Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығы еліміздің ірі білім беру орталықтарымен бірлесіп ҰБТ-ға дайындалуға арналған тегін онлайн-сабақтарды бастады.
Ірі республикалық білім беру орталықтарымен бірлесе әзірленген онлайн сабақтар олардың YouTube арналарында тікелей эфирде өткізіледі. Онлайн сабақтардың барлық эфирі талапкерлер кез келген уақытта көре алуы үшін сақталады.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі тестілеу кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Түлектердің ҰБТ-ға дайындығын Ұлттық тестілеу орталығы білім беру орталықтарымен бірлесіп үшінші жыл өткізіп отыр. Өткен жылы 500 сағатқа жуық онлайн сабақ өткізілді. Оған еліміздің барлық өңірінің мектеп түлектері қатысты. Олар ҰБТ пәндері бойынша дайындықтан өтті. Биыл 8 орталық сабақ береді. Жоба бюджет қаражатын жұмсамай іске асырылғанын атап өткім келеді», деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Осылайша, Ұлттық тестілеу орталығы мен ірі білім беру орталықтары түлектерге емтиханға сәтті дайындалуға көмектеседі. Талапкерлерге арналған онлайн-сабақтар осы оқу жылының соңына дейін жалғасады.
Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға дайындық үшін тегін онлайн тестілеуді іске қосты. Байқау сынағын өткізу технологиясы негізгі ҰБТ технологиясына сәйкес келеді. Яғни қазірдің өзінде талапкерлерге биыл IT-мамандыққа түсу үшін міндетті болып табылатын «Математика-Информатика» пәндерінің комбинациясы қолжетімді. Сонымен қатар болашақ студенттер тест тапсырмаларының өзгертілген құрылымымен таныса алады.