Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында кеше еліміздің Орталық коммуникациялар қызметі көшпелі брифингтер ұйымдастырды. Яғни, бұрынғыдай өздері орналасқан Қазмедия орталығында емес, бірінен соң бірі жалғасқан сериялы баспасөз мәслихаттарын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы болған Тәуелсіздік сарайында өткізді. Онда Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктері мен тиімділігі жайында сөз болды.
Алғашқы брифингте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев, «Қазақстан Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов, Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиева қатысты.
Р.Ошақбаев өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одақ шартында басшылыққа алынған негізгі қағидаларға тоқталды. «Халықаралық құқық қағидаттарын, Одаққа мүше мемлекеттердің саяси құрылымын құрметтеу, өзара тиімді ынтымақтастықты, теңдік пен тараптардың ұлттық мүдделерін есепке алуды қамтамасыз ету, нарықтық экономика, шынайы бәсекелестік қағидаларын сақтау – шарт жобасының негізгі қағидалары», деді басқарма төрағасы. Сондай-ақ, ол аталған ауқымды құжат 969 бетті құрайтынын атап өтті.
Атап айтар болсақ, шарт жобасының институттық бөлігінде Одақтың субъектілік құқығына ие аймақтық ықпалдастық, халықаралық ұйым екендігі көрсетілген. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ аясында бұған дейін жұмыс істеп келе жатқан Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік органдарының негізінде 4 орган құрылады. Мәселен, біріншісі – мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары кеңес, екіншісі – Үкімет басшылары деңгейіндегі Үкіметаралық кеңес, кеңес пен алқалар деңгейіндегі Еуразиялық экономикалық комиссия және Еуразиялық экономикалық одақ соты. Р.Ошақбаевтың атап өтуінше, аталған органдарды қаржыландыру тараптардың үлестік жарналарынан жиналатын Одақтың бюджетінен жүргізілмек.
Ал шарт жобасының функциялық жағына тоқталған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары оған агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, еңбек миграциясы, валюта саясаты, қаржы нарықтарын реттеу, бәсекеге қабілетті саясат, табиғи монополиялар, қызметтер мен инвестициялар саудасы, салық пен салық салу, сыртқы сауда саясаты, экономикалық саясат және энергетика салалары бойынша бағыттардың қамтылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол интеграциялық мүмкіндіктердің айтарлықтай өзгертілгені Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы арқаулық түрде келісілген пакетке қарағанда шарт жобасының негізгі ерекшелігі болып саналатынын алға тартты.
Р.Ошақбаев, сондай-ақ, Еуразиялық комиссияның басшылық қызметтері үш елдің азаматтарына тең бөлінетінін атап өтті. Айталық, қазіргі уақытта Еуразиялық комиссияда 20-дан астам департамент бар. Өкінішке қарай, Комиссияның тұрақты мекенжайы Мәскеу болғандықтан, департамент директоры лауазымында ресейлік азаматтар басым болып тұр. «Қазіргі уақытта бұл теңсіздікті жою үшін шарт мәтінінде департамент директоры және олардың орынбасарлары деңгейінде тең дәрежеде ұсынылатындығы жазылған. Яғни, егер департамент директоры Қазақстан азаматы болса, онда оның орынбасарларының бірі Ресей, келесісі Беларусь азаматы болуы тиіс. Бұл қаржыландыруды кеңейтуді талап етеді», деді Р.Ошақбаев.
Сондай-ақ, ол Еуразиялық одақ аясында биыл отандық кәсіпкерлер шекаралас қалаларда сауда өкілдерін ашуды көздеп отырғанын мәлім етті. «Еуразиялық экономикалық одаққа кірудегі негізгі тірек болатын дәйек – 170 миллиондық базар. Онсыз біз өндірістің бәсекеге қабілеттілігін құра алмаймыз және инвестиция тарта алмаймыз. Отандық кәсіпкерлердің ең алдымен көздеп отырғаны шекаралас аймақтар. Ондағы халықтың саны 27 миллион адамды құрайды. Бұл біздің нарықтан 10 миллионға артық. Биыл біз миллионнан артық тұрғыны бар шекаралас қалалардың әрқайсысында сауда өкілдерін ашуды көздеп отырмыз. Бірінші кезеңде Омбы, Саратов, Самара, Новосібір қалалары», деді Р.Ошақбаев.
Ал өз кезегінде Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиева Еуразиялық экономикалық одақ құрамына қосылуға бүгіннің өзінде көптеген мемлекеттер ниет танытып отырғанын және мұндай ұйымдар экономикалық даму талабынан туындап отырғанын атап өтті.
«Қазірдің өзінде әлемде 200-ден астам түрлi деңгейдегi ықпалдастық ұйымдары бар. Бұл – сән қуу емес, экономикалық қажеттiлiк. Өйткенi, үлкен нарықтар дамудың жоғары қарқынын көрсетiп отыр. Бүгiнде 40-қа жуық мемлекет Кеден одағы арқылы еркiн сауда аймағына кiруге ниет бiлдiруде. Нақтырақ айтсақ, Түркия, Үндiстан, Жаңа Зеландия, Вьетнам және тағы басқалар. Еуразиялық одақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сынды бiрқатар блоктармен серiктестiк те жолға қойылды. Еуразиялық экономикалық одақпен сауда қатынасын орнатуға Оңтүстiк Американың ең iрі «Меркосур» интеграциялық ұйымы ниеттi», деді Ж.Құсманғалиева.
Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерi құрып отырған Еуразиялық экономикалық одаққа бiрiншi болып Армения кiрмек. Одан кейiн Қырғызстан мен Тәжiкстан дайындығын байқатып отыр. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ ашық әрі болашағы бар жоба екендiгiн аңғартса керек. Осыған орай, институт директоры: «Бұл бізді қуантады. Өйткені, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық жобасы – басқа да өңірлік интеграциялық бірлестіктермен, сонымен бірге, қатысушы-мемлекеттермен ынтымақтастықты болжайтын ашық жоба», деді.
Ж.Құсманғалиева, сонымен қатар, өзі басқарып отырған институт жүргізген әлеуметтiк сауалдамаға қатысқан қатардағы қазақстандықтардың басым бөлігі ықпалдастықты Қазақстан үшiн аса маңызды стратегиялық бағдар деп есептегенін тілге тиек етті. «Бiздiң институт тұрақты түрде түрлi әлеуметтiк зерттеулер мен сарапшылардың сауалдамасын жүргiзедi. Әлеуметтiк сауалдаманың нәтижесi жұртшылықтың Еуразиялық экономикалық одақты кеңiнен қолдайтындығын аңғартып отыр. Атап айтар болсақ, бiздiң халық Еуразиялық экономикалық одаққа кiру ел дамуының негiзi екендiгiн айтады. Сауалдамаға қатысқан қатардағы қазақстандықтардың 95 пайызы ықпалдастық Қазақстан үшiн аса маңызды стратегиялық бағдар деп есептейдi. Халық пен сарапшылар Еуразиялық интеграцияның келешегiнен зор үмiт күтетiндiгін атаған жөн. Сауалдама қорытындысы бойынша, оған қатысқан қазақстандықтардың 77 пайызы және сарапшылардың 88 пайызы Еуразиялық экономикалық одақ аясында ықпалдастықты одан әрi дамыту керек деп есептейдi», дедi Ж.Құсманғалиева. Оның айтуынша, сауалдамаға қатысқандардың көпшілігі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып отырған Қазақстан экономикалық табысқа кенелетiндiгiн атаған. Ықпалдастықтың артықшылығы ретiнде отандық бизнес өкiлдерiнiң серiктес елдер нарығына қол жеткiзетiндiгiн атап көрсеткен.
Иә, бүгінге дейінгі талқылау барысында Еуразиялық экономикалық одақтан саяси астар іздеп, бұл ұйым ел тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін бірлестік деп шулағандар да болған. Бірақ Интеграциялық зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік сауалдама нәтижесі ондай ойдағылардың бар болса да өте сирек екендігіне көз жеткізіп отыр. Бұл пікірді брифингке қатысқан «Қазақстанның азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов те құптады. Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ аясында бәсекелестік артып, керісінше, еліміз дами түседі.
«Бәскелестіктен қорықпауымыз керек. Керісінше, біз оған дайын болуымыз керек. Барлық одақтарда, интеграцияларда тек әділ саясат жүргізген мемлекет жеңіске жетеді. Мұны қазір көріп жүрміз. Бүгінде елде бұрынғыдай «блатпен» жүретіндер азайды. Кімнің деңгейі жоғары, білімі бар, сол жақсы жұмыспен қамтылады. Ғалымдар, білімді азаматтардың жақсы өмір сүре бастағанын өз көзімізбен көре бастадық», деді Н.Ерімбетов.
«Қоғамымыздағы антиеуразиялық көңіл-күйдің ауқымы үлкен емес. Осы ретте айтарым, толық тәуелсіз ешбір мемлекет жоқ, бәрі бір-біріне тәуелді. Біз осы ортада өмір сүруіміз қажет, одан қорқудың қажеті жоқ. Тәуелсіздігімізді ешкімге бермейтін ұрпақ өсті бүгінде. Ешкім де билікті ешкімге бермейді», деп толықтырды сөзін Н.Ерімбетов. Бұл ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Р.Ошақбаев: «Демократиялық қоғамда өмір сүргеннен кейін, алуан түрлі пікірдің болуы заңды. Кейбір адамдар өз қаупін білдіреді. Мен осындай пікірлерге талдау жасап көрдім. Біріншіден, Кеңес Одағы қайта құрылады, Қазақстан тәуелсіздігінің бір бөлігін жоғалтады деген қауіп айтылып жүр. Егер шарттың мәтінін оқысаңыздар, бұл интеграция тек экономикалық сипатта екеніне көз жеткізесіздер. Мемлекет басшысы бұл туралы анық айтты. Бізге, кәсіпкерлерге бұл интеграция қажет, бізге нарыққа шығу керек. Біз бірнеше рет Ресей базарына шығу мәселелерін көтергенімізді білесіздер. Осы кедергілерді жою үшін Одаққа қосылуымыз маңызды», деп түйіндеді.
Динара БІТІКОВА,
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Орынбай Балмұрат.