• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Қараша, 2022

«Talqylau» тақырыбы – сайлау қорытындысы

285 рет
көрсетілді

«Amanat» партиясының Орталық аппаратында «Talqylau» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Бұл жолы партиялық алаңда бас қосқан сарапшылар кезектен тыс президент сайлауының қорытындысын талқыға салды.

Алғаш болып сөз алғандардың бірі Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова өткен сайлау қазақстандықтардың саяси мәдениетінің өскенін айғақтайтынын айтты.

«Биыл елімізде екі ірі саяси оқиға: жалпыхалықтық референдум және президент сайлауы өтті. Егер 2021 жылы парламенттік сайлауда 7 миллионнан астам адам дауыс берсе, референдумға да, президенттік сайлауға да 8 миллионнан астам адам қатысты. Бұл бүгінгі таңда қазақстандықтардың мемлекетімізде болып жатқан барлық саяси үдеріске қатысуға және көптеген саяси мәселеде өзінің нақты пікірі бар екенін, елдің болашағына қатысты мәселелерді шешуде өз дауысының маңызды екенін түсінетінін айғақтайды», деді Ж.Сүлейменова.

Ал Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры, профессор Марат Бәшімов сайлау өткізу кезінде халықаралық стандарттар толығымен сақталғанын атап өтті. «Халықтың еркін білдіру үшін барлық жағдай жасалды, түрлі қоғамдық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары еш кедергісіз жұмыс істей алды. Тіпті елордада азаматтар тіркеусіз дауыс бере алатын учаскелер де іске қосылды. Алдағы парламенттік сайлауға заңның үстемдігін қамтамасыз етудің негізін қалағанымыз өте маңызды», деді профессор.

Мәжілістегі «Amanat» фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев қазір Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары басқа канди­даттарға дауыс берген және «барлы­ғына қарсымын» бағанын таңдаған сайлаушылардың пікірін ескеруі маңызды деп санайды. «Жалпы, сол 1,5 миллионға жуық азаматтың пікірі міндетті түрде ескерілуі қажет. Олар ауылдық жерлерді дамыту, әйелдер құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес секілді түйінді мәселелердің шешімін тауып, саясаттағы өзгерістерді көргісі келеді», деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиеваның ай­туынша, жуырда өткен сайлау аза­мат­тардың билікке деген көзқарасының өзгергенін айқындап отыр. «Адамдар билікті қолжетімсіз дүние ретінде қабыл­дауды қоя бастады. Бұл – ең алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нәти­жесі. Тұжырымдама биліктің халыққа жақын болуын, онымен ортақ диалог құруын көздейді», деді М.Нұрғалиева.

Сонымен қатар ол биыл Қоғамдық саясат институты алғаш рет Exit-poll өткізгенін атап өтті. Оның аясында 74 қала мен 242 ауылда 600 сайлау учаскесі қамтылып, 620-дан астам сұхбат алушы мен супервайзер 75 мыңнан астам сайлау­шымен сауалдама жүргізген.

Өз кезегінде, «Amanat» партиясының саяси жұмыс департаментінің директоры Руслан Әлішев сайлаудың ең басты нәтижесі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасы аясында жаңа азаматтық қоғам қалыптастыру екеніне тоқталды. «Үгіт-насихат жұмысы ашықтық, нақтылық, әділдік, адалдық сынды қастерлі қағидаттарға құрылды. Үгіт-насихат науқанына қатысқан барша азамат осы қағидатты басшылыққа алды. Біз ондаған мың кездесу өткізіп, қоғамның диалог пен өзгеріске деген үлкен сұранысын байқадық», деді департамент басшысы.

Белгілі тележүргізуші, «Amanat» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Мақсат Толықбай модераторлық еткен диалог алаңында сарапшылар кезектен тыс сайлау қорытындысы туралы ойларын ортаға салып, саяси дода жүйесіндегі соны өзгерістердің нақты нәтижелерін атап көрсетті.