• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Қараша, 2022

Дауыстың да түсі бар

301 рет
көрсетілді

Адам жан-дүниесінің қатпар-қатпар сырына, құбылмалылығына, түу тереңде тыншып жатқан кей мінездердің кездейсоқ бір сәттерде шыға келетініне шын өмірден гөрі көркем шығармада анық көз жеткізіп жатамыз. Әрине, нағыз суреткер жазушы ғана кейіпкердің санасына дейін сәуле түсіріп, ішкі күйін, әр сезімін, түрлі оқиғадағы жылт еткен ойын, әсерін, толғанысын шебер жаза алады. Сұлу сөз, сылдыр сөйлем, жансыз теңеуден ада қаламгер ғана адам жанының әр толқуын шынайы жеткізе алады.

Мұндай шығармаларды оқып отырып кенет өзіңді немесе өзіңдікіне ұқсас мінездерді көріп қалып, сұмдық таңға­ласың. Кейде амалсыз қуыстанасың. Жазудың, жалпы әдебиеттің құдіреті сол, тіпті даусыңыздың түсін де жасыра алмайсыз. «Дауыстың түсі болушы ма еді?» дейсіз ғой...

Мархабат Байғұттың «Дауыстың түсі» деген шап-шағын әңгімесі бар. Өтірік күлгенің, жасанды сөйлегенің, сөзің бен іс-әрекетіңдегі елеусіз сәтті де, көңіл түкпіріндегі астан-кестеңі шыққан жасырын сырларды да, тіпті миығыңдағы мырс еткен жымиысты да жан тамыршысындай жайып салады. Осының бәрін анықтайтын – дауыстың түсі. Бұл өзі қашан, неден бас­талып еді? Бәрі мамырдың мамыражай түнінде Есмақан Досболовтың өмірден өткенінен басталды ма? Жо-жоқ, Еңсебек Әсіловтің даусының құбылуы сонау бір жылдарда – қызметке бірге келген ескі досының кенеттен жоғарылап, атақ-абыройы артып, көл-көсір қолпашқа ие болған сәтінен басталды. Ал өзі сол баяғы қалпында – бұрнағы орнында. Не артқан бір даңқы жоқ, не көбейген бір досы жоқ. Керісінше, өзінің ойын­ша, бірге өскен жақсы достардың көбі бұл күнде алыстаған. Содан бері Есмақанмен тек ресми сөйлеседі. Содан бері дауыстың түрлі түсін сезетін болған һәм өз даусының түсі де өзгерген.

Жазушы достар арасындағы диалог­тердегі дауыс түстері арқылы ішкі құпия сезімдерін, жан арпалыстарын ашады. Адамдар арасындағы бәсеке, күншілдік, іштарлық, қызғаныштың соңы неге апарарын шығарма адаспай көрсетеді. «Алғаш осы қалаға қел­генде апта сайын бас қосып, бірге шай ішпесе, бірін-бірі аңсап тұратын секілді еді. Бірте-бірте аралары алыстады. Бара-бара бір-бірінің үйіне бас сұғуды сиретті. Оқта-текте телефонмен тілдескенді қанағат тұтты. Кейін телефон арқылы сөйлесіп тұрып, бір-бірінен ертерек құтылуға тырысатындай болып көрінетін. Оның үнінен ештеңе аңғара алмай дал болатын кейде. Өз дау­сынан өзі іш жиятын» деп толғанады Еңсебек. Қарап отырса, осының бәрін сол Есмақан қайтыс болғанда курортта жатып тереңдеп ойланыпты. Тіпті өзінің ескі досының қазасына бір сәт қайғырмағанына, «Орнына кім болар екен?» деп күбір еткеніне таңғалды. Сөйтіп отырып, өз-өзін де қоса мінеп, «мейірім қалмаған ба?» дейді.

«Мейірім қалмаған ба?» – шығар­маның бір культі іспеттес. Кейіпкер Еңсебек те әр дауыстың түсінің құ­был­­ғанын сезіп отырып, ылғи осылай ойлайды. Әр жақтан естілетін түсі бұ­зылған дауыстардың әрбірінен күдік­теніп, суық ой аулауға дайын тұратынын кейде өзі де түсінбейді. Есмақанның еш­бір сөзін шын көрмейді.

«Қарашы! Қарай гөр, әртіс! Әдейі айқайлап, даусының түсін білдірмей тұр. Көңіліндегі баттасқан кірді жасырмақ. Бәле. Сұмын қарашы!» – дейтін бұл ішінен».

Ол бәрінен мейірім іздеді. Түсі өзгер­ген дауыстардың, өңі құбылған бейнелердің бәрінен мейірім күтті. Үйіндегі шай құйып отырып қансыз-сөлсіз, бірақ әжімсіз бетін есік жаққа бұрып отыратын әйеліне қарап та осы сұрақты қоятын. «Мейірім дегендер қайда кетті? Болған ба өзі? Бар ма?» Ол ылғи өзін Есмақанмен салыстыратын. Жасы алпысқа жақындап келеді. Жұрт тойлаған да, елуін де атап өткен жоқ. Толған-толмағанын ешкім білмеді де. Іштегі қырылға мұның да қатысы бар.

«Шын жасының нешеде екенін өзі де білмейтіндей. Білгісі келмейді. Бұлдыр. Бұлдыр емес, бүлдірген. Өзі емес, əкесі. Соғыстың алдында мұның жасын кішірейтіпті, кейін үлкейтіпті. Əйтеуір құжаттарында шын жасы жа­зыл­маған. Жасы өтірік болған соң бүкіл тірлігі, ғұмыры да жалған сияқты болып кетеді кейде. Сөйтіп, ел сияқты, Есмақан сияқты елуін де атап өте алмады. Алпысы да атаусыз өтетін шығар. Жетпісі де солай болар. Сексеннен де дəмесі жоқ емес. Бірақ кім біліпті?»

Тағдырдың осылай екі достың өмірін араға мансап, қошемет, даңқ сияқты өте-мөте қауіпті қуаныштарды салып, алыстатып жібергеніне күйінеді. Шын мәнінде, оларды алыстатқан қызмет емес, іштарлық шығар... Бәлки, ескі досынан аяқасты суынған өзі болар...

Түптеп келгенде, автор шағын сюжет­­те жақын жандардың дауыс құбы­лыс­тарының құбылуына құрыла отырып, мансап жолында өзгерген мінез-құлқын мінейді. Адамзат табиғатын­дағы кереғар екіұдай сезімдердің ешқашан таусылмайтынына, тіпті мына қоғам қарама-қайшылықтардан тұратынына таңғаласың.