Павлодар облысында 1 200 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Жоба сегіз ай ішінде жүзеге асырылып, заманға сай технологиялармен жарақталды. Мұнда күніне 30 мың литр сүт сауылмақ.
«AgroTrade PV» ЖШС-ның жаңа тауарлы сүт фермасы Павлодар ауданындағы Ольгино ауылында орналасқан. Фермерлік шаруашылық директоры Қуаныш Темірғалиннің айтуынша, мұнда күніне 30 мың литрге дейін сүт өндіру жоспарланып отыр. Ал кәсіпорын толық қуаттылық деңгейіне шыққан кезде жылына 10 мың тонна сүт сауылмақ.
Ферма кешенінде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды, қызметкерлердің негізгі бөлігін жергілікті тұрғындар құрап отыр. Мұнда сүт шаруашылығынан бөлек картоп, дәнді дақылдар мен мал азығы өсіріледі. 1 700 гектар суармалы алқаптар шаруашылықта ұсталатын түлікке қажет жем-шөпті өсіруге жеткілікті.
– Қазір бізде Даниядан әкелінген гольштин-фриз тұқымды 476 бас ірі қара бар. Тағы да қосымша 1 200 бас сиыр сатып алу жоспарланды. Жоба мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылды. 40 сиырға шақталған сауын блогы орнатылды. Өндірістің автоматтандырылған процесі және сүт бағытындағы асыл тұқымды сиырлардың болуы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуімізге мүмкіндік береді, – деді Қуаныш Темірғалин.
Бұл ферманың нәтижесінде өңірдегі сүт өндірісі қосымша 10 мың тоннаға ұлғайып, жергілікті нарықты сүт өнімдерімен қамту көрсеткіші өседі. Павлодар облысында соңғы үш жылдың ішінде 14 тауарлы сүт фермасы ашылған. Алдағы үш жылда 100-ден астам инвестициялық жобаны қаржыландыру көзделіп отыр.
– Мал шаруашылығы, соның ішінде сүт шаруашылығын дамытуға бүгінде көп көңіл бөлінуде. Өзіміздің ағарғанмен жергілікті нарықты барынша қамтып, импорттық өнімдерді шектеу мәселесін Мемлекет басшысы міндет етті. Сол үдеден көрінудің бір көрінісі – бүгін ашылып отырған тауарлы сүт фермасы. Алдағы екі жылда өңірде тағы осындай 8 ферма салынады деген жоспар бар. Нәтижесінде сүт бағытындағы асыл тұқымды сиырлар саны 6 мың басқа ұлғайып, сүт өндіру 43 мың тоннаға жетпек. Ауыл шаруашылығы саласындағы қарқынды дамуға Ертіс өзенінің жақын орналасуы да үлкен себеп болуда. Өзен суын пайдаланып, суармалы жерлердің санын арттыруға үлкен қадамдар жасалуда. Қазіргі күні суармалы алқаптар 142 мың гектарға жетті, – деп атап өтті облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Кейінгі үш жылда облыстағы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі 4,5 есеге артқан. Ал 2020 жылдан бері салада шығарылған өнімнің жалпы көлемі 1,8 есеге өсті. Қазіргі уақытта аймақта жалпы саны 37 тауарлы сүт фермасы жұмыс істеп тұр.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы