Ертіс өзенінің үстінен құны 40,3 млрд теңге тұратын жаңа автокөлік көпірі салынады. Облыс орталығының батыс бөлігінен шығып, елордаға бағыт алатын республикалық жолдың бір бөлігі саналатын ескі көпір бүгінде әбден қаусап тұрғаны мәлім. Жаңа стратегиялық нысанға республикалық бюджеттен қаржы бөлінетіні туралы ақжолтай хабар керекуліктерді айрықша қуантып отыр.
Ертіс – еліміздегі ең ұзын өзен. Павлодар қаласын өзге өңірлермен байланыстыруға арналған екі бірдей автомобиль көпірі аталған су айдынының үстінен өтеді. Оның алғашқысы 1962 жылы салынған, әлі күнге қолданыста. Ал екіншісі «Астана – Өскемен» автожол құрылысы аясында 2016 жылы жаңадан тұрғызылды. Алғашқы көпір бүгінде әбден тозып, шықпа жаным, шықпаның күйін кешіп тұрғаны рас. Одан тек жеңіл көліктер мен қала маңына қатынайтын жолаушылар автобустары ғана жүреді. Үлкен жүк көліктерінің барлығы облыс орталығына кіріп-шығу үшін жаңа көпірді пайдаланады.
Биыл қазан айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Керекуге келгенде жұртшылықты жылдар бойы алаңдатқан бұл мәселеге нүкте қойылатынын айтқан еді.
– Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Бірақ Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Оның апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды. Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтетін жаңа көпір салу жоспарланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет, – деген еді Президент.
Президент жүктеген тапсырманың нәтижесі көп күттірген жоқ. Осыдан бірер күн бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа көпірдің құрылысы келесі жылы басталады деп сүйіншіледі. Жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, төрт жолақтан тұратын жаңа стратегиялық нысан ескі көпірдің жанынан салынатыны белгілі болды. Оның құрылысына ел бюджетінен 40,3 млрд теңге бөлінбек. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталып, шамамен 3,5-4 жылға жалғасады.
Атап өтерлігі, былтыр «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның өңірдегі филиалының басшылығы облыс орталығында жаңа көпір құрылысы қолға алына қалса, біздің жобамыз дайын деп мәлімдеген-тұғын. Анықтап білгеніміздей, нысан сол жобаның негізінде тұрғызылатын болып шықты.
– Жаңа көпір ескісінің дәл жанынан, ағыстың төменгі тұсынан салынатын болып шешім қабылданды. Көпірдің ұзындығы 691 метрді құраса, оған қатысты барлық жолдың ұзындығы 2,7 километрге жетеді. Норматив бойынша жаңа көпірдің құрылысы 25 айда салынуы керек. Одан соң ескі көпір бұзылып, бөлшектеліп алынады. Оған шамамен қосымша 14 ай жұмсалады деп отырмыз. Сонда жоба барлығы 39 ай ішінде еңсерілуге тиіс. «ҚазАвтоЖол» АҚ негізгі тапсырыс беруші ретінде таңдалды. Сондықтан негізгі жауапкершілік те бізге түсіп тұр. Қаражат нақты бөлінгені белгілі болса, біз конкурс жариялау жұмыстарын бастап кетеміз, – дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненко.
Құрылысы жағынан көпір Американың ірі қалаларында жиі салынатын экстрадоз типіндегі аспалы нысан ретінде тұрғызылмақ. Құрылысты 4 үлкен тірек ұстап тұрады. Мұндай конструкция өзінің беріктігін дәлелдеген. Әрі жасалған жоба да мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті.
Алексей Александровичтің сөзіне қарағанда, көпір орнын дайындау барысында Ертіс өзенінің оң жақ жағалауында шамамен 3,5 мыңдай ағаш оталады. Оның орнына кейін 35 мыңға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланған. Егер қаражат уақтылы бөлініп, құрылыс жұмыстары көзделген мерзімде басталып кетсе, жерлестеріміз жаңа көпір бойымен 2025 жылы жүре бастауы ғажап емес.
Айтпақшы, А.Логвиненко Павлодарда «Шығыс айналма жолы» жобасы да дайын тұрғанын айтып өтті. Транзиттік көліктердің қаланы шығыс жағынан айналып, өзге бағыттарға өтуіне мүмкіндік жасайтын жол тармағы шамамен 33 шақырымды құрайды. Алғашқы құны 22 млрд теңгені құраған жобада айналма жолдар, жол бойы сервисі, үлкен жүк көліктеріне арналған тұрақтар, басқа да қажеттілік толығымен қарастырылған. Шығыс айналма жолы жүзеге асса, облыс орталығы айналасындағы айналма жолдар шеңбері толық түзілмек. Жоба әзірше қаржыландыруды күтіп тұр.
ПАВЛОДАР