Президент сайлауы қарсаңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бірқатар шетелдік делегация өкілімен кездесті.
Атап айтсақ, ТүркПА-ның құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы Эрол Кая бастаған түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы және ИЫҰ Бас хатшылығының Азия департаментінің директоры Ахмед Сарир бастаған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы делегацияларымен жүздесті.
Кездесуде ТүркПА мен ИЫҰ делегациясына президент сайлауын өткізу ерекшеліктері таныстырылды. Атап айтқанда, Н.Әбдіров сайлау науқанының негізгі кезеңдері, кандидаттарды тіркеу қорытындылары, сайлаушылар тізімі бойынша жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ сайлау күніне Қазақстанның сайлау органдарының дайындығы туралы хабардар етті.
ТүркПА және ИЫҰ делегацияларының басшылары Орталық сайлау комиссиясының сайлауға дайындығы жөніндегі қызметін жоғары бағалап, сайлауды өткізуде табыс тіледі.
Дауыс беру күніне дейін Түркі мемлекеттері ұйымы, ШЫҰ, ТМД, ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА байқаушыларының миссияларымен де кездесулер ұйымдастырылатынын атап өткен жөн.