• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қараша, 2022

Көпбалалы кәсіпкер

346 рет
көрсетілді

Қазір отбасы құрамында төрт бала болса, ата-анаға қоғам болып көмек қолын созуға тырысамыз. Аталған шаңыраққа әлеуметтік жәрдемнің де ауылы алыс емес. Сол сәтте жеті ұлды жеткізген байырғы ер мінезді шешелеріміз еске түсетіні бар. Білесіз бе, біз сондай бір жанға жолықтық. Ол – 14 баланың анасы Гүлназ Шәкенова. Көпбалалы ана шағын кәсіпті де меңгерген. Бүгінде есік алдына дәмхана ашып, Сарыөзек ауылының сәнін келтіріп отыр.

Бұл идея оған қайдан келді дейсіз ғой!? Әрине, балаларынан. Әр баланың талғамы әртүрлі. Гүлназ ханым перзенттерінің тілегін қалыс қалдырмай, отағасы екеуі ұл-қыздарына барлық жағдайды жасауға тырысады. Олардың қалауын орындау үшін таңсәріден алуан түрлі тағамдар мен тәттілер пісіруге әдеттенген. Кейін қыздары қолғабыс етуге жараған соң, үй ішінде жеңіл-желпі тағамдар әзірлеп сатуды қолға алады. Қызығы, бірте-бірте дәмді тамақтар елдің қызығушылығын танытып, сұраныс көбейе бастаған. Тұтынушылар тіл үйірер ас жасаған анаға алғысын жаудырып, мұны кәсіп ретінде іске асыруды сұрайды. Елдің тілегі бойынша кейіп­керіміз отбасымен ақылдаса келе, жеке бизнесін ашуға бел байлайды. Үлкен қалаларда жұмыс істеп тәжірибе жинаған студент балалары жаппай кең таралған кәсіп түрінен гөрі Сарыөзекте қай бизнес түрі кемшін, соған басымдық бергенді дұрыс санаған. Осылайша, кофе дайындайтын шағын дәмхана ашуға бекінеді. Бұл ретте көпбалалы отбасыға мемлекет те көмек қолын созады.

«Алғашында аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Сосын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалының «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын оқып үйрендім. Бизнес-жоспар жасауға біраз уақытым кетті, оған балаларым көмектесті. Жобамды қорғап, 1,2 млн теңге грант алдым. Бұл қаражатқа дәмханаға қажетті үстел-орындық, тоңа­зыт­қыш, термостат, тағы басқа да жабдықтар сатып алдым», дейді көпбалалы ана. Ол ойлаған мақсатына жету үшін барлық қам-қарекетті жасаған.

Кішкентай балаларын ертіп жүріп, «Coffeevita» ЖК-сын құрып, аудан орталығынан алғаш болып кофехана ашады. Дәмхана тауарларын тұтынушыларға жылдам жеткізіп беретін қызмет түрін енгізеді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, кәсіпті жүргізуде негізгі жауапкершілік Гүлназдың мойнында болғанымен, балалары да шама-шарқынша жәрдемдесіп жүр. Ал отағасы жеткізу қызметінің міндетін өзі атқарады. Бұл бір отбасылық тандем секілді.

Сырты шағын кофехана болғанымен мұнда тамақ мәзірі мол. Оның үстіне Сарыөзектің ішімен өтетін негізгі жол – Б.Момышұлы көшесінің бойында орналасқан. Бұл жол облыстық маңызы бар басты бағыт болғандықтан келуші үзілмейді десе де болады. Кәсіпкердің айтуынша, күніне кем дегенде жиырмадан астам адам келеді. Шынымен кофехананың ассортименті бай. Мұндағы құймақ, тоқаш, бәліш, бауырсақ, пахлава, рогалик, басқа да тағамдардың бәрін Гүлназ өзі пісіреді. Дегенмен жо­ғары сыныпта оқитын қыздары да сабақ­тан босаған уақытында анасына көмек­тесе­ді. «Әсіресе үлкен тойларға, отбасы­лық қуаныштарға тапсырыс алған кезде бала­лардың көмегінсіз атқару қиын. Сон­дық­тан балаларым – қолғанатым», дейді өзі. Әзірге үлкен торттарды ғана Талды­қорғаннан тапсырыспен алғызады. Мұн­дай тәттіні пісіруге қойылатын тал­ғам мен талаптың үдесінен шығу үшін Гүлназ бен оның қыздары өздерінің аспаздық қабілеттерін дамытып, үйрену үстінде.

Мұнда кофе мен шайдың түрі көп, сон­дай-ақ әдеттегі қара шай, сүтті және көк шай да табылады. Бағалары 200-1 100 тең­ге аралығында, бұл жергілікті тұрғын­дар үшін қолайлы баға, оны клиенттердің өздері де растайды.

«Жаңа кофехана жол үстінде орналас­қандықтан бізге өте ыңғайлы. Қажет кезде жүгіріп келіп, кофені өзіңізбен бірге алып кете аласыз. Жалпы, Сарыөзекте мұндай қызмет көрсететін орын әзірге осы жер ғана және бағасы да көңілден шығады. Кофехана қожайынының табысты болуына тілектеспін», дейді жас маман Әсем Кенжебекова.

12 орынға арналған шағын дәмхананың жұмыс істеп тұрғанына бір айдан асты. Ниет білдірушілер «WhatsApp» мессенджері арқылы және «gulnaz_coffe_saryozek» Инстаграм парақшасы арқылы өнімдерге тапсырыс береді.

«Бәрі ойлағанымыздай болып, осы қарқында жұмыс істесек, алдағы уақытта кәсібімізді кеңейту де ойымызда бар. Ол үшін әлеуметтік жобаларға арналған 5 млн теңгенің грантын жеңіп алуға бар күш-жігерімді жұмсауға бел байлап отырмын. Пицца, донер, грильде піскен тауық сияқты тағамдар дайындауға да ден қойсақ деймін. Әзірге екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Егер іргемізді кеңейтіп жатсақ, жұмысшылар қатарын да көбейту жоспарда бар», дейді Г.Шәкенова.

Жалпы, жолдасы Сәрсенбай Сәдуа­қасов екеуі 14 бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Үл­кен­дері 27 жаста, кішісі Нұрғалым 1 жас­тан 8 ай ғана асқан. Үлкен үш қыз тұр­мыс құрып үлгерген. Екі баласы сту­дент, бесеуі мектепте оқиды, соңғы үш кіш­кентайы балабақшаға барады. Көпбалалы болудың артықшылығы көп. «Құдай, осы қуанышымыздан айырмасын» дейді кейіпкеріміз. 

«Ауырлыққа сабыр қылсаң, жақсы­лыққа ниеттенсең, еңбектенсең, қиын­дық­тың бәрін жеңуге болады. Балаларым – байлығым. Жолдасым екеуміз 10 қыз, 4 ұл тәрбиелеп отырмыз. Оларды ешқашан көпсінбейміз. Алды ер жеткенде кейінгілерін өсіруге жәрдемдеседі, бір-біріне қарайды, бір-бірін оқытады, сол жағы ата-анаға үлкен көмек. Көпбалалы болу негізі нағашы жақтан тегімізде бар. Үлкен нағашы әжем 18 құрсақ көтерген екен, ал нағашы әжем 15 бала, шешем 12 бала дүниеге әкелген. Сол жолды жал­ғас­тырдым десем болады. Үлкен от­ба­сы болудың қиындығы ғана емес, өз ар­­тық­­шылықтары да бар. Отағасы Сәрсен­­бай – менің тірегім, балаларым – бойым­­дағы бар қабілет-мүмкіндіктерімді ашқан ын­тал­андырушыларым, бәрі бірге ісімді іл­гері­летуге көмектесіп келеді. Ша­­ңы­­рақ­та ең бастысы өзара түсіністік, сыйлас­тық, бір-біріне деген жанашыр жүрек, мейі­рімді пейіл болса, барлық игі­лік өзі-ақ үйіріліп тұрады. Отбасының бақыты бар жерде, өмірі берекелі болса, адам тез қар­тай­майды. Бірақ осы жет­кеніміз­ге тоқ­мейіл­сіп отырмаймыз. Жаңа машық­қа үй­реніп, өзімізді дамыта бере­міз. Мемле­кет бізді барынша қолдап келе­ді. «Алтын алқа» иегерімін. 2019 жылы тұрғын үй кезегімен көп бөлмелі жеке үй берді. Үш баламның біреуі балабақшаға тегін барып жүр. Сондықтан осының бәріне шүкіршілік етемін, бұдан әрі де алға қарай талпына береміз деп ойлаймын», дейді ол.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, 2021-2022 жыл­дарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 2022 жылға Кербұлақ ауданында 89 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бүгінде 40 адам, оның ішінде 14 жас кәсіпкер және халықтың әлеуметтік осал топтарынан 26 азамат 40 млн теңге алды. Жыл соңына дейін тағы 33 азаматқа өтеусіз гранттар беріледі. Грант алғандар қызмет көрсету, мал шаруашылығы, омарташылық, кірпіш өндіру, кондитерлік бұйымдар дайындау және т.б. салаларда өз істерін ашуда. Ауданда шағын, орта бизнес  объектілерінің саны 3 410-ға жетті, оларда 5 796 адам жұмыс істейді. Осы жылдың 9 айында ауданда 1 млрд 900 млн теңгенің өнімі өндірілген.

Ал өңірде биыл қаңтар-қыркүйек айларында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъек­тілерінің саны – 46,5 мың. І тоқ­санның мәліметтеріне қарағанда, осы секторда 84,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл ретте аталған кезеңде облыста өнім шығару көлемі былтырмен салыстырғанда 88 пайызға өсім көрсетіп, 135,4 млрд теңгені құрап отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы шеңберінде 2022 жылға 6,3 млрд теңге бөлінген. Бүгінде 25,4 млрд теңге кредиттік сомаға 253 жоба мақұлданды. 

 

Жетісу облысы