• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Қараша, 2022

Күрескер Гейне

272 рет
көрсетілді

Ымырт үйірілген шақта немесе айнала тыныштық құшағына оранып, түн қойнауында ондық шамның түбінде отырғанда; көңіл іші алабұртып, елегізіп әлдене іздеп аласұрғанда, жан құмары бөгде кеңістікті іздеп, өзінде жоқты бармен толтыруға ұмтылғанда шынайы оқырман қолға поэзия кітабын алады. Егер сол кітап Генрих Гейненің өлеңдері болса, онда оқырман жүрегі діттеген мақсатына бек жетер деп ойлаймыз.

Гейне шығармалары шына­йылығымен, нәзік, тұмса тазалы­ғымен баурайды. Ақ қанат киген нәби жырларды оқып болған соң бейнебір Құдай үйіне кіргендей кеудеде жеңілдіктің табы қала­ды. «Мен алып қасіретімнен алақандай жырлар тудырамын» дейді Гейне. Шынында, ақын өлеңдері шап-шағын, әрбірі дабыра мен пафостан аулақ. Бірақ түймедей шумақтарда түйедей ойлар айтылып, тұтас заманның бедері көрінеді.

Ғашықтың қалың дертін,

Таттың достым, арбалып.

Ақыл – көктен көрінген түн,

Жүрек болса жап-жарық.

Махаббаттың жағалауы.

Үнсіз тұрар, берік ер.

Көңіліңнің ақ алауы,

Күртешеңнен көрінер.

Гейне өлеңдері өзі туған неміс ұлтының ауыз әдебиетімен астасып, күрделі орамдары ұлттық көркемдікпен қатар өрілген. Әу бастан махаббат жырын жырлап, оқырманға нәзік өлеңдерімен танылған Гейне уақыт өте келе азаматтық айбынды ұстанымын танытты. Ирония, эпиграмма, юмор, сарказм жанрларында сәтті қадамдарға барды. Шағын лирикадан өзгені білмейді, өмірдің үлкен тақырыптарын қамтып, зұлымдықпен алысуға қауқарсыз, мінезсіз деп сынаған сыншылардың лепесіне құм құйып, ақын орта жасқа ауған­да азаматтық, күрескерлік бол­мысын танытты. Өмірін то­лық шығармашылыққа арнап, 1831 жылы түрлі себептермен Парижге қоныс аударады. Француз елінде белгілі жазу­шылармен, әртістер, музы­кантармен, соның ішін­де Бальзак, Жорж Санд, Беран­же, Александр Дюма, Г.Андер­сен, Шопен сынды танымал тұлға­лармен пікірлес болады. Мұнда пуб­лицист, театр сыншысы, фи­­ло­соф ретінде де еңбек етіп, өне­­рінің жан-жақты қырларын ашады.

Найзағай болып күркіреп,

Жарқ ете білмес дедің бе?

Жауар бұлт боп сіркіреп,

Жасын атам тегінде!

Гейне неміс қоғамындағы жа­ғымпаздық пен тоғышар­лық­ты жан сала сынап, неміс монархы, Пруссия королі IV Фри­дрих-Вильгельм, Бавария королі I Людвиг сынды жо­ғарғы тап өкілдерінің сатиралық пор­треттерін жасайды. Бұлар өзін Құдай­дың нұры түскен адам сана­ғанымен, шын мәнінде, халықты езіп-жаншушы, нағыз жауыз, халықтың жауы деп сынады. Ақын өлеңдері қашанда ой тиянақтылығымен, өткір тілімен ондыққа дәл тиіп отыр­ды. Күрескерлікті өмір­лік ұс­тын еткен Гейне қоғам­да­ғы ке­­леңсіздіктерді, озбыр­лық пен жөнсіз ақауларға қа­шанда үн қатып отырды. Өз за­ма­нының әділетсіз қоғамына налыды. Германиядағы саяси тәртіп­терді жек көрді, жөнсіз құ­рылымның ұзақ жасамайтынына сенді. Ол өзін «азаттық күрес жолындағы сарбазбын» және «революциялық толқудың дабыл қағушысымын» деп атап, өмірінің соңына дейін әділет­сіздікпен күресіп өтті. Ша­­мына тиген ақынды жер бе­тінен жоюға тырысқан талай зұлым күштер әрекетке кі­ріс­ті. Алайда ол азаматтық ұст­а­ны­мынан тайған жоқ. Соңғы күнге дейін қаламын тастамай, ақырғы сөзінде: «Қалам мен қағаздарым!» деген болатын. Көзі тірісінде-ақ Еу­ропа елдеріне даңқы асқан Гейне есімі өмірден өтісімен жаһанға таралып, ізгілік, әділет сүйгіш жүректердің сүйік­тісіне айналды.