• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Қараша, 2022

Жапон жанкештілігі сүйсінтті

212 рет
көрсетілді

Футболдан Қатардағы әлем чемпионатында тағы төрт бәсекені тамаша­ладық. Жасыл алаңға шыққандар қатарында Хорватия мен Мексика, Германия мен Жапония, Испания мен Коста-Рика, Бельгия мен Канада құра­малары болды. Бұл командалардың барлығы да осы жарыстағы алғашқы кездесулерін өткізді.

Сейсенбі күні түс ауа Әл-Хаур қаласындағы «Әл-Байт» стадионында Хорватия мен Мексиканың футболшылары бой көрсетті. Бірінші кезеңде Златко Даличтің шәкірттері қарсыластарына қарағанда допқа көбірек иелік етті. Бірақ қауіпті сәттер тым аз болды. Ең есте қалғаны, Иван Перишичтің алыстан бағыттаған соққысы және Никола Влашичтің екі рет қақпаны нысанаға алуы. Екі ретінде де Яссин Буну қауіптің бетін қайтарды.Үзілістен кейін де алаңдағы жағдай еш өзгерген жоқ. Хорваттардың сапындағы ең атақты футболшы Лука Модрич бірнеше рет ойын тізгінін өз қолына алуға талпынып көрді. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Соңына таман 37 жастағы ардагер ойыншы да бірте-бірте болдыра бастады. Ал басқаларынан еш қайыр болмады. Сөйтіп, іш пыстырар бұл бәсеке 0:0 есебімен аяқталды.

Көп кешікпей Германия мен Жапо­нияның жігіттері жасыл алаңға шық­ты. Әдеттегідей «неміс машинасы» доп­ты бірден «меншіктеп» алды. Егер ста­тистикаға жүгінсек, бірінші таймның қорытындысы бойынша допқа иелік ету жағынан олар 80 пайыздық көрсеткіш­ке, яғни айқын басымдыққа ие болды. Және де бірінші голды немістер соқты. 33-минутта Илкай Гюндоган 11 метр­лік нүктеден есеп ашты. Иә, негізінде алғашқы допты 8-минутта Жапония құрамасы соққан еді. Алайда ойыннан тыс қалған Дайзен Маэданың бұл голын төреші есепке алмады. Үзілістен кейін жапондар ойын схемасын 4-2-3-1-ден 3-4-3-ке өзгертіп, өздеріне тән жанкештілікпен алға ұмтылды. Иә, бас бапкер Хадзимэ Мориясу бекер тәуекелге бармаған екен. Көп кешікпей олардың бұл тактикасы өз жемісін берді. 75-минутта Рицу Доан және 81-минутта Такума Асано қатарынан екі рет нысананы дәл көздеп, Күншығыс елі өкілдерін алға шығарды. Есеп – 1:2. Сол аралықта Германия құрамасы бірнеше ойыншысын алмастырып, өздерінің тың футболшыларын қатарға қосқанымен, олар да ештеңе өндіре алмады. Таблодағы есеп бәсекенің соңына дейін сақталды. Бұл – биылғы әлемдік доп додасындағы екінші сенсация!

«Испания Қатарға осал құрамда кел­ді» деп дақпырт айтып жүргендердің Доха­дағы «Әл-Тумама» стадионындағы кездесуден соң ауыздарына құм құйылды. Коста-Рикаға қарсы бәсеке барысында олардың қаншалықты қарулы әрі азулы екені анық байқалды. Бәсекенің басынан аяғына дейін Пирней түбегінің түлектері ойын тізгінін өз қолдарында ұстады. Нәтижесі керемет болды. 11-минутта Дани Ольмо есеп ашса, 21-минутта Марко Асенсио екінші голды соқты. 31-минутта Ферран Торрес пенальтиді сәтті орындады. Екінші таймда испандықтар тағы төрт рет мергендік танытты. Бұл голдардың авторлары – Торрес, Пабло Гави, Карлос Солер және Альваро Мората. Осылайша, «Қызыл фурия» Коста-Риканың қақпасында жауапсыз жеті гол салды – 7:0.

Бұл күндері Бельгия құрамасын жер-көкке сыйғызбай мақтайтындар өте көп. Барлығының айтатыны «Қақпашы Тибо Куртуаның реакциясы керемет. Қорғаныста Тоби Алдервейрелд пен Ян Вертонген тұрғанда олардың айып алаңында еркін көсіле алмайсың. Ал алаңның ортасы мен алғы шепте Кевин Де Брейне, Юри Тилеманс, Аксель Витсель, Эден Азар, Ромелу Лукаку және Миши Батшуайи еркін ойқастайды. Олардың тау қопаратындай қарқынына шыдас берудің өзі қиын» дегенге келіп саяды. Шыны керек, бұл кездесуде аталған командадан ондай қарқын байқамадық. Осы матчта жарақатынан әлі де айыға алмай жүрген Лукакудың жоқтығы анық сезіл­ді. Денесі құрыштай құйылғандай бо­й­шаң шабуылшының қиыннан қиыстыра білетін әдеті бар еді.

Канада құрамасы да «оңай алынбайтын қамал» екендерін бірден байқатты. Олар өздерін қорғаныста өте сенімді ойнайтын ұжым екендерін көрсете білді. Шабуыл шебі де осал емес-ті. Бірінші таймның ортасына дейінгі деректерге зер салсақ, канадалықтар қақпаға сегіз соққы бағыттаса, қарсыластарының бір ғана соққы жасауға шама-шарқылары жеткен екен. Ортада допты өз иелігінде ұстай алады. Үйеңкі жапырақтар елінің өрендері бельгиялықтардың барлық шабуылына тойтарыс берді. Олар тек бірінші таймның соңында Миши Батшуайиды ғана тоқтала алмады. «Фенербахче­нің» шабуылшысы тепкен доп қақпа торы­нан табылды – 1:0. Ал оған дейін Бельгия­ның қақпасына екі пенальти белгіленуге ­тиіс еді. Бірақ төреші Джанни Сиказве­нің екі ретінде де VAR-ға жүгінуді жөн көрмеді. Бұл оның өрескел қателігі еді. Десек те замбиялық қазы 11 метрлік нүктені бір мәрте меңзегенін айта кетейік. Алайда Канаданың футболшылары өздеріне берілген тамаша мүмкіндікті оңды пайдалана алмады. Альфонсо Дэвистің тепкен добын Тибо Куртуа кері қайтарды. Екінші таймда канадалық­тар қарымта қайтарудың барлық амал-әрекетін жасады. Олар қақпаны 22 рет нысанаға алды. Бірақ Куртуаның мін­сіз ойынның арқасында ғана Бельгия­ның қақпасына бірде-бір доп кірген жоқ. Кейбір сәттердегі қорғаушылар­дың да сауатты ойынын атап өткен абзал. Ал мақтаулы «Қызыл сойқандар» не­бәрі тоғыз мәрте ғана қақпашы Милан Борян­ды мазалаған екен.

Кеше Швейцария мен Камерун (сағат 16:00-де), Уругвай мен Оңтүстік Корея (19:00), Португалия мен Гана (22:00) және Бразилия мен Сербия (01:00) сайысқа түсті. Бүгін топтық турнирдің екінші туры басталады. Бұл кездесулер Уэльс пен Иран (16:00), Қатар мен Сенегал (19:00), Нидерланд пен Эквадор (22:00) және Англия мен АҚШ (01:00) арасында өтеді. Ертең Тунис пен Аустралия (16:00), Польша мен Сауд Арабиясы (19:00), Франция мен Дания (22:00) және Аргентина мен Мексика (01:00) футболшылары шеберлік байқасады. Ал жексенбі күні Жапония мен Коста-Рика (16:00), Бельгия мен Морокко (19:00), Хорватия мен Канада (22:00) және Испания мен Германияның (01:00) ойынын тамашалаймыз.