Сенат депутаттары «Геодезия, картография және кеңістік деректері туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне геодезия, картография және кеңістіктік деректер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын екі оқылымда қарап, қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Заң жобаларын таныстырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан Республикасының қолданыстағы «Геодезия және картография туралы» заңы 2002 жылы қабылданғанын атап өтті. 20 жыл ішінде геодезия және картография саласында үлкен өзгерістер болды, цифрлық технологиялар мен спутниктік аппаратуралар енгізіліп, өндірісте кеңінен қолданылды, кеңістік деректерінің дәлдігіне, өлшеу тиімділігіне және қолжетімділігіне қойылатын талаптар артты.
«Осыған байланысты олқылықтар мен қайшылықтарды жою мақсатында заңның жаңа редакциясын және оған ілеспе заң қабылдау қажет болды. Геодезия және картография саласының жай-күйі мемлекеттегі кадастр мен жер-мүліктік қатынастардың сапасына тікелей әсер етеді», деді Бағдат Мусин Сенаттың жалпы отырысында.
Қазақстан Республикасын жоғары дәлдікті геодезиялық координаттар жүйесімен қамтамасыз ету және оның негізінде еліміздің бірыңғай цифрлық картографиялық базасын құру - заң жобаларының негізгі міндеттеріне жатады.
Заң жобасының негізгі нәтижесі халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыру, адал бәсекелестік үшін жағдай жасау, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру болады.
Ілеспе заң жобасын қабылдаудың мақсаты - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» Қазақстан Республикасының жаңа заңына сәйкес келтіру, сондай-ақ олқылықтар мен қайшылықтарды жою.