Ақсу ферроқорытпа зауыты тұндыру кешенінің қуатын 70 пайызға арттырды. Бұрын тек жылы мезгілде жұмыс істеп келген бөлімшенің өндірістік корпусы жылытылды. Енді ол жыл бойы жұмыс істейтін болды. Нәтижесінде, 60 жаңа жұмыс орны ашылған. Жобаға 2,5 млрд теңгеден астам қаражат құйылды.
Тұндыру кешені кәсіпорында 2010 жылы «Қазхром» компаниясының үздік әлемдік экологиялық стандарттар мен қалдықсыз өндірістерге ұмтылуы аясында салынған болатын. Бұл – қож өңдеу цехындағы жеті кешеннің бірі. Мұнда құнды өнім гравитациялық әдіспен алынады. Процесс кезінде су пайдаланылады. Сондықтан кешен жылдың тек жылы мезгілінде жұмыс істеді.
– Қалдықтарды дұрыс пайдалану – заманауи тиімді өндіріс негіздерінің бірі. Жылытылған кешенде 1,6 млн тоннаға дейін материал өңдеуге болады. Осылайша, біз қордаланып қалған қождарды өңдеу көлемін арттыру мәселесін шеше аламыз. Кешен зауыттың тұйықталған айналым суын ғана пайдаланғандықтан, процестің энергия тиімділігі артады, – дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Валентин Чичихин.
Кешен жыл бойғы жұмыс тәртібіне ауысуына орай кәсіпорынның автокөлік цехына қосымша 60 жүргізуші қызметке қабылданды. Жаңа 7 үлкен ауыржүктасығыш автосамосвал және 4 жүк тиегіш сатып алынған. Адамдар да, техникалар да тәулік бойы жұмыс істейді.
Кешен өндірісін арттыру жобасы мұнымен аяқталған жоқ. Келесі жылы Ақсу ферроқорытпа зауытының технологтері ең ұсақ класты материалдарды өңдеуге арналған жылытылған желінің үшіншісін салуды жоспарлап отыр.