінші жағынан, орташадан жоғары жалақысы бар IT мамандарына тұрақты сұраныс болғандықтан, NEET жастары санының өсіп жатқанын көреміз. Егер Қазақстанда жастар елдегі жалпы халықтың 20%-ға жуығын құраса, олардың 6,9%-ы NEET санатына енген.

«Бұл – 15 пен 29 жас ара­лы­ғындағы 255 мыңнан астам адам. Қазақстан экономикасын цифрландыру мақсатында кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін мектеп жасындағы балаларды бағдарламалау негіздеріне және цифрлық құзыреттілік­тер­ге жаппай оқыту қажет. Бұл мәселені тегін IT-бағдарламалау сабақтарын құру бойынша әлеу­меттік жобаның бір бөлігі ре­тінде шешіп жатырмыз», деді А.Шөжеева.

Жалпы, 2017-2022 жылдар ара­лығында бүкіл ел бойынша жобада 25 мыңнан астам бала оқытылды. «I-Ybray» жобасы жастарға жаңа цифрлық әлем­де өзін-өзі жүзеге асыру және қар­жылық тұрақтылық мүм­кін­діктерін көрсетеді.

Үркер ауылындағы жиынға Пре­зидент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері Бибігүл Нұрашева, Жұлдызай Ысқақова, «Аманат» партиясы қоғамдық кеңесінің мүшесі Батырбек Мусин және басқа да қоғам қай­раткерлері қатысты.