Ұлы даланың бір пұшпағы – Созақтың қасиетті топырағынан нәр алып, қазақ әлемінің рухани-мәдени өміріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған, ұлтымызға олжа салған жақсылар мен жайсаңдардың ізгі жолын лайықты жалғап, өз есімін ел есіне талантымен, дарынымен таңбалаған оғландардың бірі – Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ақын, журналист Төреғали Тәшенов.
Арыға бармай-ақ берінің жазиралы өлкесіне ат шалдырсаңыз Сүгір, Қожанов, Кеңесбаев, Әлімқұлов, Мұсаев, Момбеков, Сүлейменов және басқа да ірілердің есімі жаңғыратын киелі Созақ жерінде туып, ұлы ортақ мүдде – қазақ руханиятына қызмет ету, үлес қосу ісін ойынан бір сәтке де шығармай, талантына еңбекқорлығын, ізденімпаздығын тірек ете жүріп ел аузына іліккен Төкең – Төреғали өз елінің алдындағы жауапкершілігін терең сезінетін азамат. Осы жауапкершілік оны байыз таптырмай, ақындық пен журналистиканың тізгінін қатар ұстауға мәжбүр еткені сөзсіз.
Төкең оқушы дәптеріне алғаш балаң ойын өлең ете өріп, талаптанған сәттерден бүгінге дейінгі аралықтағы жүріп өткен жолына көңіл көзін жіберсеңіз, тынымсыз еңбек пен іркіліссіз ізденістің, ширығудың, шығармашылық бақытқа кенелу құмарлығының, ұдайы ұштамаса ұшпаққа шығара қоюы қиын талантының тәтті де құнарлы жемісін көресіз.
Оның балаң көңілін жазуға желіктірген, өлеңге еліктірген жастайынан кітапқұмарлығы болса керек. Дұрыс шығар, бірақ Төкеңді қызығы мен шыжығы қосарлана жүретін шығармашылық қазанында қайнатқан ананың сүтімен, атаның қанымен дарыған қасиеті.
Көп ақын өзінің балғын шағында жазған жазбаларын есейгенде оқып беті қызарып, онысын жыртып тастайды емес пе, ал біздің Төкең он екі-он үш жасында жазғандарын бүгінге дейін сары майдай сақтап келеді. Мұның себебі – сірә, балауса өлеңдерінің өзі етек-жеңі жинақы, есті болғаны ғой. Бұл жөнінде Төкеңнің өзі: «Сол өлеңдерімнің кей жерін түзетіп кеп жіберсем, дап-дайын, тәуір дүние болады», дейді. Жә, өткен шақты қоя тұралық.
Қай ақын болсын өлеңді кие санайды, одан қасиет іздейді. Онсыз ақындық өнер ешкімге есігін ашпайды.
«Қажылыққа ниет еткен құмырсқадай,
Бетке алдым өлеңнің қағбасын.
«Жеткізер, – деме, – бұл жүріс қалай?»
Жете алмасам жолда өлермін».
Бұл Төкеңнің өлең туралы толғанысы.
Ақын өлеңді Қағбадай көреді, дұрысы – ақын үшін өлеңнің өз Қағбасы бар. Сол Қағбаға ұмсынып, оған қол тигізбей қоймауды мақсұт еткен Төкеңнің көздегені – өлең шыңы. Ол осы жолда жанын қиюға әзір. Ақындық серт, қайсарлық, өлеңге деген адалдық осындай-ақ болар.
Алматыда 1985 жылы өткен республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты атанып, 1987 жылы республикалық «Жалын» журналында топтама өлеңдері жарияланып қазақ поэзиясындағы сапары оңғарылған Төкеңнің туындыларындағы поэтикалық әдістер, эстетикалық талғаммен өрілген шумақтар, ілкімді ой, мәністі мәнерлер санаңа салмақ сала отырып сергітеді, ширатады, шабыттандырады, айналып келіп қазақтың қара өлеңінің қадірін ұқтырып, қасиетін сездіреді. Ақындық қуат деген, бәлкім осы шығар.
Қазақта халқымыздың қара өлеңін темірқазық етпеген ақын жоқ шығар. Осы қасиет тұнған темірқазыққа мықты ақындар өзін әрқилы байлайды. Бастауын халықтан алған, Абай құнарландырған, Мағжан байытқан, Мұқағали сәнін келтірген қара өлеңнің сарқылмас қазынасынан шөлін қандырып, соның өтеуін өз шеберлігімен қайтара білген Төкеңнің қазақ поэзиясының жазира-жазығындағы шабысының екпінін анық байқатар өлеңдерінің астарында сөз ұғар оқырманға оңайлықпен ашыла қоймас жұмбақ сыр, тылсым күш бар. Сенбейсіз бе? Олай болса, басқасын айтып жатпай-ақ, мына бір шумаққа назар салыңыз. Сонда сенесіз.
«Адамды қойшы,
Құдаймен жүрмін келіспей,
Тәңірдің ісін терістей берем, кері істей.
Мейірін Көпке,
Пейілін Көкке бермеген
Тек өзім білем кеудеме қатқан
берішті, ей!»
Құдайды тану мүмкін бе? Жауап беру қиын. Ал Жаратқанды тануға тырысу адамдықтың әзіз жолы емес пе? Бұл жолға түспеген жанның кеудесінде уайым мен қайғы беріш болып қатпай ма? Ендеше, кінәні өзгеден емес өзіңнен ізде. Ақын осыны ашық, астарламай жеткізіп тұрғанымен бәрібір өлең өзінің ішкі қатпарына тылсымды күшін жасырып тұр.
Жыр додасында сыналып ысылған Төкеңнің шығармаларында ұлттық құндылық, таным-түсінік кеңінен көрініс береді. «Түркiстанмен табысу немесе Әзiрет сұлтан рухымен тiлдесу», «Қарлығаш пен Қазақ», «Жалғыздың жыры», «Қамшы тарту», «Жылқы мінез», «Адыраспан», «Үшкіру», «Қара шаңырақ», «Тал бесік» сияқты өлеңдер легінің қайсысын алсаңыз да ұлттық нақыш-бояуы қанық.
Т.Тәшенов өлеңдерінің поэтикасына, эстетикалық әлеміне зер салсаңыз неше түрлі әдіс-тәсілдерге, тұшымды тұжырымдар мен парасатты пайымдарға молынан кезігесіз. Ақынға аз-кем кезек берейік. Төкең «Сурет» атты өлеңінде:
«Айлы түн – ақ жал арғымақтардай,
Айдын көл – жатқан
жарқырап маңдай…
Сар дала жақтан сұлуша есіп,
Сыпайы ғана салқын аққандай;
Дүлейдің шоғы – үрейдің оғы
Қып-қызыл жұлдыз балқып аққандай,
Жалғыздың мұңы – байғыздың үні
Жаныңды бір сәт қалтыратқандай…»
Көңілдің кілтін дөп басып, адамның құбылмалы жан сарайынан сыр шашып тұр.
Тағы бір өлең – «Өрт ішінен аман шыққан гүлдеймін»:
Күнде, мейлің,
Міне, мейлің,
Күл, мейлің!
Өрт ішінен аман шыққан гүлдеймін...
...Бақ деген – бір бақа айғырдың қасқасы,
Бұрыс қонып, дұрыс ойға шөкпеген.
Шалмаса да жиі шабыт – шабан кер,
Менің кеудем – жазылмаған кәлам-шер.
Кеңдігінен кемдік көріп жүретін
Маған емес,
Маңдайыма сәлем бер!..
Түсін бермес,
Іші түгіл, жазған бас,
Жер қозғалар – Төреғали қозғалмас».
Ақын осы өлеңінде өзінің болмыс-бітімін, ішкі сырын поэтикалық ұтымды әдіспен бере алған...
Төкеңнің туған жер, ел, өмір, табиғат, махаббат және басқа да тақырыптар қозғалған өлеңдері кімді де болсын бейжай қалдырмайды. Әсіресе ақынның туған жерге деген ілтипаты ерекше екендігін шығармашылығынан анық байқайсыз. Туған жер, өскен ел тақырыбында жазылған өлеңдерінен қазақтың тарихы, шежiресі сөйлеп кеп береді де қазақы қаның тулайды.
Төкең «Қаратау» деген өлеңінде былай толғапты:
«Біресе көк мұнартып,
Біресе қоңыр тартып,
Құбылған қайран тауым
Шоқтығы артық.
Тепсінген Теріскейдің рухындай,
Тұр ә-неу өр ашуың көкті шарпып.
Мен үшін асқар шыңың – Аршыдайын,
Көрінер құзың биік – Күрсідейін...
Үзілмес мұңың мың жыл жырласа да
Сүрінбес жүз жырау мен мың сүлейің...
...Қаратау – Созақтың керме қасындай,
Аспан мен Жер жаралғанда
Ортасында қалған
Ашылмай – Құдайдың қайғысы тұнған қара тасындай...»
Созақтың күнгей желкесінен көктей өтіп жатқан, мырза пейілмен байлығын шашса да құт-берекесі ортаймас Қаратауының шыңын Аршыға, найзадай үшкір құзын Күрсіге теңеген ақынның туған жерге деген ыстық ықылас, ілгері ниетіне қалай сүйсінбессің?!
Созақ ауданының орталығы Шолақ-Қорған ауылына жақын, Қаратаудың етегіне жармаса орналасқан Қарабұлақ деген берекелі ауыл бар. Төкең осы ауылда туған. Мұқағалиға Қарасазы қадірлі болса, Төкеңе Қарабұлақтай жер жаннаты жоқ. «Қайран, Қарабұлағым» деген өлеңінде ақын былай дейдi:
«Қайран, Қарабұлағым!
Қайда қамсыз, бұла күн?!
Жаным бүгiн жабырқап,
Жар басында жыладым...
...Топырағы – құнарым,
Тасы болған – Тұмарым.
Қайран, Қарабұлағым,
Қайран, Қарабұлағым!»
Ақын үшін өзі әрбір тасын тұмардай көретін Қарабұлағы құтты қоныс, берекелі мекен.
Ақынның оқырманнан лайықты бағасын алған, әріптес ағайын жылы лебіз білдірген «Аққудың қауырсыны», «Жауратқан – жапырақтың көлеңкесі» және «Сарғалдақ» атты жыр жинақтары халқымыздың рухани қазынасына қосылған үлес. Ақын бақытының мәні де осында.
Аталған кітаптар Төреғали Тәшеновтің қазақ поэзиясындағы орнын айқындап берді. Десек те ақын үшін 1997 жылы Алматы қаласында басып шығарылған «Аққудың қауырсыны» атты жинағының жөні бөлек. Бұл туралы Төкеңнің өзі былай дейді: «1997 жылы «Аққудың қауырсыны» деген пышақтың қырындай тұңғыш жыр жинағымды Алматыдан мың дана етіп шығардым. Тұңғыш жинақ болғанмен, ол жұртқа таңдамалым сияқты әсер етті. Әбден өзімнің қатаң сынымнан өткен, пісіп-жетілген отыз бес жасымда шығарған кітабым ғой. Осы алақандай кітап менің ақындық паспортым болды. Қазақстан Жазушылар одағының 1998 жылғы әдеби жылдық қорытындысында баяндамашының аузына ілігіп, жақсы бағаланды».
Ал таяуда ғана жарық көрген, Алматыда тұсауы кесіліп, әлі біздің қолымызға жетіп үлгермеген «Айттым құлдық, Қаламқас» атты жаңа жыр жинағы ақынның поэзиядағы белесін өзгеше өлшем биігіне көтерерін ішіміз сезеді.
Т.Тәшеновтің журналистика саласындағы еңбегі де ерен. Жаңатас қаласында шығып тұрған «Қаратау кеншісі» – «Горняк Каратау» өндірістік газетінен журналистік жолы басталған Төкең республикалық басылымдарда жарық көрген мақалаларымен кеңінен танылды. Оқырман мақаласын қиып алып, сақтап қоятын ізденімпаз журналистердің қатарына қосылған Төкеңнің қозғаған тақырыптары таңғалдырады. Тақырыбын ойната қойып, әрбір сөйлемін мәнісін келтіре жазар біздің кейіпкеріміз аңыздан ақиқат іздегенде, жабулы жатқан, қалтарыста қалып қойған мәселелерді алдыңа жайып салғанда разы боласың. «Пушкинді атқан – кім?», «Арқалық аспанын аңдығандар кімдер?», «Жеті қат жер астынан шыққан дауыс», «Қапшағайдың тиімділігі көп пе, зияны көп пе?», «Қазығұрттың төбесінен неге ұшақ ұшпайды?», «Қағбадағы қантөгіс», «Ұлы Маңғыттың соңғы тұяғы», «Хан Тәңірі – қазақ жерінің Шамбаласы», «Аға лейтенант Ағаевты ақтай аламыз ба?», «Шымкентті шулатқан «соғыс» қашан болып еді?», «Теміртау трагедиясын» тудырған айыптылар кім?», «Штирлиц – қазақ» болған ба?», «Гитлердің Қазақстанға соғысы» нені көздеді?», «Әлемдік жасырын үкімет» қайда орналасқан?» сынды көптеген материалы талайдың есінде болар.
Төкеңнің ғылыми-танымдық мақалаларын айтсаңшы, шіркін! Оның бұл бағыттағы зерттеулері қазақ публицистикасының деңгейін көтерді. Ол не жазса да жеріне жеткізе әрі батыл жазды. 2011 жылы «Сана мен саясат» және 2012 жылы «Тәуелсіздік талайы», 2016 жылы «Қара жердің кіндігі» атты жинақтарында топтастырылған еңбектерінен оның публицистикалық жанрда қарымды қаламгер екенін анық көресіз. Төкеңнің ел есінен шығып бара жатқан оқиғаларды «желкесінен сүйреп» алып шығар шеберлігі, санасының сүзгісінен өтіп, көңіліне әсер еткен ой-пайымдарын ұсынудағы ептілігі өз алдына бөлек әңгіме.
Төкең «Енді қандай мақала жазар екен?» деп елеңдеп күтіп жүретін оқырманы көп екенін сезетіндіктен ешқашан олпы-солпы дүние ұсынбайды. Оқырман алдындағы жауапкершілігін сезіну деген осы болар. Оның жазған зерттеу мақалалары, жүргізген сұхбаттары бүгінде интернет әлемінде, сайттарда өріп жүр. Көшіріп алып баса береді. Оларға пәлен деп жатқан Төкең жоқ.
Әрине, мақала өздігінен жазыла салмайды... Биік талғамы, көпшіліктің алдындағы жауапкершілігі Төкеңді тыныш жатқызбайды. Том-том кітаптар оқу, ескі басылымдарды, архивтерді ақтару, олардан тапқан дүниелерін талдап, сараптап бүгінгі оқырман талабына сай жазып шығу оңай деймісіз. Бірақ Төкең осындай ауыр бейнетті абыроймен атқарып келеді. Өйткені оның өмірі жауапкершіліктен құралған. Белгiлi әдебиетшi ғалым Қансейiт Әбдезұлы кезінде Төкеңнің жазбалары жас журналистерге шеберлiк шыңдау жағынан да берер сабағы мол екенін айтқан еді. Ғалымның бұл пікірін алдағы уақытта ескергеніміз абзал.
Қорыта айтқанда, Төреғали Тәшенов – поэзия әлемінде де, ұлттық баспасөз кеңістігінде де өзіндік орны бар айтулы қаламгер. Бұл біздің ғана емес, жұрттың пікірі.