• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 28 Қараша, 2022

Ұшу қауіпсіздігі – басты мәселе

433 рет
көрсетілді

Әуе тасымалына сұраныс жыл сайын ұлғайып келеді. Сол себепті артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін отандық әуе кемелерінің паркі жаңа ұшақтармен толықтырылып жатыр. Сондай-ақ рейстердің кешігу фактілеріне байланысты шағымдарды ескере отырып, Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тарапынан тиісті тергеулер жүргізілді.

– Қазақстанның авиациялық билігі халық­аралық стандарттардың жоғары деңгейіне сай болуына байланысты жақсы жұмыс атқарды. Қазір Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитетімен өзара тығыз байланыс орнатылған. Десе де алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен халық үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне басымдық беріп келеді. Сонымен бірге еліміздің Президенті ұшу географиясын кеңейту мен рейстер санын ұлғайтуға байланысты жұмысты жалғастыруды тапсырды, – деді Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қызметімен танысқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, ұшу географиясын кеңейту мен рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыстар күн тәртібінен түспеуі керек.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду жүргізіліп жатқан жұмыстар мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру туралы жеткізді. Оның айтуынша, осы жылдың басынан бастап Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тікелей рейстерді іске қосу үшін FAA (IASA) алдағы халықаралық ұшу қауіпсіздігін бағалауға дайындық шеңберінде техникалық әлеуетті арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

Азаматтық авиация комитетінің төраға­сы Талғат Ластаев айтқандай, тексеру қоры­тындысына сәйкес Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84 пайызға дейін арттырды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 15 пайызға жоғары.

Осы орайда авиациялық әкімшілік азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігінің техникалық бақылауы мен қадағалау жұмыста­рына жауапты екенін айта кеткен жөн. Қазір Қазақстанның Мемлекеттік тізілімінде 912 әуе кемесі бар. 75 кеме тұрақты жолаушылар рейстерін жүзеге асырады. Тұтастай алғанда, елі­мізде 25 әуежай мен 6 тікұшақ айлағы жұ­мыс істейді.

Министр аталған саланы дамыту бойынша бірқатар міндетті атап, Азаматтық авиация комитетіне авиациялық әкімшілікпен бірлесіп, ұшу қауіпсіздігі мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

– Рас, қазір әуе көлігінде жолаушылар ағынының артуы байқалып келеді. Сондық­тан әуе кемесінің паркін ұлғайту және қазақ­стандық әуе компаниялардың тасымалдау сыйымдылығын арттыру бойынша жұмысты жалғастыру маңызды, – деді Қ.Өскенбаев.