Бұл күндері Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында футзалдан төрт команданың қатысуымен Чемпиондар лигасының элиталы кезеңінің бәсекелері өтіп жатыр.
Жергілікті «Қайрат» тұсаукесер кездесуін Мальтаның «Луксол Сент-Эндрюс» клубымен өткізді. Бұл команданың халықаралық аренада қол жеткізген пәлендей табысы жоқ. Соған қарамастан қонақтардың ойыны өте жақсы әсер қалдырды. «Қайраттың» ойыншылары қанша талпынғанымен, қарсыластар қақпасын бірде-бір рет дәл көздей алмады. Әсіресе Шыңғыс Есенаманов, Альберт Ақбалықов, Дәурен Тұрсағұлов, Карвальо және Дос Сантостың шабуылдары өте қауіпті болды. Бірақ Стефан Веланың сенімді және сауатты қимылының арқасында «Луксол Сент-Эндрюстің» қақпасы голдан аман қалды. Аралдықтар қатарында команда капитаны Марк Заммит өте белсенді ойнады. Нәтижесінде, бұл матч 0:0 есебімен тең аяқталды.
Кеше «Қайрат» Чехияның «Хрудима» клубымен күш сынасса, ертең Лиссабонның «Бенфикасымен» шеберлік байқасады. Естеріңізге сала кетейік, осы топтан үздік шыққан команда ғана финалдық турнирге жолдама алады.