Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғалымдарымен кездесті. Басқосуда Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық басылымының әзірлену барысы сөз болды.
Кездесуде Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап көрсетілген тапсырмаға сәйкес дайындалып жатқан «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» көптомдық академиялық басылымның жазылу үдерісі талқыланды.
Басылым заманауи тұжырымдамалық тәсілдерді басшылыққа алып, шетелдік мұрағаттар мен кітапханалардан табылған жаңа тарихи деректерді талдау негізінде даярланып жатыр.
Аталған жұмысқа Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Мемлекет тарихы институтының, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Халықаралық Түркі академиясының, Жошы Ұлысы институтының және басқа да гуманитарлық ҒЗИ мен жоғары оқу орындарының, сондай-ақ алыс-жақын шет мемлекеттердің тарихшы ғалымдары тартылған.