МӘМС жүйесін енгізу балалар денсаулығын сақтауға және емдеуге көбірек қаражат бөлуге мүмкіндік берді. Бір бала үшін жұмсалатын денсаулық сақтау жүйесінің шығындары 22%-ға өсті. Жуырда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында балаларға медициналық көмекке қанша қаражат жұмсалғаны туралы есеп берілді.
Аталған қор қазақстандық балалар МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылғанын еске салды. Олар үшін жарналарды ЖСН алған сәттен бастап кәмелетке толғанға дейін мемлекет төлейді. Бұл балаларға ТМККК аясында ғана емес, МӘМС пакетіне кіретін медициналық көмекті де алуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында хабарлағандай, емханаларға тіркелген балалар саны жыл сайын артып келеді. 2020 жылы туғаннан бастап 17 жасқа дейінгі 6 млн 290 мыңға жуық, 2021 жылы 6 млн 467 мыңнан астам, ал 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 6 млн 568 мыңнан астам бала тіркелген.
«Былтыр балаларға ТМККК және МӘМС аясында жалпы 350 млрд теңгеге медициналық көмек көрсетілді. Биыл 33 %-ға өсім күтілуде. 2022 жылдың 9 айында 324 млрд теңгеге медициналық қызметтер көрсетілді», делінген қор ақпаратында.
Шығыстардың негізгі үлесін амбулаториялық-емханалық көмек (53%) құрайды. Биылғы жылдың 9 айында оған 232 млрд теңге жұмсалды. Осы кезеңде балалар тәулік бойғы стационарларда 300 мың жағдайда 70 млрд теңгеге жуық, күндізгі стационарларда 39 мың жағдайда 3 млрд теңгеге жуық қаражатқа емделді. Бұдан басқа, ауылдық стационарларда 15 млрд теңгеден астам сомаға 120 мыңға жуық бала ем алды. 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге 768 жағдай бойынша шамамен 3,4 млрд теңге бөлінді.
МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық оңалту сынды маңызды бағыт қарқынды дамып келеді. Балалар көрсеткіштері бойынша оңалтуға тегін жіберіледі. Аталған кезеңде тәулік бойғы және күндізгі стационарлар жағдайында 70 мыңға жуық бала 12,6 млрд теңгеден астам қаражатқа емделді.
Сондай-ақ аурулардың алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Аталған кезеңде балаларды профилактикалық тексеруге шамамен 30 млрд теңге бағытталды. 9 айдың қорытындысы бойынша мектеп медицинасы қызметтері үшін 20 млрд теңге төленді, күндізгі стационар жағдайында бағдарламалық гемодиализ қызметтері 13 млрд теңгеден астам сомаға көрсетілді. Балаларды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 5 млрд теңге бөлінді.
«МӘМС жүйесі халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін стоматологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік беретіні белгілі. Талдау көрсеткендей, МӘМС бойынша стоматологиялық көмектің негізгі тұтынушылары – балалар. 2022 жылдың 9 айында 25,1 млрд теңгеге 8,8 млн-ға жуық стоматологиялық қызмет көрсетілді», деп мәлімдеді қор өкілдері.
Жалпы алғанда, 1 балаға арналған шығыстар 2021 жылғы 54,1 мың теңгеден 2022 жылы 65,8 мың теңгеге дейін ұлғайды.