Чилилік «ME-Elecmetal» компаниясы тау-кен өндірісі саласында шикізатты Қытайдағы кен орнынан жеткізіп, Жетісу аймағында өңдеу ісімен айналыспақ. Олардың жылына 100-140 мың тонна жоғары сапалы өнім өндіру жоспары бар.
Чилилік кәсіпкерлер Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесу барысында Қазақстанмен серіктестік байланыс орнатып, инвестиция салуға ниетті екендіктерін жеткізді. Жетісуға өз кәсіпорындарын орналастыратын және жұмысын жүргізетін лайықты өндірістік алаң іздеу мақсатымен келгенін де жасырмады.
Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «ME-Elecmetal» компаниясы тау-кен өндірісі саласында диірмен қаптамаларын шығаруда өндірістік қуаты мен өнім шығару көлемі жағынан әлемде көшбасшы саналады. Аталған компания өкілдері шикізатты Қытайдағы кен орнынан жеткізіп, Жетісу жерінде өңдеуді көздеп отыр. Олардың жылына 100-140 мың тонна жоғары сапалы өнім өндіру жоспары бар. Дайын өнімді өткізуде негізінен «KAZ Minerals» компаниясымен серіктес болатындарын айтады. «Талдықорған» индустриалды аймағының барлық қажетті инфрақұрылымдармен қамтылуы Чили кәсіпкерлерінің қызығушылығын туғызған.
«KAZ Minerals» компаниясымен келісімшарт жасасамыз. Сіздерге ұсынылып отырған жобамызды директорлар кеңесі бізге бекітіп береді. Содан кейін нақты қадамдар жасауға әзірміз», дейді «ME-Elecmetal» бірлескен компаниясының өкілі, ұсату бөлімінің аға атқарушы вице-президенті Зен Жу мырза.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев ресми қонақтарға жылы лебізін білдіріп, еліміздің, соның ішінде Жетісу аймағының логистикалық мүмкіндіктері мол екеніне тоқталып өтті. Сондай-ақ «Талдықорған» индустриалды аймағында өндірісті дамытуға қажетті барлық инфрақұрылым жүйелері жасалғанын айтты. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның аймаққа тиімділігі тұрғысындағы бірқатар жайтты пысықтаған облыс әкімі өз тарапынан қажетті қолдау көрсететінін білдірді.
«Сіздермен серіктес болуға пейілдіміз. Дегенмен коронавирусты және басқа да себептерді алға тартып, кей жобалардың іске асырылуын ұзатып алған инвесторлар да бар. Бізге жобалардың уақытында жүзеге асырылғаны және оның өз тиімділігін көрсеткені керек. Ол үшін жергілікті атқарушы органға қатысты жұмыстарды дер кезінде атқаруға мүдделіміз. Барлық құжаттық рәсімдер аяқталғанда тағы бір кездесіп, жобаның жай-жапсарын егжей-тегжейлі талқылауға әзірміз», деді Б.Исабаев.
Жетісу облысы