• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қараша, 2022

Көгілдір отынды үйге қосудың қиындығы

230 рет
көрсетілді

Жетісулықтар «әне келеді, міне келеді» деп көгілдір отынды құтты қонақтай күтіп жүр. Мердігер компаниялар құбыр тартуды межелі күнге дейін бітіргенімен, атқа­рылған істен шикіліктер шыға береді. Мәселен, Талдықорған қалалық газ желі­лерінің 80 пайызы тексеріліп, газ кемуіне қатысты 19 факті анықталды. Ал газды тұрғындар үйге тартайын десе құны қымбат. Халық жергілікті әкімдікке наразы.

Өткен бес жылда газға қол жеткізе алатын талдықорғандықтар­дың тек жартысы ғана көгілдір отынға қосылған. Бұл – 30 мың абонент, яки тұр­ғындардың 55 пайызы ғана. Қала тұрғын­дарымен кездесуде облыс басшысы Бейбіт Исабаев бұл істің баяу жүруіне газға қосу құнының жоғары болуы себеп болып отырғанын жеткізді. Бүгінде қазандық пен жиынтықтар құны­на байланысты газ қостыру 700 мың тең­геге дейін барады. Мұны естіген халық әбігерге түсуде.

«Залда мердігер компаниялардан келген өкілдер бар ма? Қазандықты есепке алма­ғанда газға қосылу құны неге қым­бат, соны түсіндіріп беріңіздерші?» деп сұрады Б.Исабаев. Оған залда отырған «Дат Континенталь» ЖШС өкілі Алмас Смағұлов жиынтықтардың, соның ішінде құбыр бағасының өсуіне байланысты екенін жеткізді.

«Ал біз проблемаға басқа қырынан қа­раймыз. Әрине, қазандықтың, жиынтық­тардың бағасы өскенін түсінеміз. Бірақ газға қосу жұмыстарының бағасын қолдан өсіруге болмайды. Сметалық есептерге сәйкес ол қазандық пен жиынтықтар­ды қос­пағанда 170 мың теңгеден аспауы керек. Тұрғындарға әділетті баға ұсы­нылуы керек. Олай болмаған жағдайда қала­ны газдандыру жұмысы «Жетісу Газ Сер­вис» МКК-ға берілетін болады. Оған қоса «ҚазТрансГазАймақ» АҚ халыққа көрсететін қызмет механизмдері мен мер­зім­дерін жедел түрде қайта қарауға тиіс. Өйткені компания тарапынан істі созбаққа салған жағдайлар аз емес. Рұқсат алу процедурасы 3-4 айға созылып кетеді, мұндайға жол беруге болмайды», деді Б.Исабаев.

Осы ретте қала әкімі Әсет Маса­баев пен Бәсекелестікті қорғау мен дамыту депар­таментіне тиісті тапсырма­лар берді. Сондай-ақ қала әкіміне «Қаз­ТрансГазАймақ» АҚ-мен бірлесіп, қолда­ныстағы газ құбырларының техникалық жағдайын тексеру мен диагностика­лау жұмыстарын жылдам аяқтауды мін­дет­теді. Қазір газдың мөлшерден аз болуы жиі байқалады. Тұрғындар қақаған қыста үйден жылу қаша ма деп алаңдайды. Егер құ­рылыс жұмыстарының сапасыз атқа­рылу фактісі расталған жағдайда мердігер компанияларға талап қойылмақ. Бұл тізім­де «МВК-Құрылыс», «Ақниет-БН», «ТурГаз» ЖШС-лары бар.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметіне сүйенсек, қараша айының соңына дейін «Үйтас» саяжайына, «Экспедиция» және «ИЖС 3-бөлім­ше» тұрғын үй алаптарына көптен күткен көгіл­дір отын беріледі. Сондай-ақ келер жылы «Жастар-2» тұрғын үй алабы мен (295 млн теңгеге) Ынтымақ елді меке­нінде (1,4 млрд теңгеге) жүргізіліп жат­қан газ құбырының құрылысы аяқта­лады. Сол сияқты 2023 жылдың ІІ тоқса­нында қаланы газдандырудың негізгі жоба­сына кірмеген учаскелерде газ тарату желісінің құрылысы басталады. Атап айт­қанда, бұл жұмыстар 6, 7-шағын аудан­дарда, «Плодопитомник», «Агропромыш­ленник», «Жастар-1/1» тұрғын үй алаптарында, Мойнақ ауылында атқарылады. 

«Менің тапсырмаммен қалған 8 елді мекенге, нақтырақ айтқанда «Алмалы», «Ащыбұлақ», «Мерекелік», «Сарыбұлақ», «Қызыл тас», «Балықты», «Қаратал» саяжайларына және «ИЖС 1-бөлімше» тұрғын үй алабындағы құрылыс жұ­мыс­тарына қатысты жобалық-сметалық құжат­тарға қажетті есептеулер жасалып жатыр. Сөйтіп, 2025 жылы қаланың елді мекендерінің барлығы газдандырылады», деді Б.Исабаев.

Жалпы, облыс орталығына газ 2017 жылы жеткізілген. Қазіргі кезде қаланы газ­дан­дыру жұмыстары негізінен аяқтал­ды. Көгілдір отынға тұрғындардың 90 па­йы­зының қосылуына мүмкіндік жасалған.

 

Жетісу облысы