Республика бойынша өткен тәулікте 45 адам қар құрсауынан құтқарылды, деп хабарлайды Egemen.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жүргізушілер елемеген қатты аяз бен ауа райының қолайсыздығы төтенше жағдайға әкелді. 27 қарашада Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында Қаратал ауылынан 10 км қашықтықта «Омбы-Майқапшағай» тас жолында ондаған жүк фургоны қар құрсауында қалып қойды. Оларға 25-ӨСБ құтқарушылары көмекке келді. Ауыр жүк көлігінің 16 жүргізушісінің бірі дәрігерлердің көмегіне мұқтаж болды. Құтқарылған жүргізуші, Беларусь азаматының қолын жеңіл үсік шалып, жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізілді. Алғашқы көмек алғаннан кейін ол босатылды, ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ. Қалған жүргізушілерді құтқарушылар Қаратал ауылына КУНГ жылы көлігімен жеткізді. Қазіргі уақытта олар қонақүйде және оларға қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиға орнында жолды тазартатын жол қызметтері жұмыс істеп жатыр.
Сол күні Қостанай облысының Қамысты ауданында Алтынсарин ауылынан 10 км қашықтықта ТЖД күштерімен қар құрсауында қалған екі автокөліктің жолаушылары құтқарылып, Алтынсарин ауылының жылыту пунктіне жеткізілді.
28 қарашада Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында, Ақтөбе ауылынан 5 шақырым жерде ТЖД күштерімен медициналық көмекке мұқтаж емес 6 адам құтқарылды. Олар «Toyota» техникалық ақаулы автокөлігінен құтқарылып, «Ақтүбек» ТМҚП-ға жеткізілді.
28 қарашаға қараған түні Қарағанды облысында үш құтқару операциясы жүргізілді. Осакаров ауданы Молодежный кентінен 3 км қашықтықта «Қызылорда-Павлодар» автожолында қатып қалу себебінен техникалық ақауларға байланысты жеңіл автокөлік жолда тоқтап қалды. Құтқарушылар көліктен екі адамды эвакуациялап, Молодежный кентіне жеткізді.
Екінші құтқару операциясы Шет ауданында жүргізілді. «Алматы-Екатеринбург» автожолының 901 шақырымында Ақсу-Аюлы ауылынан 18 шақырым жерде техникалық ақаулы автобустан ТЖД күштерімен Ақсу-Аюлы ауылына 19 адам жеткізілді. Автобус «Астана-Шымкент» бағыты бойынша бара жатқан.
Өңірлердің Төтенше жағдайлар департаменттері бірнеше күн бойы жел, боран және аяз туралы хабардар етті. Қатты аязға байланысты әртүрлі көліктер үшін қозғалыс шектеулері енгізілді. Алайда азаматтар елді мекендерден тыс жаққа кетіп, қиыншылықтарға тап болды.
«ТЖМ бірқатар өңірлерде дауылды ескертулердің бар екенін еске салады. Ауа-райының нашарлауы кезінде алыс қашықтыққа, әсіресе түнгі уақытта шығуды және жаяу жүруді шектеу қажеттілігі туралы ескертеміз. Сапар алдында автомобильдің техникалық жарамдылығын тексеріп, метеорологиялық болжамдар және дауылды ескертулер туралы ақпаратты қадағалап отырыңыз», делінген министрлік хабарламасында.
Құтқарушылар тұрғындардан ауа райы тұрақталғанға дейін сапарлардан бас тартуды және оларды басқа уақытқа ауыстыруды сұрады. Естеріңізге сала кетейік, жолдардың жай-күйі туралы Darmen мобильді қосымшасынан білуге болады.Төтенше жағдай кезінде 112 нөмірі бойынша хабарлау қажет.