Ең ғажап суретші – табиғаттың көз тояттайтын сұлу картиналарын күнде көзбен көргенімізбен, кейде көргенді көңілге тоқып, жүрекпен сезіне алмай жатамыз. «Көзінен басқа ойы жоқ» деген Абай өлеңіндей өмір сезімсіз өтіп жатқандай көрінетіні тағы бар. Жүректің көзін жұмуға, сезімін сөндіруге әсте болмайды. Осы мақсатта елордада алғаш рет «Жүрекпен көремін» шығармашылық көрмесі мен қараңғылықта керемет концерт ұйымдастырылды.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Тәуелсіздік және Халықаралық мүгедектер күніне орай «Мирас-А» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өткен «Жүрекпен көремін» атты шығармашылық көрмеге келушілер қатары көп.
«Мирас-А» қайырымдылық қорының директоры Кәмшат Үсенқызы «sezin» қайырымдылық жобасының аясында өткен көрменің мақсатын айтып берді. «Жүрекпен көремін» шығармашылық көрмесінің мақсаты – келушілердің бойындағы уайымынан арылып, суреттерді жүрегімен сезіндіру. Себебі олар алдымен маска кию арқылы суретті көзбен көрмей, тек аудиодискрипциясын тыңдайды. Содан кейін барып елестеткен картинаның бейнесін көре алады», деді ол.
«Бүгін керемет көрменің өтетінін естіп, қуана жеттім. Іс-шараға қатысып, оның әсерін сезінуге келдім. Мұндай маңызды шараларды мемлекет тарапынан болсын, азаматтық қоғам тарапынан болсын қолдауымыз қажет», деді Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетқызы.
Іс-шара барысында елімізге және әлемге танымал суретші, Қазақ ұлттық өнер университеті «Бейнелеу және мүсіндеу» кафедрасының доценті Лейла Болатқызының керемет суретіне елестету арқылы бейнесін көру жасалынып, суреттің сол жерде ашылу салтанаты болды.
Аталған көрме әрі қарай айрықша концертке ұласты. Бұл – қараңғыда өтетін жаңа форматтағы жоба. Кеште көз жанарынан ерекше қабілетті жандар арасындағы үздік әншілер музыкалық туындыларын, өмір туралы авторлық шығармаларын сезіммен орындады.
«Нұрдана Арғынұлымен бірге 2019 жылдан бері дуэт болып ән шырқап жүрміз. Концертке қатысу үшін Талдықорған қаласынан арнайы келдік. Концертте өзімнің авторлық әндерім мен Нұрданамен «Аңсаймын жарық күнді» әнін шырқап шықтық», деді әнші Алғысбек Дәуенұлы.
Сондай-ақ ілкімді іс-шараға қонақ ретінде белгілі әншілер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері қатысты. Кешті ұйымдастырушылар шарапатты шараның өтуіне қолдау білдірген Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақ ұлттық өнер университетіне ерекше алғыстарын айтты. Келер жылы аталған акцияны республика көлемінде өткізу көзделіп отыр. Көп адамның жүрек көзінің ашылуына сеп болған іс-шараның расында рухани құндылығы жоғары болды. «Жүректің көзі ашылса, хақтың түсер сәулесі» деп Абай аңсаған сәулелі сәттер сол күні Қазақ ұлттық өнер университетінде қараңғыда жарық шашып тұрды.