Заманның өзі жаңа өндіріс пен өнімнің өмірге келуін талап етеді. Бүгінгі уақыт – дәл сондай уақыт. Өзге елдердің басқалардан бір қадам алда жүруінің себебі де осында. Олар тұтынушы талабына дер кезінде үн қатып келеді. Елде инфрақұрылым мен құрылыстың қарқын алуы да нарықтан соны сұрайды. Қажеттіліктерді алыстан арбалағаннан гөрі жақыннан дорбалаған абзал екенін аңғартады.
Кейінгі жылдары құрылыс материалдарын шығаруда Қазақстанның бәсі біршама жоғарылады. Әуелі шақтап бастап, содан соң қанатын кеңге жайған құрылысқа қажетті өнім өндірген өндіріс кешендері көбейгені өтірік емес. Ондай өнеркәсіп жобалары Қарағанды аймағында да бар. Мәселен, Қарағандыдағы «Lifeyshik» ЖШС компаниясы жақында жұмысын бастайды. Ол гофрленген полипропиленді (пластик) құбыр шығаруды көздейді. Яғни бұл – кәрізге, дренаждық желілерге, су бұру және су жіберуге арналған құбырлар.
Бұл күні заманауи құрылысты сусыз әрі жылусыз елестету мүмкін емес. Осы орайда ғимарат ішіндегі және сыртындағы инженерлік коммуникацияларда полипропиленді құбырлар өзге материалдан жасалған құбырларды ығыстырып шығарып келеді. Химия өнеркәсібі кез келген сұранысты жаба алатын түрлі өнімге мүмкіндік бергенін мойындау керек.
Гофрленген полипропиленді құбыр шығаратын компания басшысы Александр Иванов жобаға өз қаражаты есебінен қазіргі таңда 500 млн теңге инвестиция құйылғанын айтады. Бірақ мұнымен шектелмек емес. Қомақты инвестиция әлі де салынады.
– Бұл қаражат – өзіміздікі. Мұнда ешбір шетелдік қаржы, болмаса басқа серіктестер тартылған жоқ. Жоба толық іске асқанға дейін 1,7 млрд теңге инвестиция салынады. Оған кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтар алынады. Біз «Даму» қорына пайыздық ставканы субсидиялауға және жобаға кепілдік беруге өтініш жолдадық, өтінішіміз қолдау тапты, – дейді компания басшысы.
Жоба негізінде 50-70 адам жұмыспен қамтылады. Алайда бұл кезең-кезеңімен іске аспақшы. Айталық, ең алдымен, құрал-жабдықтарды орнату кезінде 10-15 адам жұмысқа алынады. Содан соң жоба іске кіріскенде 50-70 қарағандылық тұрақты жұмысқа орналаса алады.
Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына – 8-9 мың тонна құбыр. Бұл өнімдер екі өндірістік желіге бөлінеді. Оның бірі жылына – 2,5 мың тонна, екіншісі 6,5 мың тонна өнім шығарады.
– Кәсіпорынның өнімі – гофрленген полипропиленді құбырлар. Өнім түпкілікті шикізаттан, түйіршіктелген полипропиленнен жасалады. Шикізат Корея, БАӘ және Еуропа елдерінің алдыңғы қатарлы өндірушілерінен жеткізіледі. Сапасы аса жоғары. Барлық қажетті талаптарға толық жауап береді. Біз шығаратын құбырлардың диаметрі 100-ден, 1 200 диаметрге дейінгі өлшемді қамтиды, – дейді компания басшысы.
Компанияның мақсаты зор. Бұл – осы құбырға деген сұранысты толық дерлік жабу. Дәлірек айтқанда, Қазақстан нарығының 90 пайызын қамту межеленіп отыр. Сонымен қатар экспортқа шығу да – мұрат. Қарағанды құбырларын келешекте Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне экспорттау жоспарда. Компания осы күні аталған елдермен келіссөздер жүргізіп жатыр.
– Қазіргі таңда BI-Group, Bazis construction секілді тұтынушы компаниялармен, еліміздің әр өңіріндегі суға жауапты ұйымдармен, ірі құрылыс компаниялармен келісім бар, – дейді А.Иванов.
Компания басшылығы құбырдың негізін қалайтын шетелден келетін шикізатта шикілік жоқтығына сенімді. Бұл жоғары сапалы әрі біздің климат қажет ететін техникалық сипаттамаларға сай. Өнім мемлекеттік стандартқа толық жауап береді.
Кәсіпорын өнімін тек ірі құрылыс компаниялары ғана тұтынбайды. Оны қарапайым жеке тұлғалар да арнайы келіп алуына мүмкіндік бар.
Полипропиленді бұйымдардың сумен жабдықтауда алдыңғы қатарлы құрылыс материалына айналуына бірден-бір себеп – оның осы химиялық инерттілігі деседі ғалымдар. Артықшылығы, оның қоршаған ортамен химиялық реакцияға түспейтіндігінде, кез келген темпе- ратурада механикалық беріктігін жоғалтпауында. Аталған құбырлар өндірісі толық автоматтандырылған технологиямен жүзеге асады. Соның нәтижесінде оның өзіндік құны да өзгелерге қарағанда әлдеқайда арзанырақ түседі.
Мұндай құбырлардың төзімділігі күшті. Мамандардың айтуынша, 50 жылға төтеп береді. Оған қоса, құбыр бойындағы судың құрамын өзгертпейді, суға зиянды әсері жоқ. Себебі мұндай химиялық бұйым сумен реакцияға түспейді екен.
Қарағанды облысы