Қостанай облысы Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінде көне қыш құмыралардың алуан түрі сақталған. Солардың ішіндегі ерекшесі – түбі сүйірлеу, ернеуі шығыңқы формада жасалған мыс-тас (энеолит) дәуіріне жататын қыш құмыралар. Ол Торғай өңіріндегі Тоқанай деген жерден табылған.
Бұл құмыралардың жасалу мерзімі біздің заманымызға дейінгі үш мыңжылдықтың ортасы мен екі мыңжылдықтың бастапқы кезеңіне келеді.
Ғалымдар оны Терсек мәдениетіне тиесілі дейді. Терсек – энеолит дәуірінің соңғы кезеңдерінде Торғай өлкесін мекендеген тайпалардың мәдениеті. Ол жайында алғаш рет 1940-1950 жылдары А.Формозов зерттеулерінде оған «терсек тұрақтары», «Терсек-қарағай мәдениеті» деп анықтама берген. Ал осы мәдениет туралы С.Қалиева, В.Логвин еңбектерінде толығырақ қамтылған. Әсіресе өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан басталған зерттеу жұмыстарында Торғай жеріндегі Дүзбай-2, Дүзбай-3, Бестамақ, Құмкешу-1, Қожай-1, Қайыңды-3,Тоқанай-2 секілді елді мекендердегі қазбалардан табылған жануарлар сүйектерінің арасында, әсіресе жылқы сүйектері көп кездескен. Ғалымдардың пайымдауынша, Терсек мәдениеті тайпалары ертеден қалыптасқан аңшылықпен қатар, мал шаруашылығын жетік меңгерген. Оның ішінде жылқыны көп ұстаған болуы мүмкін дейді. Алайда Терсек мәдениетінің қола дәуірінің Андрон мәдениетіне тигізген ықпалы тереңірек зерттелмеген.