• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 29 Қараша, 2022

Шекарадағы ауылдарға назар аударылса...

456 рет
көрсетілді

Шекара – мемлекеттің қақпасы. Ал шекарада орналасқан ауылдар елдің айнасы іспетті. Демек Үкімет ауылдарды өркендетуге байланысты бес жылдық бағдарлама әзірлегенде алдымен шекарадағы елді мекендердің инфрақұрылымын, тұрғындарының әлеуметтік тұрмысын жақсартуға баса мән бергенін қалар едім.

Мұны неге айтып отырмын? Өйткені Үкімет Құрманғазы ауданының Азғыр, Сүйіндік, Асан округтеріндегі елді мекендерге назар аударуға тиіс. Әсіресе Азғыр округіндегі Жалғызапан, Қоңыртерек, Балқұдық ауылдары Ресей Федерациясымен арадағы шекарада тұр. Мәселен, біз тұратын Балқұдық елді мекені аудан орталығы – Құрманғазы ауылынан шамамен 260 шақырым жерде орналасқан. Еліміз тәуел­сіздік алғанына 30 жылдан асса да, үш округтегі 9 елді мекеннен аудан орталығына, не одан кері жетудің қиындығын көріп келеміз. Бұл әрине жолдың нашарлығынан туындап отыр. Әсіресе аяғы ауыр әйелдерге қиын. Өйткені ауылда учаскелік аурухана, перзентхана жоқ.

Ал шағын және орта кәсіпкерлікке бет бұрғандарға тіптен оңай емес. Ауылымызда ауыз су мәселесі де түпкілікті шешілер емес. Қоянды топтық су құбырынан ауылға дейін желі тартылған. Кезінде «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламаларымен біраз шаруа жасалғандай болған еді. Алайда тұрғындардың көпшілігі әлі күнге ауыз суды ауласындағы құдыққа көлікпен құйдырып отыр. Үш тонна су – 1800 теңге.

Президент «Біздің басты байлығымыз – адам. Сондықтан азаматтардың игілігі үшін барлық жағдайды жасау аса маңызды» деп мәселе көтерді. Енді Үкімет шекарадағы ауыл­дарда тұратын адамдардың жағдайын жақ­сартуды қолға алуға тиіс. Біздің ауылы­­­мызға Сенат пен Мәжілістің депутаттары талай рет келіп, проблемамызды көр­ді. Тұрғындардың жанайқайын естіді. Үш округтегі тұрғындардың проблемасын ми­нистр­ліктердің өкілдері де біледі.

Кезінде бұл мәселелерді Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты ретінде аудан, облыс әкімдерінің назарына талай рет салдым. Бірақ «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып, әсіресе жастардың ауылда тұрақтамауына әсерін тигізіп отыр. Шекарадағы ауылдардың әлеуметтік проблемасы оң шешілмесе, болашақта тұрғындар үдере көшіп кетуі мүмкін. Сол себептен Үкімет осы мәселеге назар аударып, елдің шекарасы бос қалмауын ойластыруға тиіс.

 

Мансұр ҚУАНЫШӘЛИН,

Балқұдық ауылының тұрғыны

 

Атырау облысы,

Құрманғазы ауданы