Құрылыс қарқыны бәсеңсімейтін бас қалада тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасауға баса мән беріліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың қатарында жаңадан салынатын экопаркті ерекше атап өтуге болады. Бұған қоса жаңа спорт нысандары мен тағы бір Оқушылар сарайы бой көтермек.
Кейінгі жылдары саябақ кластеріне басымдық беріліп жатқан Астанада жаңа құрылыс нысаны қолға алынады. Бұл – Кіші Талдыкөл аумағында құрылатын экопарк. Экопарктің жалпы аумағы 70 гектардан асады. Экопарк жобасы Кіші Талдыкөлде су балансын сақтай отырып, қала тұрғындарына арналған табиғи-рекреациялық аймақ құруды көздейді.
Қазір жобаның ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаж жұмысына мердігерлік ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Бұл аумақта экопарк салу қала тұрғындары мен жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына демалуға және табиғат аясында серуендеуге мүмкіндік береді. Сол сияқты жасыл желек бойында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым салынады, оған құм-қиыршық тас қоспасын пайдалану жоспарланып отыр. Саябақтың дизайны мен оның элементтеріне ерекше мән беріледі. Қоршаған ортаға зияны тимейтін табиғи материалдар пайдаланылады, ал бұл экоурбанизм сипатына сай келеді.
Абаттандыру барысында табиғи жағдайларға, ойын алаңдарына және табиғи материалдардан жасалған шағын сәулет нысандарына көңіл бөлінеді. 12 мыңнан аса ірі ағаш пен жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.
Бұған қоса Кіші Талдыкөлдің іргелес аумағы игеріледі. Онда әлеуметтік нысандар – мектептер, медициналық орталық, тұрғын үйлер, балабақша орналасады.
Ал Талдыкөлде экологиялық инфрақұрылым мәселесіне назар аударылады. Үлкен Талдыкөл жанында қорық және орман-саябақ аймағы бар елдегі алғашқы табиғи парк ашылады.
Сонымен қатар Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов спорт нысандарының құрылысы мен сол жағалауда салынатын тағы бір Оқушылар сарайы туралы хабардар етті.
«Елордада балалар мен қала тұрғындарына арналған бірқатар спорт және демалыс орталығын салып жатырмыз. Мысалы, Алматы ауданында («Қазақстан» спорт сарайы жанында) жеке инвестициялар есебінен көпфункционалды балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт орталығының құрылысы жүріп жатыр. Спорт орталығының базасында футбол алаңдары, сол сияқты үстел теннисіне, дзюдоға, парадзюдоға, хореографияға арналған залдар болады. Сондай-ақ аталған көпфункционалды спорт орталығының базасында спортшыларды оңалтуға арналған дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері болады. Ал жеке инвестициялар сомасы 5,5 млрд теңге. Спорт орталығын 2023 жылы ашу жоспарланып отыр. Бұған қоса жеке инвестициялар есебінен үстел теннисі орталығын («Алау» мұз сарайының жанында) ашамыз», деді әкім.
Ал жаңа Оқушылар сарайы Есіл ауданындағы Тұран даңғылынан орын тебеді. Бұның құрылысы да жеке инвестициялар есебінен жүріп жатыр. Оқушылар сарайының жалпы ауданы шамамен 6,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның базасында бассейн, гимнастика, спорттық-бал билері залдарын, шахмат, роботтехника және IT-бағдарламалау кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.
«Оң жағалауда Оқушылар сарайы бар. Қала тұрғындарының өтініші бойынша сол жағалауда Оқушылар сарайына арналған орын бөлінді. 2023 жылы Оқушылар сарайын ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы, спортшыларға арналған медициналық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы Жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды. Жастар сарайында, «Толқын» СК және т.б. жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазақстан» спорт кешенінде қайта құру және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. «Өндіріс» және «Көктал-2» елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Оларда спорттың 10 түрі бойынша 1 мыңға жуық бала жаттығады. Тағы екі елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Қала тұрғындарының спортпен шұғылданып, бос уақытын пайдалы өткізе алуы үшін спорт және демалыс орталықтарының желісін әрі қарай да кеңейтеміз. Спорт орталықтары бұқаралық спортты дамытуға және балалар мен жасөспірімдер спортына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», деді А.Көлгінов.