• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Қараша, 2022

Саумалдан сабын өндірген

419 рет
көрсетілді

Бие сүтінің мың да бір ауруға ем еке­ніне ешкім күмән келтірмес. Қазақтың «ағы бардың бағы бар» деп бекерден бекер тәпсірлемесі та­ғы аян. Сүттен ай­ран, қатық, құрт әзірлеген аналары­мыздың жылы-жұмсақ дәмі қашанда тәбетті ашады. Ал енді «саумалдан сабын дайындады» дегенді бұрын-сонды естіп пе едіңіз? Естімесеңіз, Қапалға келіңіз.

Қамбар ата түлігін қазақ халқы ежелден қадірлеген. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Оған тағы бір дәлел, Ақсу ауданына қарасты Қапал ауылының тұрғыны Нұржәнет Ердәулетқызы ерекше өнімдері. Ол саумалдан ғана емес, балдан да сабын әзірлеуді қолға алған. Кәсіпкер өзі жасаған тауарына «жасыл өнім» деп айдар тағыпты. Неге десеңіз, еш қоспасыз тап-таза табиғи өнім, екіншіден – басқа өнімдерге қарағанда пайдасы көл-көсір.

Осыдан үш жыл бұрын атажұртқа қоныс аударған қандасымыз әуелі кәсібін алабота шөбінен қара сабын қайнатудан бастаған екен. Бірден маңайдағы ел қатты қызығушылық танытса керек. Сөйтіп, халықтың сұранысына қарай қолдан жасаған өнім түрлерін көбейтуді көздейді. Атап айтсақ, сүт сабыны, айран сабыны, саумал сабыны, қияр және бал сабындары сияқты тұрмысқа қажет әрі денсаулыққа пайдалы заттарды елге ұсына бастаған. Негізі бұл кәсіппен айналысуды Қытайда жүргенде қолға алған екен. Қазақстанға келген соң білетін ісін қайта жандандырады. Оған басты себеп – отағасының аттан құлап, мертігіп, жұмысқа шыға алмай қалғаны. Яғни күнкөріс үшін осы кәсіпті жүргізіп, табыс табуға бел байлаған.

«Сабынды дайындауға өзіміздің саумал, сүт, қатығымыз, көкөнісіміз, Теке­лінің балы қолданылады. Ал қажетті кокос майын Қытайдан алғызамын. Кәсіпті кеңейтуге мемлекет тарапынан берілетін грантқа талпынып көруге ниеттімін. Қазір отбасым барынша қолдау көрсетіп отыр. Екі балам мен келінім өнімді қорапқа салып қаптауға, әлеуметтік желілер арқылы тауар өткізу ісін ілгерілетуге жәрдемін тигізеді», дейді Н.Ердәулетқызы. 

Оның айтуынша, кішкене балалар үшін сабын жүрек, гүл, мысық және басқа да қызықты әрі тартымды формаларға құйы­лып дайындалады. Мұндай сабынмен нәрестелерді шомылдырса, ешқандай аллергия болмайды. Ересектер қолданса, беттің терісін жұмсартады, жаңа түскен әжімдерді, майлы беттің бөріткендерін, қара дақтарды кетіруге көмектеседі. Яғни кі­ші­гірім косметикалық өнім деуге болады.

Сабынның бағасы көлемі мен құрамына қарай 500 теңгеден басталады. Дегенмен кәсіпкер «беттегі дақтарды медициналық жағынан тексертуді ұмытпау керек» дейді. Себебі ол адамның ішкі ағзаларының сырқаты салдарынан ба, әлде сыртқы әсер­­лерден бе, алдымен соны анықтап алған жөн. Осы ретте дәрігер Ләззат Жұбанованың пікірін ортаға салғанды жөн санап отырмыз.

«Бие сүті А, С, В1 дәрумендеріне бай. Оның минералдық қасиеттері 12 сағатқа дейін жойылмайды. Қысқасы, бие сүтінде адамның денсаулығына керекті барлық витамин бар. Әсіресе А және С витаминдеріне бай. Сонымен қатар В тобындағы Д, Е, F витаминдері болады. В тобына жататын барлық витамин организмнің қалыпты тіршілік етуі үшін қажет. Сондай-ақ саумал асқазан жарасын емдеуге, бауыр, иммундық жүйе жұмысының бұзылуына, туберкулез, ішек, тері ауруларын емдеуге қосымша ретінде пайдаланылады», дейді Л.Жұбанова.

Мамандар бие сүті өзінің құрамы жағынан ана сүтіне жақын екенін айтады. Осы ерекшелік жағынан әрі іс-тәжірибе тұрғысында пайдалану үшін зор мәнге ие. Демек күнделікті шайға қосып ішетін сиыр сүтіне қарағанда жеңіл қорытылып, тез сіңірілетін бие сүті әлдеқайда пайдалы. Бүгінге дейін апа-аталарымыз неме­релеріне саумал беріп, тіпті өздері ас қорыту үшін жиі ішіп тұрады. Бие сүтінің шипалы қасиеті – оның көптеген аурудың алдын алудан бөлек, денсаулыққа керек барлық дәруменді беруінде болып тұр. Осы күні бие сүтінен түрлі өнім дайындап, кәсіпке айналдырып жүргендер жетерлік. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де ауылда жатып-ақ ісін дөңгелетіп отыр.

«Өзім осы сабынды тұрақты қолда­намын. Сырт көзге нәтижесі өз тәжіри­бемнен айқын көрініп тұр десем де болады. Бұл табиғи таза сабынды алуға Жетісу облысының жақын аудандарымен қатар, Алматыдан да тапсырыстар түсіп жатыр. Бұл ертеден бергі ата-бабаларымыздың сүттен, балдан, шөптерден дайындайтын пайдалы заттарына деген көпшіліктің қызығушылығы әлі күнге зор екенін білдіреді», дейді кәсіпкер.

Қазір саумал сабынды тұтынушы­лардың саны артып келеді. Республи­камыздың түкпір-түкпірінен тапсырыс беріп жатқандар да бар. Бет терісінің күтіміне пайдалы табиғи өнімді әсіресе қыз-келіншектер жиі сұрайды. Мұны 15 жылдық тәжірибесі бар педагог, химик-биолог Зарина Абузярова да растап отыр. Қазір ол Жетісу облысы Алакөл ауда­нындағы «Лепсі өнімдері» ЖШС-да да­йын­даушы технолог болып жұмыс істеп, табиғи сабын мен басқа да косметика түрлерін өндіруге өз үлесін қосып келеді.

Осы ретте ойымызға бір аңыз-әңгіме оралып отыр. Ертеде патшаның тал бойында бір міні жоқ қызы болыпты. Оны көрген адам ғашықтықтан естен танады екен. Ханшайымның сұлулығы сондай, пат­шалықтағы бойжеткендер қызыға қарайды. Әйтсе де, оның әдемілігінің ел біл­мейтін бір сыры бар еді. Ол – арудың ұйқыға жатар алдында бие сүтіне шомылатыны. Бүгінде ғалымдар бұл туралы тіпті нақты деректер де келтіріп жүр. Халық әпсанасын ақиқатқа айналдырған кәсіп иесінің еңбегін заманға сай үрдіс деп алып қарасақ та болатындай. Қазіргі қазақтың арулары бие сүтіне шомыла алмаса да, саумалдан жасалған таза өнімді игілігіне пайдалана алады.

Еске сала кетейік, «Лепсі өнімдері» ЖШС косметикалық сабын, сусабын, шашқа арналған бальзам, ванна тұзы, жалпы саны 11 түрлі өнім шығарады. Бұл ретте органикалық бал, саумал, жергілікті дәрілік шөптер, оған қоса Алакөлдің шун­гиті мен Жалаңашкөлдің топырағы – бәрі де табиғи таза өнім дайындауда таптырмас материал болып отыр. Кәсіпорын жыл басынан бері 10 мың дана сабын шығарған. Өнімдері жергілікті және аста­налық сауда орындарында сатылады.

Сабын әзірлеуші шеберлер бұл жақсы бизнес қана емес, көне дәстүрді жаңғырту, бабалар қолданған тәжірибені тарату деп ұғады. Ежелгі дәстүрдің жаңа заманға сай икемделуі екенін де айтуда.

 

Жетісу облысы