Тоқтаусыз іздеу мен шарқ ұра арпалыс үстіндегі өмір кісіге ләззат сыйлады. Өйткені жан құмары – білу. Ізденіс үстінде санада жарқ еткен иір-қиыр бұтақтар көлеңкесін өзіңізбен бөлісіп отыруды құп көрдік, қадірлі оқырман.
Ар мен ұят
Эрих Распенің «Мүнхаузеннің басынан кешкен хикаясы» атты кітабында қойманы түк қалдырмай ұрлаған Мүнхаузен қуғыншыларға жеткізбей, теңіз арқылы қашып үлгереді. Алайда жағаға жеткен соң ішінен бір дауыс: «Әй, сұмырай Мүнхаузен! Бұл ісің адамдыққа жата ма? Ертең ел білсе, не дейді? «Досының асын ішіп, аяғын теуіп кетті» деп бетіңе түкірмей ме?», дейді. Әрі қарай шығармада: «Бұл кім ей?» деп, басымды ішіме тығып жіберіп қарасам, ар-ұятым екен. Ақ шапан жамылып алған. Жүзіне қарай алмай имене бердім. Ол бетің бар, жүзің бар демей сойып салды. Бәрінен ауыры ардың жазасы екен» деген жолдар бар. Шынында, ар жазасы – ауыр жаза. Шекспирдің бір кейіпкері: «Өз жанымнан қорқамын, оған ешбір жарлықтың себі тимейді» дейді. Шекспирдің «III Ричард» пьесасында корольдің інісі герцог Кларнесті өлтіруге келген жендеттердің бірі: «Ар-ұятта қатер бар. Ар-ұят адамды қорқақтыққа душар етеді: ұрлық істейін десең, сол ар-ұятың кеп ара түседі. Өтірік ант ішейін десең де баяғы сол ар-ұятың барғызбайды. Бұл ар-ұят, опа деген оңбаған бар ма, жаныңды өзіңмен жауықтырып, келген ойға кедергіні салады да отырады. Бір жолы мен ар-ұятқа ерем деп, жол үстінен табылған әмиянды иесіне қайтарып бергем; ар билеген адам – ит қор болады, залалкес жексұрын атанып, қаладан қалаға қуылады; тыныш өмір сүрсем дегеннің күллісі алдымен сол ар-ұяттан ажырауға міндетті», дейді.
Ар мен ұяты жоғалған адам өзін басқарудан қалып, оны санасы басқара бастайды. Ал сана қашанда қиратқыш күшке ие. Қиратқыш азапты ойлар мен арзан ниеттер жауапкершілік атты ұстынды мертіктіреді. Ал әлдебір философ айтқандай, жауапкершілік жоғалған соң өмірде адам үшін маңызды ешнәрсе қалмайды.
Толстой «Арылуда» неше жылғы ережесіз өмірден соң, өзін-өзі бақылап, үздіксіз жетілудің арқасында ар-ұяты ояна бастағанын жазады. Оянған ар-ұяты өткен өміріндегі жасаған істерін алдына әкеліп, азап шектіреді. Ақыры дана бала мынадай шешімге келеді: «Адамның өмірдегі міндеті – өз жанын құтқару; ал жанын құтқару үшін Құдай жолымен өмір сүру керек, Құдай жолымен өмір сүру үшін тірліктің барлық алдамшы қызығынан бас тартып еңбек етуі, мойынсұнуы, шыдамды және қайырымды болуы қажет». «Өмірде екі жол бар. Іздену арқылы өз ақылымен ақиқатқа жетіп, соны тұту. Екіншісі – өзге адамдардың тапқан ақиқатының көлеңкесінде өмір сүру».
Сократ сөзі
«Әрбір адамда күн бар. Тек оған жарқырауға мүмкіндік беру керек», деді Сократ. Шынында, әр адам шырағдан іспетті, тек ішкі құбырлар уақыт өте келе шылау басып, жарық жолы жабыла бастайды. Адам баласы бозбала шағында өз болмысынан ұялмайтын, пікірін емін-еркін жеткізетін батыл, жанып тұрған күн секілді жарық болатыны содан. Себебі жан дүниесіне, санасына әртүрлі кедергілер қойылмаған еді. Уақыт өте келе қоғам мен адамдар еркін, таза жүрекке жалған ұғымдар мен моральдарды сіңіре бастайды. Данышпан Толстой ең алғашқы жүрегіңде бүршік атқан ізгілікке сенуге шақырады. «Алғаш рет жүрегіңде бүршік атып, тамыр жайған қасиетті де, парасатты ізгілікке сен. Әлдекім мысқылдай күліп, «шырағым, өмірдің бұл сұрағына біз де жауап іздеп, шарқ ұрғанбыз, бірақ таппағанбыз, содан кейін өзгелерге ұқсап тулап-тулап қойғанбыз» десе, оған әсте сене көрме. «Сенің бұл ниетің жастық шақтың орындалмайтын арманы ғана, бәріміз де арман қылдық, қол создық, сөйтсек өмірдің өз талабы, өз қалауы бар екен, ендеше, өмір былай болар ма еді деп бос қиялдағанша, сол өмірдің талабына сай әрекет қыл» дегендерге еш сенбе. Ізгілік пен ақиқаттың толық үстемдік етуі мүмкін емес дейтіндерге құлақ аса көрме. Тәңірі тектес сезім шырағы алғаш рет көкірегіңде жарқ етіп тұтанған киелі шақтағы, әу бастағы адал шақтағы мына өзіңе сен». Міне, Толстой тағылымы, Толстой даналығы.
Бала күнгі арман мен мақсатқа, тұмалыққа кедергі келтірер ұстындардың сапында ғылымсыз діншілдерге еру, әртүрлі мас қылатын, ақылды байлайтын әдеттер, даурықпа орта, білімсіз дос жатады. Адам «не бойындағы жануарлық күш ақылға бағынады, не ақыл жануарлық күшке қызмет етеді. Ақыл жануарлық табиғатқа айналса, қызықтың бәрі сонда болмақ. Егер ақылға жеңдірсе, ол адам дүниенің бос селтеңіне бой алдырмайды, саналы түрде жалғыз жол ашып, сол жолға бет алады».
Адамның күн секілді жарқырауына ақылдың атқарар рөлі жоғары. Ақыл кірлесе, дүние қараңғы, ақыл жарқыраса, дүние сәулелі. Шәкәрім:
Ақыл құсы адаспай аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас оған таса,
Жетi көк жерден оңай басқыш
болып,
Ғарышқа қол жетедi қармаласа,
– дейді. Осындағы сау ақыл – дүниенің баянсыз қызығына құмартудан, ар мен ұятқа қайшы келер әдеттерден құтылған ақыл. Онсыз әлемге ой көзімен қарап, әр құбылысты қорытуға мүмкіндік ашылмайды. Адамның өмірдегі басты міндетінің бірі – өз ақылымен ақиқатты тануға тырысу.
Білім мен әрекет
Әл-Фараби білім мен табанды әрекет қосылғанда ғана тұлға пайда болатынын жазады. Өкінішке қарай, біздің жиған сан түрлі білімдеріміз жүрекке тоқылмай, тоқылса да оны жүзеге асырар ерік-жігеріміз болмай жатады. Зұлымдықтың апаты жайлы кітап оқып шығып, өзгеге жамандық еткен оқырман, әділет жайлы ұрандап, өзіне келген заңсыз пайдадан бас тарта алмаған зиялы, мейірім жайлы жазып, өзгеге қатыгездік еткен автор болмысы осыдан туады. Бақсақ, бізге сәулесі кеңінен таралған данышпан шығармашыл иелерінің мейлінше білімі мен әрекеті түйісіп отырған. Адамгершілігіне, арына нұқсан келген шығармашылық иесінің сөзі салмақсыз тартпақ, жүйкесіне ауырлық түсіп рухани дертке жақындамақ, құрғақ мақтадай жазбасы уақыт сынына ұшырамақ. Еліктеуді еріп кету деп түсінген кейбір ақын мен жазушылар христиан мәдениетінің өкілдеріне жан сала еліктеуден бас алар емес. Мұстафа Шоқай бір мақаласында Пушкиннің жаппай қазақ тіліне аударылуын орыстың мәдени қаруы деп түсіндіреді. Өйткені Пушкин шығармаларының ұлттық салт-дәстүрімізге, дініміз бен ділімізге оғаш тұстары жетерлік. Өкінішке қарай, «мәдени қару» өз айласын асырғанын көз көріп, құлақ естіп отыр.