Экономикамыз өте күрделі сәтті бастан кешіріп жатыр. Жылдан астам уақыт инфляция салтанат құрып тұр. Биліктің бағалауынша, біздегі инфляцияның себебі сыртқы факторлардың әсерінен туындап өрбіп отыр. Осындай сілтеме жасау Үкіметіміз үшін өте ыңғайлы. «Инфляция қарқынын тапсырылған дәлізге мал қораға қуып тыққандай қылар едік, әттең, егер ол ішкі экономиканың мәселесі болса. Ал бұл жолғы инфляция әлемдік экономиканың дүмпуінен туындап отырған жоқ па, сондықтан ол бізге бағынышты емес. Біз әлемдік экономиканың тәртібін өзгерте алмаймыз» дей салу ұтымды амал, әрине.
Мәселенің байыбына келер болсақ, макроэкономика инфляцияның екі себебін тарқатады. Біріншісі – сұраныс инфляциясы, екіншісі – ұсыныс инфляциясы. Алғашқысы, нарықтағы сұранысты қалыптастыратын факторлар әсерінен туындайды. Мәселен, тұтынушылар тарапынан сұраныс деңгейінің күрт өсуі. Яғни халықтың табысы артса, тауар тапшылығы болса, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы көбейсе, түрлі әлеуметтік жәрдемақылар молая түссе, сұраныс инфляциясы қалыптаса жөнеледі. Осындай сәтте «ақшаң көп екен, саған керегі осы ма?» деп ет, сүт, нан, киім-кешек, жиһаз, ыдыс-аяқ, барлығын үйіп-төгіп саудаға салар отандық өндіріс болса ғой, шіркін! Сонда инфляцияның қарасын да көрмес едік. Демек, сұраныс инфляциясының ауыздығы – әртараптандырылған, қуаты мол, құдіреті күшті отандық өндіріс. Ал бағаны күштеп түсіру, сатушыларды жазалау, оңды-солды науқаншылап шапқылау, үгіт-насихат жүргізу, тәртіпті күшейту, шенеуніктерге сөгіс беріп, орнынан алу, мұның бәрі де құр әуре.
Ал ұсыныс инфляциясы өндірісті жүргізуге қажетті құрал-жабдық, шикізат, энергия, көлік, коммуналдық қызметтер, сумен жабдықтау, салық, кредит тағы басқа тауарлар мен қызметтер қымббаттаған кезде орнайды. Егер өндіруші өзінің тауары мен қызметінің бағасын шарасыздықтан көтерсе, онда мұны ұсыныс инфляциясы деп түсінген абзал.
Әлемдік экономикаға ойран салып отырған фактор – мұнай-газ бағасының өсуі. Бұған отандық өндіріс те қалқан бола алмас еді. Мәселен, бензин бағасы өссе, тізбектеліп көлікпен тасымалдау бағасы (тариф) ғана өсіп қоймайды, тасымалданатын көптеген тауар бағасы, тіпті нан да (оны да тасиды) қымбаттайды. Жалғастырсақ, көмір, мазут, газ, электр энергиясы қымббаттаса, коммуналдық төлемдер тарифы (бағасы) өседі. Ал салық құны, кредит пайызы көтерілсе, кәсіпорындар өндіріп сататын игіліктерінің бағасын көтеруге мәжбүр болады.
Жаратушымыз қазақ халқының табиғатын молынан жарылқап, ұсыныс инфляциясын болдырмауға бүкіл мүмкіндікті бере салғанына қайранмын. Бізде мұнай да, газ да, көмір де, уран да бар. Баламалы энергия көзі бола алатын су да, жел де, шақырайған күн де бар. Осының бәрін ішкі экономиканы дамытуда қолдана алсақ игі еді. Әрине, экономика және қымбатшылық туралы сөз қозғағанда несие мен салық мәселесін айналып өте алмасымыз тағы белгілі. Егер салық құны өссе, онда кәсіпкер де тауар бағасын қымбаттатуға мәжбүр болады. Бірақ бұл да Үкіметтің өзі шешетін мәселе. Өндірісті басып-жаншып, бағаны шарықтатамын десе салық деңгейін жоғарылатып, ал өндірушілерді қолдап, демеймін, инфляцияның қарқынын басамын десе, салықты қысқартып, жеңілдіктер, каникулдар жасауы керек. Бұл жерде ешқандай сыртқы фактор әсерін болдырмауға 100 пайыз мүмкіндік бар. Ол үшін билікке ұлт қамын жеген азаматтар керек. Инфляцияның қолтығына су бүркіп отырған тағы бір себеп – несие мөлшерлемесі. Cіз өтінішпен барған екінші деңгейлі банк берген кредитіне жылдық төлем пайызын 35-40 пайыз деп мәлімдейді. Калькуляторға салып есептесеңіз, пайда табу үшін сіз кеткен шығындарыңыздың үстінен кем дегенде 70 пайыз жылына түсім алуыңыз шарт. Өйткені 10 пайыз пайдадан салық төлейсіз, 5 пайыз қамсыздандыру, мүлік салығы тағы бар. Жағдайды түзеудің жалғыз амалы – тауарды қымбатқа сату, сөйтіп инфляцияны өршіте түсу.
Ұлттық банк инфляциямен күресіп жатырмыз деп базалық мөлшерлемені қайта-қайта көтеріп жатыр. Демек, Ұлттық банк банктерге несиені 16 пайыздық базалық ставка мөлшерімен есептеп ұсынады. Банк сол 16 пайызға ағымдағы инфляция пайызын қосып, оған өзінің 5-6 пайыз табысын қосып қояды.
Айналып келгенде ұлттық өндірісті дамыту, импорт көлемін азайту ғана қымбатшылықты тежейтін шынайы құрал екенін түсінеміз. Оны билік те, мүдделі органдар да түсінуі керек және соған бейімдеп әрекет жасағаны жөн. Әйтпесе, мына инфляцияның зардабы жылдарға созылуы ықтимал.
Жанкелді ШЫМШЫҚОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты, профессор