• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 23 Қараша, 2022

Рәміз – мемлекеттің айбары

13259 рет
көрсетілді

Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздігіміздің басты белгісі, ұлттың мақ­танышы, халықтың айбары екендігі белгілі. Әйтсе де, елімізде рәміз­тануды ғылым саласы ретінде орнықтыру барысында әлі де қыруар шаруаны атқару қажет. Геральдикалық зерттеулер бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Жібек Болтановамен мемлекеттік рәміздер төңірегінде ой өрбіткен едік.

– Геральдикалық зерттеулер ор­та­лығының Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құ­жаттаманы басқару комитеті жа­нынан құрылғанына көп бола қойған жоқ. Орталықтағы Гераль­дикалық зерттеулер бөлімі мем­ле­кеттік рәміздерді ғылыми негіз­деу­мен қалай айналысып жатыр?

– Шекара, елдің астанасы, мем­лекеттік рәміздер – елдікті, оның рухын танытатын киелі ұғымдар. Рәміздер және рәмізтану туралы пайымдаулар бастауын тым әріден алады. «Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған, Отты ғұннан от боп ойнап мен туғам», дейді Мағжан ақын. Геральдика ғы­лымында түстер сәйкестігі деген ұғым бар. Аспан түстес мемлекеттік туда ғұндар елдігінің нышаны күн мен ай бейнеленген. Көшпелілердің билік белгісі, басқару жүйесінде зор мәр­тебеге ие, саяси және басқа да мем­лекет ісінде бірегей қызмет ат­қар­ған тарихи рәміздерді жүйелеу (көне заманнан бүгінгі мемлекеттік рәміздерге дейін) – орталықтың бас­ты жұмысы. Көшпелілердің дүние­та­нымына негізделген ру таңбалары, хандар мөрі, тулары, нумизматика, cфра­гис­ти­ка, сигнуманистика, фалертистика салаларымен қоса, рәмізтануда әдістемелік, терминологиялық, жал­пы­ұлттық рәмізтануға қатысты мәсе­ле­лер салмақты зерттеулерге сұранып тұр. Бұл жүйелі түрде жүзеге асуға тиіс жұмыстар.

– Ерте кезде бабаларымыз жауы­на қарсы ұрандатып шап­қа­ны белгілі. Ұран сарбаздарға рух беретін, жұдырықша жұмыл­ды­ра­тын, елі үшін жанын шүберекке түйіп атой салатын құдіретті сөз іспетті. Әнұран сөзінің тегі осы ұран сөзінде емес пе?

– Қазақтың «ұран» сөзі туралы тарихшы, жылнамашы Құрбанғали Халиди «Тауарих хамса» еңбегінде баян­дайды. Сонда «қыздыру, жиналу, қайрат беру» мағынасында айтылады. Әр рудың өзіне тән ұраны болады. Егер өзге тайпалармен ұрыс-қақтығыс бола қалса, «Алаш, Алаш» деп шақырады», «Алаш» деп ұрандағанда ноғай мен қазақ бірігіп, бір адамның баласына айналады» деп тұжырымдайды. Өткен ғасырда өмір сүрген Л.Баллюзек деген генерал-лейтенант: «Қазақтар үшін әдет-ғұрыптардың бірде-бірі дәл ұран сияқты қасиетті бола алмайды», дейді. Жауға қарсы соғысқан майданда сарбаздар қол бастаған хандар мен батырлар есімін ұрандап атойлаған. Ұран жұртты жігерлендіретін, рух беретін, біріктіретін қуатты сөз болса, әнұран – отаншылдық рухпен астасқан, ел тарихындағы ең маңызды оқиғалар кезінде туған халықтың жан дауысын білдіретін ұлттық ән.

– Конституциялық заңда «Мем­лекет­тік ту, Мемлекеттік елтаң­ба, Мемлекеттік гимн Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік рәміз­дері болып табылады» делін­ген. Алайда «әнұран», «гимн» терминінің қайсысын қолда­нуы­мыз керек, қайсысы дұрыс? Бі­різділік жоқ, әр жерде әртүрлі қол­да­нылып жүр. Осы мәселе қалай қадағаланады?

– «Мемлекеттік гимн» атауы – рес­ми құжат тілі, Конституциялық заң тілі. Алайда мектеп, балабақша, әлеуметтік желілерде, яғни прак­ти­калық істе «гимн» сөзі мүлде қол­да­ныл­майды. Дәлірек айтқанда, гимнология гимндер тарихын зерттейді. Ал гимн ұғымы бастауын шіркеу әндерінен алатыны мәлім. Сонда гимн тарихын ұрпаққа түсіндіруде шіркеу тарихын баяндауымыз керек пе? Әнұран идеологиялық термин. Конституциялық заңда мемлекеттік гимн емес, Мемлекеттік әнұран деп анық жазылуы керек. Ұлттық рә­міздер Ту, Елтаңба, Әнұран мем­ле­кеттік тілде жазылып, төл ұғымда дыбысталуға тиіс. Бұл тұста терми­нолог ғалымдар мемлекеттік қызмет­ші­лер, мұғалімдер, аудармашылар мен сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін ескерсе дұрыс болмақ. Мы­салы, Орталық мамандары ұсын­ған «региональный символ – «өңір­лік нышан» атауы 2022 жылғы 10 қа­ра­шада Мемлекеттік терминология комис­сиясының кезекті отырысында қа­ралды, 1175 терминнің бірі болып бекітілді.

– Ресейдің геральдика тәжірибесі бізге үлгі бола ала ма?

– Ресей федеративті, ал Қазақстан унитарлы мемлекет. «Геральдикалық қызмет» – Ресейдің мықты идеоло­гия­сы. Ғылыми анықтамасы бойынша «геральдика» гербтерді зерттейтін ғылым. Гербтер Ресей империясы­ның қол­таңбасы, империя мүддесінің мөрі. Империялық мүддеге қызмет ете­тін Ресей гербтері тарихы үш жүз мың жылдан астам уақытты қам­­тиды. Биыл Ресей 1722 жылы I Петр жарлығымен Сенат жанынан құрылған «Геролдьмейстер кеңсесінің 300 жылын» және «Геральдикалық қызметтің 30 жылы» деп атап өтті. Орыс геральдикасы ежелден Ресей пат­шасына адал қызмет еткен дворян­дар­дың атақ-дәрежелерін әйгілейтін жеке гербтер мен жеке мөрлер жиын­­тығынан құралған. Осы орайда қа­­зақтың дүниетанымы мен тіл та­би­ға­тына жат, саясиланған орыс геральдикасы тарихы мен тәжірибесі біздің ұлттық рәмізтану ғылымын қа­лыптастыруға тәжірибе үшін керек десек те, тарих үшін негіз бола алмайды. Айтпақшы, түркітанушы ғалым Қ.Сартқожаұлы «Қазақ геральдикасы» кітабына жазған алғысөзінде «Бүгінгі күні Ресей империясының елтаңбасы екі басты бүркіт б.з. ІХ ғ. Селжүк хандығының елтаңбасы бол­ған. Селжүк хандығының елтаңбасы кейін Алтын Орда (Ұлық Ұлыс) им­периясына жалғасып, 300 жыл бойы жарқырап тұрды. Кейін осы ел­таң­ба І Петр патша заманында Ресей империясының елтаңбасына айналды» деп жазды.

Геральдикалық зерттеулер бөлімі­нің ғылыми қызметкерлері «Рәміз­та­ну» атауы орталық жұмысының ма­ғынасын да, мазмұнын да ашады деп отыр. Ұлттық идея, мәде­ниет, рух, мінез, ел-жер таным-түсі­нігін қа­лып­тастыру барысында рәміз­тану­дың рухани қызметі зор бол­мақ. Орталық басшысы, ғалымдар және ғылыми кеңес мүшелерінің ме­ке­ме атауын өзгерту ұсынысын Ар­хив істері және құжаттаманы бас­қару комитетіне жолдамақпыз. «Рәміз­та­ну» терминін алғаш қол­данған Ербол Шаймерденұлының ұлт­тық рәмізтану тарихында қолтаң­басы тайға таңба басқандай ай­қындап берді.

– Рәмізтанушы Ербол Шаймер­денұлы бүгін кеңінен қолданылып жүрген «рәмізтану», «рәмізбаян», «ұлттық рәміз», «дыбыстық рәміз» «рәміздер қоры», «рәміздердің сәйкестік реті», «рәміздік белгілер», «рәміздік жүйе», «рәміздік бояу», «ресми рәміз», «рәміздік таңбалар», т.б. секілді терминдер мен ұғым-түсініктерді қалыптастырған екен. Атауын өзгерткенде мекеме қандай нәтижеге қол жеткізеді?

– Біріншіден, мемлекеттік рәміз­дерді қоғамға, жас ұрпаққа насихаттау жұмысында мекеме маманы «геральдика» сөзін түсіндіруде «крест жорықтары», «рыцарьлар дәуірі», «Ресей гербтері тарихының 300 жылы», т.б. секілді жат ел тарихын баяндау мысалдарын тілге тиек етпейтін болады. Неміс сөзінен ен­ген қолданыстағы «герб» сөзінің тер­мин­дік мағынасы «мұра», «енші». Әрісі Батыс, берісі орыс дүниетанымы сің­ген термин. Екіншіден, ана тілімізде «рәміз» сөзінің қолданыс аясы кең. Мемлекеттің төлқұжатында «Мем­лекеттік рәміздер» түсінігі анық жа­зылған. Ұлттық рәміздерді насихаттайтын еліміздегі жалғыз меке­мені мемлекеттік тілде атау орта­лық мәртебесін айшықтай түспек. Үшін­шіден, рәміздер тарихтың әр кезе­ңіндегі мемлекет мәртебесін танытушы, айқындаушы танымдық бел­гілер. Ұлттық рәмізтану төл тарихымыз, ұлық бабаларымыз құрған ұлы мемлекеттердің ортақ идеологиясы мен сабақтастығынан бастау алады. Теориялық рәмізтану таным алаңы болса, практикалық рәмізтану нақты істер, яғни рәміздерді дұрыс қолдану, пайдалану, рәміздер тарихын түсіндіру, рәміздердің қолда­ны­луын қадағалау және заң алдында жауаптылық, т.б. мәселелерін қарас­тырады. Рәміздер, белгілер, ны­шандар – таңба, меншік, төл деген ұғымдар болса, мемлекеттің ел­таңбасынан мемлекеттік мекеме­лер­дің мөртаңбаларына дейін ұлттық идео­логияға қызмет етуге тиіс. Жай ғана белгілер емес, таңбаларда тарихи, философиялық, эстетикалық құпия кодтар жасырынған. Таңбалар ата-бабалардың арман-мұраты, дү­ние­танымы, көркемдік талғамы, ұр­паққа қалдырған мәңгілік өсиеті іспетті.

– Қарап отырсақ, геральдика басқармасы бар, орталық бар, алайда геральдист мамандар жоқ деп айтуға болады. Мамандарды қай оқу орны даярлайды?

– Геральдикалық зерттеулер ор­талығының мамандары рәміздер тарихын жүйелеуде ғылыми-тарихи деректерге сүйенеді. Деректерге жүгі­неді, деректерді сөйлетеді, деректер негізінде ғана талдап-талқылайды. Рәмізтану саласы бойынша тутану, елтаңбатану, теңгетану, мөртанудың арнайы мамандары жоқ, қысқасы рәмізтанушы мамандар даярлау ісі – кезек күттірмейтін мәселе.

Рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу ісі тарих, археология институттары мен жоғары оқу орындарындағы ғылыми әлеуеті мол зерттеу орталықтарының басты нысандарының бірі болуы керек деп білемін. Олар рәмізтанушы мамандарды даярлап, рәміздерді халыққа таныстыруды басты міндет еткен біздің орталыққа ғылыми қолдау көрсетуі керек. Сонда ортақ пікір, жүйелі, дұрыс танымдық негіз нығая түсері хақ.

 

Әңгімелескен

Оралхан АХМАДИЯ,

«Egemen qazaqstan»