• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қараша, 2022

Оңтүстікке астық жеткізудің машақаты

186 рет
көрсетілді

Шымкенттік ұн тартушылар еліміздің солтүстігінен астық тасымалдау мәселесіне қатысты дабыл қақты. Кәсіпкерлердің айтуынша, «Қазақстан темір жолы» компаниясы жүктерді баяу жеткізеді, вагондар жетіспейді, маневрлік локомотивтер тапшы және жүк тасымалының тарифтері қымбат.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықта­рын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Шымкент қаласында бизнес өкілдерімен аталған мәселеге орай жиын өт­кіз­ді. Кеңеске жүк тасымалдаушылар, тар­мақ иелері және көлік прокуратурасы, көлік­тік бақылау инс­пекциясы, ҚТЖ жүк тасымал­дарының өкілдері қатысты.

Ұн тарту кәсіпорындары және басқа да вагонға мұқтаж кәсіпкерлер еліміздің жүк вагон паркі операторы – «Қазтеміртранс» АҚ-ның жұмысына көңілі толмайды. Олар­дың айтуынша, кәсіпорындар өтінімдерді уақтылы береді, алайда «Қазтеміртранс» АҚ стратегиялық маңызды өнімдерге арналған астық тасығыштарды ұсынбай жатыр.

«Бүгінгі таңда біз, оңтүстіктің ұн тартушылары, зауыттарымызды астықпен то­лық қамтамасыз ете алмай отырмыз. «Қаз­темір­транстан» астық таситын көліктер туралы қандай да бір дерек берілмейді. Ва­гон­дар қанша, нешеуі келеді деген сұрақ­­тың жауабын таппай дал болдық. Біз­дің кәсіпорындардың жұмысы осы вагон­дар­ға байланысты. Елдің солтүстігінен әке­­лінетін астықтың кешігуіне байланысты жыл­жымалы құрамды алу үшін дәл сол «Қазтеміртранстан» астық таситын вагондарды жалға алатын және тарифі қымбатырақ «Астық транс» жеке компаниясына жүгінуге мәжбүрміз. Мәселе шешілмесе, амал жоқ, жұмысты мүлдем тоқтатып, қызметкерлерді мерзімсіз демалысқа жібереміз», дейді ұн тарту кәсіпорындарының басшылары.

Кәсіпкерлердің болжамы бойынша, КТТ астық тасымалдаушылары қазір экспорт бағытқа қарқынды жұмыс істейді. Өйткені вагондарды республикаішілік бағыттан гөрі сыртта жүргізген тиімдірек көрінеді.

«Шымкент пен Түркістан облысында бүгінде 25-ке жуық диірмен тұрақты жұмыс істеп тұр. Олар тәулігіне 4,5-5 мың тонна астық өңдейді. Біз елдің жеті өңірін толығымен ұнмен қамтамасыз етеміз. Яғни 6-7 млн адамды асырап отырмыз. Тек солтүстік өңірлердің бидайын өңдейміз. Ал астықты диірменге тек темір жолмен ғана жеткіземіз. Біздің тұрақты жұмыс істеуіміз елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Неліктен бізді елдегі астық таситын жалғыз компаниямен жұмыс істеуге мәжбүр етеді? Сонда бізге таңдау жоқ па?», деп налиды кәсіпкерлер.

Бизнес өкілдерінің мәлімдеуінше, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» басшылығымен қандай да бір мәмілеге келу мүмкін емес. Бірнеше жылдан бері олар жүктерді жедел жеткізуге уәде беріп келеді. Тіпті қажет болған жағ­дайда қатаң шаралар қабылдаймыз деп те айтыпты. Алайда берілген серт әлі күн­ге дейін монополист тарапынан орындал­май отыр. Оның үстіне «ҚТЖ» АҚ құры­лымдық бөлімшелерінің әрекеті де түсініксіз. ҚТЖ-дан да, КТТ-дан да, елдің бас тасымалдаушысының өзге де еншілес кәсіпорындарынан да мардымды жауап ала алмай жүргендерін жеткізді ұн тартушылар.

Кеңес қорытындысында осы мәселеге қатысты кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл былай деді: «Өкінішке қарай, бұл мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ. Бұл жылдар бойы қордаланып келген өзекті проблема болып тұр. Түптеп келгенде, ҚТЖ-ның жүктерді жеткізу қарқыны 3-4 есеге баяулап кеткені рас. Оның бірнеше себебі бар секілді. Солардың бастыларына тоқталсам, бұл локомотивтің болмауы және тасымалды дұрыс ұйымдастырмау салдары. Осы ең негізгі екі мәселе шұғыл түрде шешілуге тиіс. Астанаға оралғаннан кейін біз бірден кеңес өткіземіз, онда ҚТЖ-ның, Монополияға қарсы агенттіктің, Индустрия және сауда министрлігінің басшылығымен ақылдасамыз. Бұл өзекті проблема биылдан қалмай қалайда өз шешімін табуға тиіс. Өйтпеген жағдайда Мемлекет басшысының тікелей өзіне шығуымызға тура келеді», деді ол.

 

ШЫМКЕНТ