Финляндияның Сейняйоки қаласында конькимен жүгіру спортынан жастар арасындағы Әлем кубогінің бірінші кезеңі мәресіне жетті. Әлемдік додада бақ сынаған Қазақстан құрамасының спортшылары 2 алтын, 2 күміс пен 1 қола жүлде жеңіп алды.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Әлем кубогінің алғашқы күнінде 1000 метр қашықтықта жарысуда ел қоржынына алтын жүлде салған Алина Дауранова халықаралық турнирдің соңғы күнінде де Әнұранымызды шырқатты. Бір шақырымға жарысуда ол 1:22.10 секунд нәтижемен алтыннан алқа таққан болса, 500 метрге жүгіруде де алдына жан салмады. Алина бұл қашықтықты 40,27 секунд ішінде бағындырды. Одан кейінгі сатыға нидерландтық Пьен Херсман мен италиялық Серена Пергер жайғасты.
Ал жастар мен ересектер арасындағы өтпелі нео-ересектер деңгейіндегі 500 метрде Алтай Жәрдембекұлы күміс жүлдегер атанды. Алтай он күн бұрын Қазақстан кубогі кезеңінде 1500 метрде жеңіске жеткен болатын. Осы бағдарламадағы тағы бір отандасымыз Мақсат Мұқаев үздік бестіктің қатарынан табылды.
Ал жастар арасындағы 1500 метрге жарысуда бақ сынаған Нұралы Ақжолға сәл сәттілік жетіспеді. Қазақстандық спортшы қола жүлде үшін таласта Нидерланд өкілінен жарты секунд қалып қойып, 4-орыннан көрінді. Бұл сайыста Қазақстанның тағы бір өкілі Роман Бинозаров 7-сатыға тұрақтады. Сондай-ақ 3000 метрге жарысуда Нұралы Ақжол қола жүлдегер атанды. Ал мың метрде ерлер арасында Никита Важенин күміс жүлдені мойнына ілді. Ол тек жапониялық Исса Гунджиден 2 секундтай қалып қойды.
Айта кетейік, жастар арасындағы Әлем кубогінің екінші кезеңі 3-4 желтоқсанда осы Сейняйоки қаласында өтеді. Спортшылар үшінші кезеңде Германияның Инцелль қаласында сынға түседі. Бұл кезең келер жылдың 4-5 ақпаны күндеріне жоспарланған. Әрі қарай 10-12 ақпанда дәл сол Инцелль қаласында жастар арасындағы Әлем чемпионаты өтеді.