2022 жылғы 26 қарашада жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Бізді, «Ауыл» партиясының мүшелерін, барлық ауыл тұрғындарын, барша қазақстандықтарды Мемлекет басшысының өз сөзінде ауыл мен ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін бірінші кезекте атап өткені қуантты.
Көп ұзамай Президент «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» алғашқы Жарлығына қол қойды. Осылайша, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына өзінің адалдығын тағы да растады.
Өткен президенттік сайлауда «Ауыл» партиясының кандидаты Жигули Дайрабаев екінші орынға ие болды. Біз, «Ауыл» партиясы да, біздің кандидат та сайлауға қатысу арқылы, сайлаушылар алдында, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде айтылған сөздер арқылы ауылдағы және ауыл шаруашылығындағы күрделі жағдайларға жұртшылықтың назарын аударуға тырыстық. Мемлекет басшысының ауылды дамыту мәселесін бірінші орынға қоюында біздің «Ауыл» партиясының, кандидатымыз Жигули Дайрабаевтың да еңбегі бар деп санаймын.
Біз әрқашан Қазақстанның барлық әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешудің кілті еліміздің ауыл және ауыл шаруашылығы мәселелерін шешуде жатқанын, ауыл мәселелерін шешсек қала мәселелері шешілетінін айттық. Азық-түлік бағасының тұрақты өсуі, жұмыссыздық, халық табысының төмендігі, тұрғын үйге, қалалардағы балабақшаларға шексіз кезек – бұлардың барлығы ауылдың мәселесі шешілген уақытта шешіледі.
Ауылдардағы өмірдің жақсаруы ғана қаладағы, жалпы елдегі жағдайдың жақсаруына әкеледі. Егер ауылдағы және ауыл шаруашылығындағы жағдай нашарлай берсе, онда қаладағы және жалпы Қазақстан бойынша жағдай да одан әрі нашарлайды.
«Ауыл» партиясы әрқашан ауыл мен ауыл шаруашылығының дамуын бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайтынына сенімді. Өйткені олар сиам егіздері сияқты. Ал оларды бөлуге тырысу екеуінің де күйреуіне әкеледі. Екіншіден, ауыл мен ауыл шаруашылығының табысты дамуының негізі сервистік-тұтыну кооперативтері болу керек.
Сонымен қатар мұндай кооперация тек жеке қосалқы шаруашылықтарға ғана қажет емес. Сервистік-тұтыну кооперациясы барлық шағын, орта, ірі шаруа қожалықтарына, сондай-ақ акционерлік қоғамдар немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер немесе өндірістік кооперативтер деп бөліп, олардың мөлшеріне және олардың ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан барлық ауыл шаруашылығы өндірістік заңды тұлғаларға қажет.
Төлеутай РАХЫМБЕКОВ,
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары