• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 20 Қараша, 2022

Президент сайлауы: Токио мен Сеулде дауыс беру басталды

234 рет
көрсетілді

Жапония мен Оңтүстік Кореядағы сайлау учаскелері өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Токио мен Сеул қалаларындағы Қазақстан елшілігі жанынан арнайы сайлау учаскелері ашылды. Олар жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де, ал астана уақытымен таңғы сағат 04.00-де жұмысын бастады.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Токиода дауыс берген алғашқы қазақстандық кәсіпкер Сырымбек Тау болды.

«Сайлауға қатысу әрбір азаматтың борышы, мемлекет алдындағы парызы деп ойлаймын. Біз өз таңдауымызды жасап, мемлекеттік іске белсенді араласуымыз керек. Менің ойымша мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен іргесінің берік болуына әркім өз үлесін қосу қажет. Міне, сондықтан да бүгін кәсіпкер ретінде Токиода іс-сапармен жүріп, өз дауысымды ел болашағы үшін беруді жөн көрдім», деді С.Тау.Ал Оңтүстік Кореяның астанасындағы №258 учаскеге алғашқы болып қазақстандық Юрий Цой келді. Ол Сеулде 5 жылдан бері кәсіпкерлік қызметпен айналысады.

«Мен әрқашан Қазақстандағы жаңалықтарды белсенді қарап отырамын. Елдегі оң өзгерістерді көріп жүрмін. Сондықтан бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында дауыс беруге шешім қабылдадым», деді кәсіпкер.

Қазақстандағы сайлау учаскелерінің негізгі бөлігінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сондай-ақ 86 сайлау учаскесінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 06:00-де басталады.