• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Желтоқсан, 2022

Қоқыс мәселесі қалай шешіледі?

2707 рет
көрсетілді

Биыл елімізде заңсыз 5 723 қоқыс орны анық­тал­ды. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 21,9 пайызға азайған. Әрі қалдық үйінділерінің 3 500-ден астамы жойылыпты. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, республика бойынша рұқсат етілген 3 мыңға жуық қоқыс полигоны бар. Десе де, оның 21 пайызы ғана экологиялық және санитарлық нормаларға сай. Демек елімізде қоқыс мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Шетелде де бұл проблема маңыздылығын жойған жоқ. Әлемде жыл сайын 2 млрд тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Бұл – қоқыс мәдениетінің дүние жүзінде бір ізге қойылмағанының көрінісі. Сарапшылар тіпті 30 жылға жуық уақытта қоқыс көлемі 70 пайызға өсіп, 3,4 млрд тоннаға жетеді деген пікір айтып жүр. Сондықтан еуропалық комиссия қайта өңделген өнімдерді пайдалануды арттыру бойынша ұсыныстарды жариялауды жоспарлап отыр. Өйткені пластиктің шамамен 40 және қағаздың 50 пайызы қаптама үшін пайдаланылады екен. Ал бұл тұрмыстық қатты қалдықтардың 36 пайызын құрайды. Егер Еуропарламент пен Еуропалық Кеңестің, ЕО-ның 27 үкіметінен тұратын топ мақұлдаса, 2025 жылға қарай шамамен 65 және 2030 жылға қарай 70 пайызға қоқысты азайту көзделіп отыр.

Елімізде қоқыстың мөлшері 160 млн тоннадан асты. Жылына шамамен 4,5 млн тонна тұрмыстық қалдық жиналады десек, мұның тек 15 пайызы ғана өңделеді. Бұл да көңіл көншітпейді. Кейбір аймақтарда тіпті қайта өңдеу зауыты жетіспейтін көрінеді. Мәселен, Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе өңірінде қалдық бөлек жиналып, сұрыпталады. Одан әрі өңдеу үшін көрші облыстарға жөнелтіледі. Статистикаға сүйенсек, ел бойынша 207 қала мен ауданда, 138 елді мекеннің 96-сында ғана қалдықтарды сұрыптау енгізілген. Яғни республика аумағында қоқысты сұрыптау мүмкін болғанымен, тұр­мыс­тық қалдықтарды өңдеу үлкен проблемаға ай­налған.

Еліміздегі қоқыс полигоны шамамен 32 мың гектар жерді алып жатыр. Бірақ бірқатар қалдық үйіндісінің жағдайы нашар. Қала берді, республика бойынша заңсыз орналасқан полигонның үлесі – 80 пайыз. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға және сұрыптауға арналған төмен тарифтер де қалдықтарды басқару жобаларына инвестициялар тартуда тиімсіз болып отыр. Айта кетейік, қоқыс полигондарын жою жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Осы орайда, бір жыл ішінде аудандар мен ауылдық округтердің 86-дан астам әкімі қоқыс үйінділерін жою мақсатында тиісті шаралар қабылдамағаны үшін жауапқа тартылды. Салынған айыппұл көлемі 7 млн теңгеден асқан.

Қазір елімізде қоқысты өңдеу мақсатында біраз шара қолға алынып жатыр. Республикада қатты қал­дық­ты қайта өңдеп, энергетикалық отынға айнал­ды­ратын 6 зауыт салынбақ. Жоспар 2025 жылға дейін жүзеге асырылады деп бекітілген. Өңірлерде де кешен құрылысына жер телімдері беріліп, бұл мәселені оңтайлы шешу жолдары қарастырылып отыр. Мәселен, мұнайлы өлке Атырауда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін кешен құ­ры­лы­сын салу үшін «Промэкология» ЖШС-на 30 гектар жер телімі берілді. Кешен келер жылдың соңына қарай іске қосылмақ. Бұған қоса, шаһарда «Гринсити» ЖШС-на 5 га жер учаскесі бөлінді. Бүгінде жеке инвестор өндірістік цех пен әкімшілік тұрмыстық кешен ғимараттарын салып, оны жабдықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қос кешеннің құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ Экология министрлігі өткен жылы тендер жариялау арқылы Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Өскеменде зауыттар салынып, ендігі үш жылдан кейін жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр. Осылайша, Қазақстан 2025 жылға дейін қоқысты сұ­рыптап өңдеуді 30 пайызға, өртеуге жіберетін қо­қыс­ты 20%-ға жеткізуді көздеп отыр, ал қалған 50 па­йызы қоқыс полигонында сақталмақ.

 

Зейін ЕРҒАЛИ