Жетісуда алғаш рет облыстық көпсалалы клиниканың директоры Мадияр Өмірбаевтың басшылығымен радиожиілік абляциясын пайдалана отырып, қатерсіз және қатерлі ісіктерді емдеудің жаңа әдісі енгізілді. Бұл тәсілдің өңір тұрғындарына онкологиялық көмек көрсетуде маңызы зор.
Жаман ауруды емдеудің жаңа жолы радиожиілік абляциясы арқылы қатерлі және қатерсіз ісіктерді емдеу әдісі бөлімшесінің ашылуына орай ұйымдастырылған. Бұл – медицина саласында қазіргі заманның аз инвазивті және тиімді амалы. Дәрігерлер интервенциялық емдеу әдістерін енгізудің жақсы нәтижелерін ескере отырып, «Диагностика мен емдеудің рентгенхирургиялық әдістері» бөлімшесін ашу туралы шешім қабылдаған. Осы ретте сатып алынған генератор аппараты тері астындағы хирургиялық процедураларда, лапароскопиялық интраоперациялық коагуляцияда және тіндердің абляциясында қолданылады.
«Генераторды сатып алғаннан кейін клиникада паренхималық органдарға: бауырға, өкпеге, бүйрекке, сүт безіне, бүйрек үсті безіне, қалқанша безге қатерлі және қатерсіз ісіктерге хирургиялық араласудың жаңа түрлерін жүргізу мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар жұмыс істемейтін сүйек ісіктерінің ішінара немесе толық абляциясы жасалады. Яки, қатерсіз кіші түрлерін қоса остеоидтар мен остеомаларға, сүйектің қатерлі метастаздарына, гинекология мен урологияда эндометриялық қан кетулерге, миомалар және аденомиоздар кезіндегі абляция, варикозды тамырлардың абляциясы және тамырлы ақауларға көмек көрсетіледі», дейді М.Аманкелдіұлы.
Арнайы өткізілген мастер-класста республиканың жетекші интервенциялық хирургтерінің бірі және осы бөлімшенің меңгерушісі Ілияс Нұрсейітов өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ арнайы шақырылған білікті мамандар Дауранбек Арыбжанов пен Астана қаласының рентгенхирургі Евгений Мун да пікір алмасты.
Мастер-класстың бірінші күні 7 операция жасалды. Мысалы, бауыр ісіктерінің трансартериалды химиоэмболизациясы, миомалардағы жатыр артерияларының эмболизациясы, тромбоцитопениядағы көкбауыр артериясының эмболизациясы, бауырдың метастатикалық ісіктерінің РЖА және қалқанша безінің қатерсіз ісіктерінің радиожиілік абляциясы жасалды. Барлық операция сәтті және асқынусыз өтті.
«Интервенциялық хирургия әдістері пациент үшін аз инвазивті және ауыртпалықсыз, оңалту кезеңі қысқа уақытты құрайды. Қатерсіз ісіктер үшін абляция жүргізгеннен кейін науқас алғашқы күндері амбулаториялық деңгейде қаралуына мүмкіндік бар», дейді М.Аманкелдіұлы.
Шеберлік сағатының екінші күні алынған материалды бекітуге бағытталды. Аудандардан және қалалық онкологиялық орталықтардан шақырылған дәрігерлер үшін ГЦК дәрі-дәрмекпен емдеу, ТАХЭ және РЖА енгізу бойынша шетелде дәлелденген материалдар ұсынылды. Сонымен қатар олар әдістерді қолдану тәжірибесі бойынша ғылыми баяндамалармен танысты.
Бүгінде бүйрек пен өкпенің қатерлі ісіктерін емдеудің заманауи ерекшеліктерін зерттей отырып, клиника осы локализация бойынша химиоэмболизацияның аз инвазивті әдістерін енгізуді және өз мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, емдеу әдістемесін Алматы және Астана қалаларындағы онкология және радиология институттары сияқты 3 деңгейдегі медициналық мекемелер ғана меңгерген. Енді мұндай операция Талдықорған қаласындағы облыстық көпсалалы клиникада да жасалатын болады.
Жетісу облысы