• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 22 Қараша, 2022

Газ тапшылығы неден туындады?

744 рет
көрсетілді

Атырау облысында газ жеткізетін 30 кәсіпорынның 96 автогаз құю стансасы жұмыс істейді. Осы кезге дейін Атырау мұнай өңдеу зауытынан облыс тұтынушылары үшін 5 744 тонна газ жеткізіліп келген.

Алайда, қазір аталған зауыт­та жоспарлы жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Соған байланысты газ жет­кізу көлемі 35 пайызға қыс­қарып, 3 785,161 тоннаны құраған. «Атырау мұ­най өңдеу зауыты» ЖШС-ның мәліметінше, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүр­гізу кезінде аталған зауыт­тан тәулігіне 90 тонна газ жет­кізілсе, 6 қарашадан бері бұл көрсеткіш – 60 тон­на. Бұл автогаз құю стан­са­ла­рындағы газ тапшылығы қа­лыптасуының бірден-бір себебіне айналды. Енді зауытта 19-25 қараша аралы­ғын­да болжамды газ өндірісі тәулігіне 800 тоннаны құрай­тын болады.

Кәсіпорынның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қа­рағанда, өнім өндіруге қа­тыс­ты өндірістік бағдарлама ай сайын жасақталады. Зауытта жүргізіліп жатқан жоспарлы алдын алу, жөндеу жұмыстары ескеріле отырып жасақталған өндірістік бағдарлама бар. Соған сәйкес, 1-8 қараша аралығындағы сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 427 тоннаны құраған. Ал 9 қарашадағы көрсеткіш бойынша 640 тон­на сұйытылған мұнай газы өндіріліп, тұтынушыға жө­нел­тілген. Бұл – жоспар­лан­­­ған көрсеткіштен 212 тон­наға артық.

«Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемін арттыру жөндеу жұмыстары кезінде облыста газ дефи­ци­тін болдырмау үшін жа­сал­ған. Бұған қосымша облысты сұйытылған мұнай га­зымен қамтамасыз ету үшін 9 қарашадан бастап «ПХСНГ» ЖШС-да қазан айы­нан бері зауыттың тех­никалық қажеттіліктері үшін сақтаулы тұрған 270 тонна СМГ жөнелтіле бастады. Қазан-қараша айына жос­парланған газ өндіру кө­лемі жөнінде «АМӨЗ» ЖШС жөндеу жұмыстары бас­тал­мас бұрын Энергетика ми­нистрлігі мен Атырау қа­ла­сының әкімдігіне ресми түрде хабарлады», деп ақ­парат таратты зауыттың бас­па­сөз қызметі.

Әрине, автогаз тап­шы­лы­ғы жергілікті әкімдік пен Энергетика министрлігінің назарынан тыс қалған жоқ. Олар Атырау облысының тұтынушыларына газ жет­кі­зуді тұрақтандыру үшін ұйымдастыру жұмысын жүр­гізуді қолға алды. Мәсе­лен көршілес Ақтөбе облы­сын­дағы «Gas Processing» компаниясынан 400 тонна, «Қазақойл Ақтөбе» компаниясынан 700 тонна газ жеткізу жоспарланып отыр. Энергетика министрлігі Аты­рау және Батыс Қазақ­стан облыстарын автогазбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін сұйытылған мұнай газының қосымша көлемін бөлу бо­йынша жұмыс жүргізуді қолға алды.

«Атырау облысына қара­ша айына «Қазақойл – Ақтөбе» ЖШС, «Gas Pro­ces­sing Company» ЖШС мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қосымша 2 108 тонна бөлді. Оның ішінде 16 қара­ша­да 521 тоннасы жет­кізілді. Батыс Қазақстан об­лысына қараша айына «СНПС-Ақ­төбемұнайгаз» АҚ-дан қо­сымша 504 тонна бөлінді. Орал қаласында орналасқан «Жайықмұнай» ЖШС-мен күн сайын айырбастау не­гізінде кемінде 60 тонна сұйытылыған мұнай газын тиеп-жөнелте отырып, қо­сымша 400 тонна бөлу ту­ралы уағдаластыққа қол жет­кі­зілді. Бұл Атырау мұнай өңдеу зауыты толық жұмыс режіміне шыққаннан кейін өтелетін болады», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Энергетика министрлігі «Теңізшевройл» ЖШС басшыларымен Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына 1 600 тоннадан қосымша сұйытылған мұнай газын бөлу туралы келісім жасады. Қазір сұйытылған мұнай газын өткізуші субъек­тілер Энергетика ми­нистр­лігі бөлген газ көлеміне жо­ғарыда аталған зауыттар­мен келісімшарт жасап жатыр.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ақпаратына сәйкес, Аты­рау мұнай өңдеу зауы­тын­да ағымдағы жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізу үшін 7-14 қараша аралығында сұйы­тылған мұнай газын сақ­тау паркіне айдауды тоқта­­тылған. Бұл зауыт толық жұ­мыс режіміне 28 қарашада шығатыны жоспарланып отыр. Алайда 23 қарашадан бас­тап қондырғыларды ке­зең-кезеңімен іске қосу жөнінде қабылданған шара­лар тәулігіне 600 тонна сұйытылған мұнай газын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өнім сұйытылған мұнай газының жетіспеушілігін болдырмауға бағытталады.

 

Атырау облысы