Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының «Ashyq Alan» жобасы аясында «Social project mаnаgement орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен девиантты мінез-құлықты жастармен жұмыс жүргізу бағытында бірнеше семинар-тренинг өтті.
Девиантты мінез-құлық – жалпыға ортақ мойындалған құқықтық нормалардан, әдептерден ауытқу. Көптеген зерттеуші ғалымдардың тұжырымдамасына жүгінсек, жастардың ата-ана мен ұстаздарға қыр көрсетуі, үлкендердің тілін алмауы, жағымсыз жандарға еліктеуі, темекі мен ішкілікке үйір болуы девиантты мінез-құлықтың алғашқы белгілері болып саналады. Мұндай мінез-құлық басқа әлеуметтік топтарға қарағанда жастар арасында көп кездеседі. Ал оның түпкі пайда болу себептері әлеуметтік теңсіздікте, ата-аналардың балаларына дұрыс көңіл бөлмеуінде, бос уақыттың пайдасыз, зиянды нәрселерге жұмсалуында жатыр. Десек те жастар арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алуға болады. Осы мақсатта ел жастарының ең көп бөлігі шоғырланған Алматыда жастардың басын қосып көптеген тренинг ұйымдастырылып жатыр.
«Жастардың бойындағы девиантты мінез-құлықпен күресудің ең тиімді жолы – олардың жүрегіне өзіне деген сенімді ұялату. Кез келген адам табиғаттың мүшесі, мемлекеттің азаматы. Жастар өзін қоғамдық ортаға керекті санағанда бойында сенім оянып, баршаға пайдалы іспен айналысуға тырысады. Алтын уақыттарын бос өткізіп, денсаулықтарына зиянды іспен айналысудың алдын алу мақсатында жастар арасында үгіт-насихат шаралары жиі жасалып жатыр», дейді жоба жетекшілері.
Қоғамда білім алып, еңбекке араласып, өз жолын қалыптастырып жатқан адамдар көп. Дегенмен, кейбір жастар өз өміріне жауапкершілік алудан қашады. Жобаның негізгі мақсаты – жастар мен жасөспірімдерді жауапкершілікке тәрбиелеп, еңбек нарығына еркін араласуға баулу және қоғамда өз орны бар азамат қалыптастыру. Іс-шараны ұйымдастырушылар мен семинар жүргізушілері жастармен тығыз байланыс орнатып, оларға дұрыс жол сілтеді. Қазірден бастап кім болғысы келетіндерін шешіп, сол бағытта еңбектену керектігін түсіндірді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Ел ертеңі жастарға бағыт-бағдар беретін осындай шараларды жиі ұйымдастырудың маңызы зор.
АЛМАТЫ