Жамбылдың ғана емес, еліміздегі химия өнеркәсібінің локомотиві саналатын «Қазфосфат» ЖШС-ның соңғы кездері басы даудан арылмай қойды. Біраз уақыт бұрын мыңдаған қызметкері бар кәсіпорынның Сарысу ауданындағы бөлімшесінде оқыс оқиға тіркелген еді. «Қаратау» кен өндіру комбинатындағы фосфор ұнтақтайтын құрылғы ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан шақта диірмен өздігінен іске қосылып, екі адам бақилық болды.
Мәселе мұнымен біткен жоқ. Кейіннен Тараздағы күкірт қышқылы цехы өндірісіндегі келеңсіз жағдайдан кейін көне шаһар төбесін көк түтін басып қалды. Күмәнді тұманның қарқынынан қаймыққан жұрт байбаламға салды. Әбігерге түскен ел дақпырт әңгімемен әлеуметтік желіні шулатты. Енді міне, еңбек дауы сипатындағы жаңа бір жанжалдың оты тұтанды. Қысқасы, жеті мыңға жетеғабыл адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме басшылары жақсылап ойланбаса, дауға қалғаны қалған.
Жүздеген қызметкер неге дүрлігіп көшеге шықты? Осы мәселе кімді де болса ойландырмай қоймасы анық. Әлбетте, әуелгі себеп серіктестіктің цифрлық трансформация басқармасының басшысы Олег Куликовтің қызметкерлерге дөрекі сөйлегенімен сабақтастырылып отыр. Десе де бұл жерде бірінші кезекте еңбек дауы мәселесі көрініс береді. Иә, О.Куликов расында да артық қылам деп тыртық қылған секілді. Наразы топтың алдына келген ол экс-әріптестерінен кешірім сұрады. Экс деуіміздің де өзіндік сыры бар. Қызметкерлерге дөрекі сөйледі деген басқарма басшысы сол мезетте жұмысымен қош айтысты. Бұрынғы ұжымының алдында екі қолын өкпесіне қойып тұрып кешірім сұрады.
Жалпы, серіктестік қызметкерлері өткір мәселелерді бұған дейін де жиі айтып жүретін. Ашуға булыққан жұрт әлеуметтік теңсіздіктен әбден зәрезап болған секілді. Осылайша, мәселе ушықты, еңбек дауына айналып кетті. Әуелде әр жерден үн қатқан қызметкерлер соңынан бірнеше пункттен тұратын талаптарын алға тартты.
Олар бірінші кезекте ішкі іс-қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілгенін қалайды. Емделуге берілетін төлемақыны қалпына келтіру, кәсіби киіммен қамтамасыз ету, 15 шағын ауданнан және қала іргесіндегі елді мекендерден жұмысшыларды сапалы қоғамдық көлікпен жеткізу, қызметкерлердің санын арттыру, екінші агломашинаға қаражат бөлу секілді 13 пункттен тұратын талаптарды арнайы құрылған жұмысшы топ назарға алмақ. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің өзі өткір мәселенің байыппен шешілуін қадағалайды.
Рас, әуелде жұрт ұлтаралық сипат беруге тырысқан жанжалдың негізі еңбек дауы, әлеуметтік теңсіздікпен күресте жатқаны айқын аңғарылып тұр. Әлеуметтік желіде тарап кеткен қызметкерлердің талаптары осыған анық көз жеткізуге мүмкіндік берді. Наразылыққа шыққандардың ішінде әйгілі серіктестік мемлекет меншігіне қайтарылсын деген талапты қойғандар да болды. Бұл енді қаншалықты қисынға келетінін жауапты органдар анықтай жатар.
Бір белгілісі, қызметкерлердің талабы жергілікті атқарушы биліктің назарынан тыс қалмақ емес. Мұны ресми жауаптан да анық байқап отырмыз.
«Биылғы жылдың 23 қарашасы күні сағат 11:40 шамасында «Қазфосфат» ЖФ қызметкерлері арасында түсінбеушілік туындады. «Қазфосфат» ЖШС-ына қарасты цифрлық трансформация басқармасының басшысы әріптестеріне дөрекі сөйлеген. Соның салдарынан түсінбеушілік орын алған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы қызметкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Қазфосфат» ЖШС-ына қарасты цифрлық трансформация басқармасының басшысы әріптестерінен кешірім сұрады. Ол жұмыстан шығарылды. Жиналған қызметкерлердің саны 200-ді құрады.
Осы оғиғаға қатысты зауыт ішінен ерікті 20 адамнан құралған жұмысшы топ құрылды. Топ құрамына әр цехтың басшысы және кәсіподақ өкілдері еніп, өзекті мәселелер бойынша жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда кәсіпорындағы ахуал тұрақтанды. Жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында», делінген ресми жауап мәтінінде.
Әлбетте, бір қызметкердің аңдамай сөйлеуінен басталған еңбек дауы қысқа мерзімде шешімін табуы керек. Олай болмаған жағдайда мәселе тағы да ушыға түсуі ықтимал. Бір белгілісі, 28 қараша күні жоғарыда көтерілген мәселелердің оңынан шешілуіне баса назар аударылатын жиын өтпек. Жұмысшы топтың жүргізген жұмысының сапасы сол кезде нақтыланбақ. Бұл мәселе біздің де назарымызда болады.
ТАРАЗ