Қазақ күй өнері дегенде, оның үлкен мектебіне жататын шертпе күйлерге соқпай кете алмаймыз. Осы орайда, 1-3 желтоқсан аралығында Алматыда өтетін республикалық «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі – ұлт руханиятын насихаттауда үлкен оқиғаға айналмақшы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Жанғали Жүзбаев мәлім етті.
«Қазақтың күй өнері әртүрлі жанрдан, аймақтық ерекшеліктерден тұратыны белгілі. Солардың арасында мәнерге бай дәстүрлі бөлігі – шертпе күй. Сондықтан шертпе күйлерге арналған фестиваль біріншіден күй сайысы, екіншіден Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі талантты орындаушылар бас қосып, сұхбаттасатын күй жәрмеңкесі болмақ. Конкурс бағдарламасында еліміздің өңірлерінде дамыған күйшілік мектептердің, сондай-ақ қазақтың классикалық күй мектебін жасаған ірі тұлғалар – Тәттімбет, Қожеке, Сүгір, Әлшекей, Бейсембі сияқты ірі күйшілердің шығармалары, халық күйлері орындалады. Фольклорлық санамызда қалған көне саздар да осы фестиваль аясында тартылады. Жаңа заман композиторларының шертпе күй саласындағы еңбектері де қамтылады. Кешегі ірі күйшілер Т.Момбеков, К.Күмісбеков, атақты Н.Тілендиевтен қалған әдемі шертіс, осы замандағы С.Тұрысбеков, Б.Ысқақов, М.Әбуғазы сияқты майталман күйшілерге дейін жалғасқан тамаша мәнер бар, дәстүр бар. Осының бәрі күй бағдарламасына арнайы енгізілді. Бұл күй өнерінің тойы болмақ», деді күйші Жанғали Әлімханұлы.
Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиевтің айтуынша, қазақ өнері мен мәдениетін насихаттау мақсатында қолға алынған ірі жобалар арасынан ойып орын алатыны – осы «Шертпе күй» фестивалі 1-3 желтоқсан аралығында Алматы қаласында межесіне жетеді.
Қазіргі жаһандану заманында сананың деколонизациясын сақтап қалатын жауһарлардың бірі күй өнері десек, қателеспейміз. Бұл мұраны ұлттық дәстүріміздің мәйегі ретінде де атап өтуге әбден тұрарлық.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің базасында алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Бұған дейін мұндай шара республика көлемінде Талдықорған қаласында өткен болатын. Байқау 2 турдан тұрады және фестивальдің жабылуы болады. Қазылар алқасының құрамына Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбек, Біләл Ысқақ, Мұрат Әбуғазы, Батыржан Мықтыбаев енді.