Шалғай ауылда тұратын халықтың бір тілегі – медицина қызметінің сапасын арттыру мәселесі. Жетісуда алыс елді мекендер жетерлік. Соның бірі – Алакөл ауданына қарасты Көкжар ауылы. Осы күнге дейін аудан орталығына сабылған жұрттың тілегі орындалды. Енді тұрғындар ауылдағы жаңа модульді медпункттен алғашқы көмекті ала алады.
Бұл – облыста биыл іске қосылған жетінші медпункт. Жалпы, өңірде жыл соңына дейін 12 блок-модульді медициналық кешен іске қосылады деп жоспарлануда. Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Алмас Әбдинов, Жыланды ауылының ардагерлер кеңесінің мүшесі Мұратхан Мереев, еңбек ардагері Ілияс Қасымов көпшілікке ізгі тілектерін білдірді. Ғимараттың лентасы қиылған соң келушілер мекеменің ішін аралап көрді. Бұл медициналық пункт Көкжар ауылының 160 тұрғынына қызмет көрсетеді.
Жетісу облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жобаның жалпы құны – 39 млн теңге. Ғимараттың аумағы – 108 шаршы метр. 12 тұрғынжайы бар. Атап айтсақ, вестибюль, дәліз, дәріханасы бар тіркеу орны, акушерлік қабылдау бөлмесі, егу бөлмесі, процедуралық кабинет, материалдар алу мен зерттеу бөлмесі, орта медициналық қызметкерлер бөлмесі, 2 дәретхана бөлмесі, сол сияқты басқа да тұрмыстық-шаруашылық қажеттіліктегі тұрғынжайлар орналасқан. Ыстық су, жылу жүйесі жүргізілген, желдеткіш орнатылған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Qaz Damu Construction» ЖШС мердігер ұйымы атқарған.
Жалпы, жыл соңына дейін өңірде тағы 5 блок-модульді кешенді іске қосу жоспарланған. Ақсу, Алакөл, Ескелді, Көксу, Қаратал және Кербұлақ аудандарында жалпы құны 900 млн теңге болатын медициналық блоктармен толығады.
Мамандардың айтуынша, блок-модульді кешендер берік, қарапайым орнатылатын, ұзақ қызмет ететін құрылыс түрі. Сонымен бірге қолайсыз ауа райына төтеп бере алады. Олардың қызмет ету мерзімі 30 жыл деп межеленеді.
Жетісу облысы