Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиында сенаторлар күн тәртібіндегі заң жобаларын қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жекеше секторға және экономиканы неғұрлым орнықты қалпына келтіруге негізделген даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз) ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Бұл құжат мемлекеттің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған шаралар кешенін қолдауға арналған.
Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, қарыз бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады.
«Биылғы 2 шілдеде Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес 345,7 млн еуро сомасындағы Қарыз туралы келісімге 24 тамызда қол қойылды. Қарыз толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталатын болады. Қаражат республикалық бюджетте көзделген әлеуметтік және басқа да мақсаттарға арналған бюджет шығыстарын жабуға мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік банктің қарызы Қазақстан Республикасына 11,5 жылға беріледі. Оның ішінде 2,5 жылға жеңілдік көзделген. Сыйақы ставкасы Еурибор және өзгермелі спредтен тұрады. Біржолғы комиссия да игерілмеген қарыз қалдығына есептелген резервтік комиссия да 0,25 пайызды құрайды. Қарызға қызмет көрсету және оны өтеу келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады», деді Е.Жамаубаев.
Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер және консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды. Аталған келісім екі мемлекеттің аумағында дипломатиялық миссиялар қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы жұмыс істеуіне байланысты мәселелерді реттеуді көздейді.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, келісімді ратификациялау Қазақстанға және Швейцарияға өз дипломатиялық өкілдіктерінің, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктерінің, сондай-ақ консулдық мекемелері қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне екі мемлекеттің аумақтарында ақылы еңбек қызметін жүзеге асыруына байланысты мәселелерді өзара негізде шешуге мүмкіндік береді.
«Қазіргі уақытта Швейцария Қазақстанның Еуропадағы негізгі саяси, сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Осы Келісімді ратификациялау елдер арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ өз елдерінің дипломатиялық қызметінде жұмыс атқару үшін шетелге жолданатын Қазақстан мен Швейцарияның дипломатиялық қызметтері персоналының отбасы мүшелеріне қолайлы жағдай жасайды.
Қазақстан Швейцариядан басқа тек АҚШ-пен осындай халықаралық шарт жасасты. Алайда АҚШ-пен аталған мәселе тоқсан алтыншы жылда ноталар алмасу түрінде болған. Мұндай келісімдерді жасау әлемдік тәжірибеде кең тараған, әсіресе еуропалық елдер арасында. Қазіргі уақытта қазақстандық тарап осындай келісім жобаларын Франция, Испания, Германия, Португалия, Бельгия және Нидерландпен келісу процесін жүргізіп жатыр», деді Р.Василенко.
Келісімнің ережелері шетелдік өкілдіктеріміздің дипломатиялық қызметкерлеріне ғана емес, сондай-ақ әкімшілік және техникалық персоналға да қатысты. Бұдан бөлек Р.Василенко Швейцариядағы қазақстандық дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлерінің саны туралы да баяндап берді. Мәселен, Қазақстанның Берндегі елшілігінде 7 қызметкер, Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымы кеңсесі жанындағы тұрақты өкілдігінде 19 қызметкер бар. Сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы жанынан ашылатын тұрақты өкілдігінде 7 қызметкер жұмыс істемек.
«Астанадағы Швейцарияның Елшілігінде және Алматыдағы Бас консулдығында сәйкесінше үш және екі қызметкер жұмыс істейді. Салық салу мәселелеріне келсек, ақылы еңбек қызметін жүзеге асыратын отбасы мүшесіне қабылдаушы мемлекеттің заңнамасы қолданылады.
Сонымен қатар тоқсан тоғызыншы жылғы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға сәйкес, ақылы жұмыстан түскен табысқа тек қабылдаушы мемлекетте салық салынады», деді Р.Василенко.
Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар Премьер-Министр атына депутаттық сауалдарын жолдады. Бақытжан Байахметов қаржыландыру мәселесінің шешілмеуіне байланысты Семей қаласында Бұқтырма су қоймасы мен Ертіс өзені арқылы салынатын көпірдің құрылыс мерзімі өзгеруіне алаңдаушылық білдірді.
Сенатор көпір құрылысын қаржыландыру қарқынына көңілі толмайтынын жеткізді. Сенатор өзінің депутаттық сауалында олардың құрылысын бұзу және пайдалануға беру қаупі туралы айтты. Оның айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі су қоймасына көпір салуды жалғастыру үшін келесі жылға 20 млрд теңге сұраған. Алайда республикалық бюджетте 2 млрд теңге ғана ескерілді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын уақтылы әрі сапалы орындау үшін республикалық бюджеттен 2023 жылы 20 млрд теңге сомасында, ал 2024 жылы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелін салуға 21,8 млрд теңге сомасында қаражат бөліну қажет», деді Б.Байахметов.
Семей қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін және құны 32 млрд теңгені құрайтын көпірді қаржыландыру жоспарында да осындай жағдай қалыптасты. Сенатор келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте объектіні қаржыландыру аясында 2023 жылы 500 млн теңге және 2024 жылы 1,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөліну көзделген.
«Бұл жағдай Мемлекет басшысы тапсырмасының дер кезінде орындалмауына және сәйкесінше жобаның қымбаттауына әкеледі. Іске асыру мерзімі бойынша жоба 2025 жылға дейін аяқталуға тиіс. Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, Сізден республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде аталған жобаны 2023 жылы 15 млрд теңге, сондай-ақ 2024 жылы 17 млрд теңге көлемінде қаржыландыру бойынша ықпал етуіңізді сұраймыз», деді сенатор Б.Байахметов.
Ғалиасқар Сарыбаев спортты дамыту мәселесін көтеріп, балаларды ерте жастан спортқа жұмылдыру қажетіне және елімізде жұмыс істейтін спорт федерацияларын бақылау деңгейі төмен екеніне назар аударды. Спорт федерациялары өз бетінше ашылады және республикалық бірлестіктерден оқшау өмір сүреді. Ал олардың бапкерлері жас балаларды жаттығуға тартып, жеткіншектердің денсаулығына зиян тигізуі мүмкін.
Сенатор қазіргі уақытта еліміздегі жаттықтырушылардың балаларды жас, яғни олардың денесі физикалық және психологиялық тұрғыдан ауыр жүктемелерге әлі дайын емес кезінен бастап спортпен шұғылдануға тартуы үрдіске айналып кеткенін атап өтті. Мұндай жағдай әсіресе жекпе-жек өнерінде кең таралған. Ол жас ұрпақтың денсаулығына теріс әсер етеді.
«Тағы бір ескеретін жағдай, бұрын балалар мен жасөспірімдердің жылына қанша жарысқа қатысуына болатындығын реттейтін нормалар болған. Қазіргі уақытта біздің елімізде мұндай нормалар қабылданбаған. Осындай жағдайлар федерациялардың өз бетімен ашылып, жұмыс істеп жатқанының да әсері. Елімізде бір ғана каратэден біз білетін 22, таэквондодан 6, аралас жекпе-жектен (ММА) 4 республикалық федерация бар», деді Ғ.Сарыбаев.
Депутат осыған байланысты балалар ағзасының ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбие-жаттығу әдістемелерін дайындауды ұсынды. Сенатор сонымен қатар мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарындағы спорт федерацияларының рөлін күшейтуді, сондай-ақ кәсіби спорт клубтарын, барлық спорт түрлерінің спортшыларын, спорт түрлері федерацияларындағы жаттықтырушылар мен төрешілерді тіркеу керектігін және олардың қызметін лицензиялауды қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.
Ғұмар Дүйсембаев Атырау мен Ақтаудағы арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс тиімділігін қалай арттыру керектігіне тоқталып, кәсіпкерлер көтеріп жүрген проблемаларды шешуге арналған нақты ұсыныстарын айтты. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары АЭА-ға қатысушылардың алдында тұрған проблемаларды зерделеу үшін 28 және 29 қазанда осы өңірлерге барып, кәсіпкерлермен кездескен болатын.
Атырау қаласындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА-ға қатысушылар аймақтарды тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді, оның ішінде аумаққа газ әкелуді, газ тарату стансасын салуды және Атырау – Доссор автомобиль жолының учаскесін кеңейтуді сұраған еді.
«Ақтау теңіз порты» АЭА бойынша АЭА-да жұмыс істеп тұрған және болашақ қатысушылар үшін аймақтың жұмыс істеу мерзімін ұзарту, оның аумағында тоқыма саласын дамыту мәселесін шешу, сондай-ақ АЭА аумағын кеңейту және газ-сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажет», деді Ғ.Дүйсембаев.
Депутат осыған байланысты Министрлер Кабинетінің басшысына АЭА-дағы проблемаларды шешу, сондай-ақ депутаттар айтқан ұсыныстарды ескеру туралы өтініш айтты.
Қанатбек Сафинов тиісті болжамдарсыз және заңға тәуелді актілерсіз Парламентке енгізілетін кейбір заң жобаларының сапасына наразылық білдірді. Ол заңнамалық және заң шығару қызметіне деген көзқарасты өзгертуге қатысты бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.