• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 24 Қараша, 2022

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем көшбасшыларының құттықтауларын қабыл алды

268 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайлануына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау хаттар мен жеделхаттар түсіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевқа алдағы маңызды міндеттерін атқаруда табыс, ал Қазақстан халқына бейбітшілік, еркіндік және бақ-береке тіледі.

«Қазақстан халқының игілігі үшін қолға алған Сіздің реформаларыңыз бен жаңғыру үдерісі жаңа өкілеттік мерзіміңізде жалғасады деп сенемін. Бұл ретте Германия Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді», делінген Германия Президенті жолдаған жеделхатта.

Италия Президенті Серджио Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа толағай табыс тілеп, Қазақстан мен Италияны екіжақты тығыз қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

«Италия заң үстемдігін нығайтуға және елді жаңғыртуға бағытталған маңызды реформалардың жүзеге асырылу барысын бақылап отыр. Қазақстан және Орталық Азия өңірі үшін тұрақтылық пен дамудың жаршысы болатын бұл үдеріс Еуропалық Одақпен қатынастардың нығаюына байланысты да зор мәнге ие», деп жазды Серджио Маттарелла.

Ал Сербия Президенті Александр Вучич Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсетілген үлкен сенім елдің даму және өркендеу бағытын жалғастыруға тың серпін беретінін жеткізді.

«Сербия Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді. Сондықтан Сіз жаңа президенттік лауазымда біздің елге сапармен келесіз деген үміттемін. Сіздің сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарды және Сербия мен Қазақстан арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосар еді», делінген Александр Вучичтің құттықтау хатында.

Чехия Президенті Милош Земан өзінің құттықтау жеделхатында сайлау Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшысы ретіндегі берік бағдарын растады және азаматтардың оған сенімі жоғары екенін көрсетті деп атап өтті.

«Мен Сізді осы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Чехия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы қарым-қатынастың жылдар бойы достық сипатқа негізделгеніне қуаныштымын. Екіжақты ынтымақтастық тек экономикалық салада ғана емес, басқа да көптеген бағытта табысты дамып келеді», деп жазды Милош Земан.

Сондай-ақ бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Франция Президенті Эмманюэль Макронның құттықтау жеделхаты келіп түсті.

«Қазақстан 2019 жылдан бері саяси және экономикалық жаңғырту үдерісін сәтті жүзеге асырып келеді. Мұны біз зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Сіздің қайта сайлануыңыз осы маңызды істің қарқынын сақтауға және Қазақстан халқының мүддесі үшін өзіңіз жариялаған реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып жүргеніңізден хабардармын. Осы жолда Сізді толыққанды қолдаймын», деп жазды Эмманюэль Макрон.