Су ресурстары мәселесі дүние жүзінде өзекті проблемаға айналып отыр. Бұл ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 4 қарашасында Үкіметке Су ресурстары комитетінің (СРК) және оның бағынысты ұйымдары мен ғылыми институттарының әлеуетін күшейтуге қатысты тапсырма берген еді. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің аталған комитет құзырынан «ішкі су саясаты» функциясын ведомствоның орталық аппаратындағы Трансшекаралық өзендер департаментінің құзырына беруді көздеп отыр деген ақпарат бар.
Бүгінгі таңда гидротехникалық құрылыстарды пайдалану мен құрылысын салуды «Қазсушар» РММ жүзеге асырады. Бұдан былай трансшекаралық өзендер мәселесімен қоса ішкі су саясатымен де ТӨД айналысатын болса, онда СРК-ның не қажеті бар? Бұл әлеуеті онсыз да төмен СРК-ны жойғанмен бірдей. Су шаруашылығы экономиканың маңызды саласы, ал осындай саланың бағыттарын бөлшектеп әртүрлі құрылымдық бөлімдерге беру, қойылған міндеттердің сапалы орындалуына кері әсерін тигізері анық. Трансшекаралық өзендер мәселесінде бұл анық көрініс беруде.
Президент СРК әлеуетін күшейтіңдер деп тапсырма береді, ал уәкілетті орган оны әлсірету керек деп ұсыныс жасайды, бұл сонда Президенттің тапсырмасын керісінше орындау ма? Сонымен қатар Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын Су ресурстары және су шаруашылығы проблемалары бойынша Ғылыми орталық етіп құрып және оған ғылыми-зерттеу, барлау, жобалау жұмыстарын мемлекеттік тапсырма ретінде орындауына басымдық бермек.
ҚСШҒЗИ «сумен қамтамасыз етуді жақсарту», «су үнемдеудің инновациялық жолдарын қарастыру» бағыттары бойынша еліміздегі бірегей институт екенінде ешкімнің таласы жоқ. Жоғары білікті, тәжірибелі мамандары да жетерлік. Алайда ҚСШҒЗИ «су ресурстары мен оның режімін», «сапасын бағалап-болжамдау», «су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғау», «гидротехникалық құрылыстарды жобалау» бағытындағы жұмыстармен бұрын айналыспаған және білікті сарапшылары да жоқ. Бұрын айналыспаған, практикалық тәжірибесі жеткіліксіз бағытта зерттеу, жобалау жұмыстарын сапалы орындауы күмән тудырады. Біз «Еуразия су орталығы» ғылыми-өндірістік бірлестігі» АҚ-ны құрудағы сәтсіздіктің себеп-салдарын ұмытпауымыз керек.
Сондай-ақ ғылыми-зерттеу, барлау, жобалау жұмыстарын мемлекеттік тапсырма ретінде бір орталыққа беру біріншіден, 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының негізгі қағидаттарына, «Әртараптандырылған және инновациялық экономика құру» 8-жалпыұлттық басымдылығының «Саламатты бәсекелес ортаны қамтамасыз ету» 4-міндетіне қайшы. Екіншіден, мұндай тәсіл көпжылғы тәжірибенің негізінде қалыптасқан ғылыми бағыттардың тоқырауына және ғалымдар ортасының әлсіреуіне әкеліп соғуы бек мүмкін. Кезінде осындай сорақы шешімдердің кесірінен су басқаруда орны ерекше Қазақ гидрометеорологиялық ғылыми-зерттеу институтын жоғалттық. Оның салдары жалғыз гидрометеорология емес, жалпы су басқару саласының тоқырауына әкеліп соғып отыр, бұл бізге ащы сабақ болуға тиіс. Бүгінгі таңда ең басты мәселе – саладағы жүйелік қателіктерді жоюға бағытталған міндеттерді шешу.
1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын іске асыру мақсатында Үкіметтің 2002 жылғы 21 қаңтардағы №71 қаулысымен «Қазақстан Республикасы экономикасының су секторын дамытудың және су шаруашылығы саясатының 2010 жылға дейінгі Тұжырымдамасы» мақұлданды. Бұл құжатта мемлекеттік су шаруашылығы саясатының таяудағы мақсаты ретінде су ресурстары мен суды пайдалануды басқарудың жүйесiн жетiлдiру керектігі айқындалған. Негiзгi мiндеттер ретінде: су ресурстарын ұтымды әрi кешендi пайдалану; су ресурстарын басқару функцияларын шаруашылық пайдалану функцияларынан ажырату қажет деп көрсетілген.
Тұжырымдама-2010 қабылданғаннан кейін қысқа мерзімде су ресурстары бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қисынды болатын. Алайда су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы арада 12 жыл өткенде, яғни 2014 жылы ғана қабылданды.
Бұған дейін 2009 жылы Қазақстан Республикасының су ресурстарын бірігіп басқару (СРББ) және су пайдаланудың тиімділігін арттырудың 2009-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспары әзірленіп, Үкіметтің қаулысымен мақұлданды. Одан әрі Президент қаулысының жобасы әзірленіп, СРББ бекіту үшін Президент Әкімшілігіне ұсынылған. Алайда мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі кезекті реформаларға байланысты Ұлттық жоспар қабылданбай қалды. Бірақ Президент Әкімшілігі Үкіметке Ұлттық жоспарда көзделген СРББ қағидаттарын су ресурстарын басқару бойынша болашақта әзірленетін мемлекеттік бағдарлама аясында қарастыруды тапсырды.
Президенттің 2014 жылғы 4 сәуірдегі №786 Жарлығымен 2014-2020 жылдарға арналған «Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бағдарламаның негізгі мақсаты «Су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру арқылы Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету» болып белгіленді. Жүзеге асырылуға тиіс негізгі міндеттердің бірі ретінде «су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру» және «сулы-экологиялық жүйелердің сақталуын қамтамасыз ету» болып айқындалды. Бірақ су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органның функциялары Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына кезекті рет берілуіне байланысты Президенттің 2017 жылғы 14 ақпандағы №420 Жарлығымен 2017-2021 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың» жаңа мемлекеттік бағдарламасы (Агроөнеркәсіптік бағдарлама) қабылданды.
Агроөнеркәсіптік бағдарламаның негізгі мақсаты ретінде нарықтарда сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен өнімін өндіруді қамтамасыз ету болып белгіленді. Су ресурстарына қатысты шешуге тиіс міндет ретінде су ресурстарын тиімді пайдалану (басқару емес) айқындалды.
Бұл жерде Үкіметтің міндеттері (мүдделері) қарама-қарсы екі үлкен саланы бір бағдарлама аясында дамытамыз деуі үлкен қателік. Өйткені Агроөнеркәсіптік бағдарламада су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру (жетілдіру), экологиялық жүйелердің сақталуын қамтамасыз ету мәселелері мүлдем қамтылмаған. Осының салдарынан елімізде суды үнемді пайдалану проблемаларының күрделеніп кеткенін көріп отырмыз.
Ауыл шаруашылығы мұқтаждығына алынатын су көлемі жылына 11,7-11,9 млрд текше метрден төмендемей отыр. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі де мәз емес. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, 2009-2021 жылдар аралығында жаңбырлатып суару технологиясы қолданылатын егістік ауданы 44,2 мыңнан 176,2 мың га дейін ұлғайған. Алайда мәліметтерді облыстарға жіктеп талдасақ, суармалы егіншіліктің негізгі бөлігі орналасқан және су тапшы оңтүстік өңірлерде оның өсімі өте баяу екенін көреміз. Мысалы, жаңбырлатып суару әдісі қолданылатын егістік аудандары туралы 2018 және 2019 жылдардың мәліметтерін салыстырсақ, Ақмола облысында 20,9 мыңнан 24,1 мың га, Қарағанды облысында 19,3 мыңнан 22,5 мың га, Павлодар облысында 46,3 мыңнан 76,35 мың га, Алматы облысында 5,6 мыңнан 6,6 мың га, Түркістан облысында 500-ден 559 гектарға ұлғайған. Жамбыл облысында керісінше 6,3 мыңнан 6,2 мың гектарға төмендеген. Бұдан жаңбырлатып суарылатын егістік ауданының өсу динамикасы негізінен су ресурстары мол шығыс және су пайдалану көлемі аз орталық және солтүстік өңірлердің есебінен екенін аңғарамыз. Яғни су тапшы оңтүстік өңірлерде су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесінің назардан тыс қалғанын байқаймыз.
Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы №731 қаулысымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Алайда ұлттық жоба аясында да Агроөнеркәсіптік бағдарламадағыдай су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру (жетілдіру) міндетін шешу көзделмеген.
Су ресурстарына қатысты әзірленген ең сапалы құжат ретінде Тұжырымдама-2010 бағдарламасын атап өтуге болады. Өкінішке қарай, уәкілетті органдағы стратегиялық бағдарламаларды әзірлеуге жауапты тұлғалардың біліктілігінің жетпеуінен онда көзделген су ресурстары мен суды пайдалануды басқарудың жүйесiн жетiлдiру, су ресурстарын басқару функцияларын шаруашылық пайдалану функцияларынан ажырату сияқты міндеттерді шешу, сондай-ақ СРББ Ұлттық жоспарында қарастырылған қағидаттардың ешбірі ескерілмеді.
Сонымен қатар бүгінгі таңда СРК өзінің функциясына жатпайтын міндеттерді, суармалы егіншілікті дамыту, оның ішінде мелиоративті жүйелердің құрылысын салу мен қайта құру және су үнемдеу технологияларын енгізумен айналысуда. Осының салдарынан су ресурстарын басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыра алмай отырмыз.
Сондай-ақ түбегейлі жаңа көзқарасты талап ететін өзекті мәселе – су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау схемасын (СРКПҚС) әзірлеудің бүгінгі заманға сай еместігі. СРКПҚС әзірлеуге бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді және Су кодексіне сәйкес оны бес жыл сайын жаңартып отырады. Ең сорақысы, СРКПҚС-тың ұсыныстарын ешкім орындамайды және СРК оның орындалуын талап етпейді. Осыған байланысты архивте шаң басып жататын СРКПҚС қажеттілігі қанша деген заңды сұрақ туындайды.
Су ресурстары саласының жүйелік проблемаларын шешу үшін бірінші кезекте төмендегідей реформаларды жүргізу қажет деп санаймын.
Біріншіден, Тұжырымдама-2010 ұсынылған су ресурстарын ұтымды әрi кешендi пайдалану; су ресурстарын басқару функцияларын шаруашылық пайдалану функцияларынан ажырату міндетін жүзеге асыру. Бұл бізге гидрологиялық жағдайлары ұқсас және су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру арқылы су қауіпсіздігі мәселесін оң шешіп отырған Аустралия, Испания және т.б. мемлекеттердің жетістіктеріне жетуге мүмкіндік береді.
Су ресурстарын басқару процесіне СРК-мен қатар, экология саласының, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың және агробірлестіктер мен шағын шаруа қожалықтары өкілдері қатысып, әрқайсысының міндеттері мен жауапкершіліктері айқындалған белгілі бір құжат түрінде рәсімделуге тиіс.
СРК су қоймалары мен магистралды каналдарды, оның ішінде трансшекаралық су нысандарын және негізгі су тораптарын басқару, пайдалану және әрбір су шаруашылық учаскесінде қажетті су көлемін лимитке сай берілуін, су заңнамаларының сақталуын бақылаумен айналасуы керек.
Шаруашылық және шаруашылықаралық каналдарда суды бөлу, су үнемдеу технологиялары мен суды автоматты есептеу жүйелерін енгізу, суармалы егістік аудандарын ұлғайту міндеттерін шешу Ауыл шаруашылығы министрлігінің, жергілікті атқарушы органдар мен агробірлестіктер мен шаруа қожалықтарының құзырында болуы керек.
Екіншіден, кеңес өкіметі тұсындағы жоспарлы экономикаға негізделген СРКПҚС бүгінгі талапқа, нарықтық экономика жағдайына сай келмейді. Тұрақты дамуды таңдасақ, дамыған мемлекеттер сияқты су басқарудың Ұлттық және бассейндік іс-әрекеттерінің жоспарын әзірлеуге көшу керек.
Бүгінгі таңда су шаруашылығы саласының тізгінін ұстап отырған басшылар жүйелік проблемаларды шешуге бағытталған түбегейлі реформаларды жүзеге асыруға асығуы керек деп санаймын.
Мүсілім ЖИЕНБАЕВ,
су шаруашылығы маманы