Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірнеше өңірінде оқушылар онлайн оқу режиміне ауыстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қостанай қалалық білім басқармасының мәліметінше, қатты аязға байланысты бүгін бірінші ауысымдағы 9-сыныпқа дейін оқитын оқушылар қашықтан оқыту форматына көшірілді.
«Ауа температурасы -27 градус, жел секундына 3 метр. Қостанай қаласындағы мектептердің бірінші ауысымындағы 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына көшіріліп жатыр», делінген хабарламада.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында аязға байланысты оқушылар онлайн форматта оқиды.
«Абай облысы аумағында ауа температурасы -31 градус аязды көрсетіп тұр. Осыған байланысты 30 қарашада бірінші ауысымда оқитын 1-11 сынып оқушылары және колледждердің 1,2 курс студенттері үшін сабақ онлайн форматқа ауыстырылды. Шығыс Қазақстан облысының Алтай, Тарбағатай, Глубокое, Самар, Қатонқарағай, Күршім аудандарында 0-11 сынып, Өскемен мен Риддерде 0-9 сынып, Жаңа Бұқтырма елді мекенінде 0-4 сынып оқушылары қашықтан білім алады», делінген жергілікті білім басқармасының хабарламасында.