• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 30 Қараша, 2022

Президент ЭЫДҰ Бас хатшысы Матиас Корманмен кездесті

391 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға жасаған ресми сапары аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Матиас Корманмен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында Президент Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы табысты ынтымақтастық деңгейіне тоқталды.

«Кеше Президент Макронмен кездесуде біз екіжақты қарым-қатынасымыздың көптеген аспектісіне қатысты ұстанымдарымызды нақтылап, маңызды құжаттарға қол қойдық. Сонымен қатар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен өзара байланыс Қазақстан үшін әрқашан басым бағыттың бірі болғанын атап өткім келеді. Сіздің ұйымыңызбен байланысымызды сақтауға ниеттіміз. Сондай-ақ еліміздің экономикалық дамуына қатысты ұйымның ұсыныстары мен кеңестері үшін ризашылығымызды білдіреміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұйыммен ынтымақтастық орнатқалы бері Қазақстан ЭЫДҰ-ның 42 құқықтық құжатына қол қойған, 37 органының жұмысына қатысады және түрлі салалық құжаттың белсенді мүшесі. Сонымен қатар Қазақстан ЭЫДҰ-ның Еуразия елдерінің бәсекеге қабілетін арттыру, жемқорлықпен күрес және жасыл экономиканы дамыту жөніндегі өңірлік бастамаларына белсенді түрде қолдау көрсетеді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Үкіметі мен ЭЫДҰ арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум аясындағы бірлескен бастамалардың ауқымын кеңейту ұйыммен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруда маңызды қадам болады.

Өз кезегінде Матиас Корман Қазақстанның ұйыммен табысты ынтымақтастығын  оң бағалайтынын жеткізді.

Кездесу нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның «Құрметті қонақтар кітабына» естелік қолтаңба қалдырды.