Ел тағдырындағы тарихи сәт – басым көпшіліктің дауысымен жеңіске жеткен Қазақстан Республикасы Президентін ұлықтау рәсіміне куә болдық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлаудағы сенімді жеңісі – ұлт бірлігін, республиканың бүкіл азаматының жаңа және әділетті Қазақстан құруға деген ұмтылысын көрсетті.
Ел Президенті өз сөзінде ауыл халқын қолдауға ерекше тоқталды. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасы мен денсаулығын жақсартуға бағытталған денсаулық сақтау саласын жаңғырту бағдарламасына қатысты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы дәрігерлер мен педагогтер ерекше құрмет пен мәртебеге лайық екеніне екпін берді. Алдағы уақытта медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін неғұрлым айқындайтын және сақтандыру тетіктері арқылы олардың тиімді қорғалуын қамтамасыз ететін бірқатар заңнамалық норма қабылдау қажет.
Қазақстандықтар әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан әл-ауқаты жоғары әділетті Қазақстанды құру жолында саналы таңдау жасады. Мемлекет басшысының түрлі жоспарлы бағдарламаларға қатысты тапсырмасын денсаулық сақтау саласы да жауапкершілікпен жүзеге асырады деп сеніммен айта аламын. Халық «бірінші байлық денсаулық» деп бекер айтпайды.
Президенттің сайлауалды бағдарламасында халық саламаттылығын кезең-кезеңмен арттыру, бөлінетін қаржыны лайықты игеру жүйелі айтылды. Осы жолда біздің сала аянып қалмайды.
Ажар ҒИНИЯТ,
Денсаулық сақтау министрі