Бұл да бір қызық әңгіме, оқырман! Бұл да бір қызық сұрақ. Менімен келіспеуіңізге де, келісуіңізге де болады. Әлемді құтқаратын адамзаттың аяулы сезімдерінің бірі десек, ол – түпсенімі шығар. Әрине, сіз бұған дейін өткен ғұламалардың сөздерін келтіріп, бірнеше қисынға жыққаныңызбен, оларға да неше түрлі уәж бен дау айтылып, жазылып жүргенін білеміз. Мәселен, Достоевскийдің «әлемді құтқаратын сұлулық» деген сөзі кең таралғанымен, оған да әркім әртүрлі дау айтады. Біреулері «сұлулық емес, мейірім, махаббат құтқаратынын» дәйектейді. Ақыры әлемді қандай қасиет, нендей сезім құтқарады деген сұрақ сол қалпы жауапсыз қалғанға ұқсайды. Анығында әлемді адамзат баласы құтқарып қала алмайтын сияқты көрінеді. Тіпті адамзаттың кейбір сезімдерін техникалық құбылыстар жалмап бара жатқанда мұндай әңгіме айтудың өзі... Күлкілі сияқты сезіледі, кейде. Ал әдебиеттегі кейіпкерлер әлемі арқылы саралай бастасақ, біраз жайдың беті ашылардай көрінеді.
Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпірін» оқыған да, кинодан да көрген болар былайғы жұрт. Иә, жұлым-жұлымы шыққан Аспанның тағдыры көзіқарақтыдан бұрын көкірегі ояу жанның қай-қайсысын болса да бейжай қалдырмасы анық қой. Тәні қалай кесіліп-шабылса, жанының жарасы одан да ауыр. Өзінің тілімен айтқанда, «жартылай жерленген адам». Қара саннан кесілген қос аяғын ауруханадан шыққанда, әйелі мен екеуі әкесінің зиратына жақын тұсқа жерлеп қайтпаушы ма еді? Иә, Аспанның қасіреті осы жерден басталады десек тағы қателесеміз... Алтайда албырт өскен Аспан бұған дейін соғысқа барып, қан кешіп келген қазақ. Қан майданнан аман оралған аз қазақтың бірі. Онымен қоймай, өжет, қайсар жігіт. Турасын айтқанда, бетің бар, жүзің бар демей, шындыққа тік қарай алатын қазақтың бейнесі еді. Денсаулығы болаттай берік, рухы мықты жігіт неден жүнжіп, жуасығандай? Сөйте тұра, сана-сезімі сергек те өзі-тұғын. Автор мынадай детальды тегін қоспаса керек. Соғыстың соңғы жылы әлдебір қаланы азат етіп жүргенде, Аспан аңдаусызда бір ананы өлтіріп алады. Әйел адам, ана екенін білмей атып салады. Аспан атқан оқтан жайрап жатса да, жанарындағы «менің не жазығым бар?» деген сауал оның көкейінен кетпейді. Соғыстан арқалап қайтқан жан жарасының бірі – осы.
Аман-есен елге оралған ол жапан түзде шөп арасынан атпен жүріп еліктің қозықасын (лағы) тауып алып асырайтыны және бар. Соны өбектеп асырап, жайлауда жан баласына тиіскізбей, жұмысшылардың бәрі үйренісіп, тіпті, Аспанға бауыр басып қалған әлгі қозықаны кенеттен келген басқарманың иті талап тастайды. Үнемі қозықасын көзінен таса қылмайтын Аспан жағдайды көрісімен арашаға ұмтылып барып, қолына алған ағашпен итті ұрам дегенде, тазы қаша жөнеліп, ағаш саутамтығы қалмай таланған қозықаға қата тиіп, өз қолынан өлтіріп алады. Ашу-ызаға булыққан Аспан бастығының иті екен демей, үйден мылтық ала сала, басқарманың тазысын жайратып салады. Бірақ жазықсыз қозықаның мөлдіреген жанары көз алдында қалып қояды. Бұдан Аспан жанының мөлдірлігін, қанша күшті, денсаулығы мығым болса да, жүрегі нәзік екенін көреміз. Демек, Аспан соғыстан аман қалған тау қазағының жиынтық бейнесі. Осылай жаны жараланған оны-мұнысы аздай өмір не қасіретке қалдырмады? Қауіптің зоры сол кездегі АНАЛАРДЫҢ АЙҚАЙЫНАН келмей ме? Иә, автор АНАЛАР мен олардың АЙҚАЙЫН бас әріппен ерекшелеп көрсетеді. Сол заманның түбіне жеткен, қиянаты бүгінге жалғасқан АНАЛАРДЫҢ әлегі қазір үндемей, көрінбей істейтіндердің әдетіне көшкен. Ал АНАЛАР деген кімдер еді? Олар жеке басының абыройы мен мансабы жолында біреуді жазым етуден тайынбайтын, мансапқа жету үшін жоғары жаққа өтірікті қарша борататын екіжүзді қулар. Сол өтірігін жабу жолында біреуді құрбан қылудан тайынбайтын қаныпезерлер. Оларда ар, иман, обал, сауап жоқ. Қара басының қамы ғана бар, бітті. Басқа қайғы-қасірет жоқ. Ал Аспанның жаны даладағы аңға да ауырады. Өмір кімге жеңіл, кімге ауыр?..
Аспан атақты Сайтан көпірден жабағының бәрін өткізіп болады. Тек соңғысын іліктіріп, атына міне бергенде, «Аспан» деген АЙҚАЙ естіледі. Ирек жол мен Сайтан көпір тұсында айқай былай тұрсын, қатты түшкірген де қауіп, қар көшетін таулықтарға ежіктеудің қажеті жоқ. Ат-матымен қар көшкініне жұтылған Аспан сақылдаған сары аязда алты күн айдалада аяқтан жүре алмай жатып, жетінші күні аңшылар тауып алады. Көшкін ұрғанда, Қаба өзенінің суына ағып, Алла сақтап жағаға қалай шығып қалғанын да білмейді. Қалтасындағы алты малтаны алты күн қорек қылғанда, өлімге батып, ажал шақырмаған неткен сенім, неткен рух! Жалғыз сәтке қынынан суырған бәкісін бойына дарытқысы келеді-ақ, алайда оған бармайды. Сіз ойлаңыз, қыс ішінде суға батып шығып, жеті күн сақылдаған сары аязда жату... Мүмкін емес нәрсе ғой. Аспан түгілі аты майып болып кеткен. Ал Аспан ажалды жеңіп шығып, ақырында сақылдап күледі. Қатты үсіне бастағанда кей адам күлетін көрінеді. Сынған аяғы қалған саптама етігіне су толып, мұз боп қатқан да, аяғы содан жарамсыз болып, қара саннан төмен кесілмей ме? Иә, бастан құлақ, денеден аяқ садақа жан сақтап қалу үшін. Осыншама жантөзгісіз азап пен мехнаттан Аспанды құтқарып қалған не деген ой кімді болсын мазалары анық. Әуелі Алла десек, екінші өзінің үміт-сенімінің беріктігі дер едік. Айдалада аяғы сынып, онысы мұз болып қатып алты күн жатқан адам ойлай-ойлай өмірін өзі-ақ тауысып қоймас па еді? Үсіп бір, үрейден екі өлмес пе еді? Аспан өлімді ойламады емес, ойласа да оның өмірлік құштары мен сенімі жібермей қалды деуіміз керек-ақ. Сонау мыңжылдықтардан бері сапарлап, қыл мойыны үзілерге шақ қалып, өлуге айналған адамзат баласын сол сенімі мен нәзік үміті сақтап келе жатқанға ұқсайды. Ертеңге, болашаққа, Құдайға деген ұлы сенім. Жаны жаралы, тәнінің тең жартысы туралып кеткен, тамтығы қалмай, мыж-мыжы шыққан Аспанның рухы мен сенімінен өткен не бар дүниеде? Шығарманы оқып отырғанда, кей жерінде булығып, кей жерінде «ажалды жеңген Аспан» деп рухтанасың. Неткен берілмейтін өмірсүйгіш рух. Мұндай жүрек, мұндай рух елі мен жерін де солай сүйеріне кәміл сенбей көріңіз! Соғыстан аман оралған оның өзін мүгедек қылып қойғанын көрмейсіз бе? Алла дейсіз бе, аспан астын жаңғырықтырған АНАЛАРДЫҢ АЙҚАЙЫ – айып-қылмысы! Өзінде жоқ, өзгені көре алмайтын, көрсе іші қазандай қайнайтын оларда Отан, ел, жер жоқ, тек қара басы ғана бар. Олардың сенімі – мал-мүлік пен мансап, жалған атақ. Дүниені былғап, ала тайдай бүлдіріп келген солардың салығын ақ-адал жандар арқалап, ұрпақ сондығынан ғана өсіп-өніп, адамзаттың ұлы сапарын жалғарын «Сайтан көпір» еске салады.
Шығарманың соңында Аспанның ұлы Аман да елдіктің жүгін арқалап Сайтан көпірге барып тіреледі ғой. Үрейі ұшып, сандырақтап тұрғанда, әкесінің екі аяғы елес беріп, көпірден өтіп бара жатады. Бір сөзінде Аспан баласына «сен менің барымсың, бақытымсың, тіпті кесіліп қалған аяғымсың» деген сыңайда әңгіме айтатын тұсы бар... Әкесін өткізбей тастаған көпірден баласы өтеріне мен сенемін. Ол да Аспанның ұлы сенімінен қуат алған рух секілді сезіледі.
Ал Аспан аяқсыз қалғанда тастап кетпеген жарының асыл бейнесін сипаттауға тіл мүлде жетпейді.