• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қараша, 2022

Түрік ыбырайтанушысы Қазақ еліне келді

299 рет
көрсетілді

Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде ұлы ағартушының мұрасын тәржімалап, зерттеп, насихаттап жүрген ғалым, Түркиядағы Муғла Сыткы Кочман университетінің доценті, PhD Экрем Аянмен кездесу өтті. Екі сағатқа созылған емен-жарқын әңгіменің басында өңір зиялылары, музей қызметкерлері мен дарынды балаларға арналған Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияның шәкірттері болды.

Экрем Аян қазір Арқалық қаласын­дағы педагогика институты студент­теріне бір айлық дәріс оқып жүр. Қостанайға облыс шетіне ат басын тіреп тұрып, Тобылдың жағасында жатқан Ыбырай атамыздың басына барып, зиярат етіп, тағзым жасамай кеткен жарамас деген ниетпен келіпті.

Түркияда «Modern Kazak Edebiya­tının Öncüsü Ibıray Altınsarin» атты тақы­­рыпта докторлық диссертация қор­ғаған ғалым Ыбырайдың жастарды оқу-бі­лімге, өнерге шақырған өлең-әңгіме­лерін, Абай поэзиясы мен қарасөз­дерін, қазақ дастандарын түрік тіліне аударған.

– Алғаш Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты шығармасымен таныстым. Ол кезеңде мұндай еңбек жазу үшін үлкен жүрек керек деп ойладым. Осы кітапты оқып шыққаннан кейін, Ыбырай мұрасына одан сайын қызығып, іздене түстім. Түріктерде «Басын қолтығына қысып қыдырды» деген сөз бар. Бұл сөз басына қауіп төніп тұрғанына қарамастан, ел мүддесі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп, үлкен тәуекелге барып, қайрат қылған, қыруар іс тындыр­ған адамдарға қатысты айтылады. Ыбы­рай Алтынсарин де – сондай адам. Мен оның «Мұсылманшылықтың тұт­қа­сынан» бөлек, «Қазақ хрестоматиясын», басқа да еңбектерін түрік тіліне аударып, әдеби-тілдік тұрғыдан талдау жүргіздім. Жалпы, Қазақстан өз тәуелсіздігіне бейбіт күрес жолымен жеткен ел. Бұл күрес қаламмен жасалған. Оның басында Ыбырай, Абай, Әлихан, Ахмет сияқты алыптар тұр, – дейді Экрем Аян.

Басқосу барысында Серікбай Оспан­ұлы, Ақылбек Шаяхмет сынды өңір зиялылары да сөз алып, қадірменді қонаққа ізгі тілек арнап, ілтипат білдірді.

– Кеңестік кезеңде Түркиямен арамыз онша дұрыс болған жоқ. Ол кезде Назым Хикмет пен Әзіз Несинді ғана білетін едік. Қазір, Аллаға шүкір, Юнус Эмрені, Орхан Памукті, Фарук Нафыз Чамлыбелді, Түрік Республикасының негізін қалаған Ататүрктің кім екенін, Ердоғанның кім екенін біліп жатыр­мыз. Біздің Қазақ мемлекетінің тәуелсіз­ді­гін ең алғаш мойындаған бауырлас Түркия мемлекеті екенін ұмытпаймыз. Сондықтан Түркияға арқа сүйейміз. Мен Түркияның үш фестиваліне қа­тыстым. Сонда байқағаным – Түркия­дағы кардаштардың түркімен, өзбек, қырғыз, әсіресе қазақ бауырларға де­ген ықыласы мен пейілі. Сол пейіл мәң­гі­л­ік, қызметің жемісті болсын! – деді Ақылбек Шаяхмет.

Кездесу соңында облыстық мәде­ниет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қадірменді қонаққа алғыс айтып, тарту-таралғы табыс етті.

 

Қостанай облысы