• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Желтоқсан, 2022

Елордада президенттік институттың эволюциясы талқыланды

213 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент кітапханасында Республиканың Тұңғыш Президенті күніне және Қазақстандағы президенттік институттың эволюциясына арналған «Қазақстандағы прзиденттік институт: дәстүр, қазіргі заман және болашағы» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қарашада өзінің ұлықтау рәсімі кезінде: «Ұлттың бостандық жолындағы табанды күресінің арқасында Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Егемен мемлекеттің құрылуына, оның іргесін бекіту жолында орасан зор еңбек сіңірген тарихи тұлғаларымызға әділ баға беруіміз керек. Табыстарды және олқылықтарды ажырататын бұл – уақыт және тарих.  Уақыт – ең әділ қазы, ал тарих – бәріне таразы. Сондықтан саяси науқаншылдыққа жол бермеуіміз қажет. Біз болашақта әділетті мемлекет боламыз десек, өткенге әділдікпен қарап, одан тағылым ала білуіміз керек», деп мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, Тұңғыш Президент күні 2012 жылдан бастап атап өтіледі. Мереке күнін таңдауға 1991 жылдың 1 желтоқсанындағы жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесінде Н.Ә.Назарбаев Қазақ ССР Президенті лауазымына сайлануы негіз болды.  Сонымен Қазақстанда Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі мен егемендігін нығайтуда, сондай-ақ еліміздің одан әрі нәтижелі дамуы үшін маңызды рөл атқарған президенттік институт дәстүрінің негізі қаланды. Тәуелсіздіктің кейінгі онжылдықтарында президенттік институт экономика мен саясаттағы және қоғамдағы жаңғыртулардың бастамашысы болғандығын айта кету керек. Ол трансформациялар мен прогрессивті реформалардың қозғаушы күші болды.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік және әскери қайраткері, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы Б. Е. Ертаев, Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті, Ұлттық Ғылым академиясының академигі З.К. Шаукенова, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты Т. Б. Қалиев, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығының директоры А. М. Әмребаев, Президент жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы С. Б. Ахметжаров, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелері Д.Р.Әшімбаев және М.М.Шибутов, Парламент Сенаты хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ж. К. Төлендинова, «М. Нәрікбаев атындағы ҚаЗГЗУ Университеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары А. Б. Карбозова, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры А.Е. Чеботарев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің Саясаттану кафедрасының меңгерушісі Б.А. Ғабдулина, «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтының Саяси талдау бөлімінің басшысы Д.Е. Базаров сөз сөйледі.

Іс-шараға онлайн және офлайн форматта мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, профессор-оқытушылар құрамының 300-ден астам өкілдері, жоғары оқу орындарының докторанттары, магистранттары мен студенттері және еліміздің мектептері мен колледждерінің педагог-тарихшылары қатысты.

«Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Әділетті Қазақстанды құру мақсатын көздейтін ірі конституциялық реформаны жария етті. Жалпыхалықтық референдумда Қазақстанның негізгі заңына түзетулер енгізілуі Конституциялық реформаның бастамасы болды. Алдағы қайта құрулар билікті орталықсыздандыруға және басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға  көшуге бағытталған. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес құрылған суперпрезиденттік республика тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуында өз рөлін атқарғаны сөзсіз. Бірақ бүгінде демократиялық институттар нығайып, саяси мәдениет артқан сайын саяси жүйені қазіргі шындыққа бейімдеу мәселесі табиғи түрде пісіп жетілді. Конституциялық реформа президенттік институтқа да әсер етеді. Президент лауазымында болудың бір реттік 7 жылдық мерзімін белгілеу жөніндегі түзету Республика Президентінің өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңіне партиялық бейтараптық қажеттілігі туралы қабылданған конституциялық түзетулермен сәйкес келеді. Президенттік өкілеттіктердегі өзгерістер Жаңа Әділетті Қазақстанды құру стратегиясына барынша сай келетін президенттік институттың оңтайлы моделін іздеуді көрсетеді», деді Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Б. Темірболат.

Өз кезегінде мемлекет және әскери қайраткер, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев та өз пікірімен бөлісті.

«Қазір уақыт, формация, даму шарттары өзгеруде. Қоғамда жаңа сұраныстар туындап жатыр. Қазақстан мемлекеттік басқару жүйесін дамытуды және жетілдіруді жалғастыруда. Биыл Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев ауқымды конституциялық реформа жасады. Бұл Әділ Қазақстанның құрылысы аясында мемлекеттіліктің институционалдық негіздерін жаңартуға әкелді», деді ол.

Бұдан соң, Президент жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Данияр Әшімбаев президенттік институттың алғаш енгізілген кезеңін сөз етті.

«Екпінді демократияландыру және ел басшылығының басқаруды жоғалтуы орталықсыздандыруға және басқару жүйелері мен барлық қолданыстағы органдардың ыдырауына әкелді. Халық депутаттары Кеңесі мен атқару комитеттеріне негізделген Кеңес өкіметінің бұрынғы жүйесі жұмыс істемейтін болып шықты. Ал Коммунистік партияға бекітілген билік беделін жоғалтып, құлдырай бастады. Нәтижесінде вакуум пайда болды, ол хаосқа айналуы мүмкін еді. Сол кездің өзінде, 1989 жылдың күзінде Жоғарғы Кеңестің төрағасы лауазымы пайда болды – бұл болашақ президенттіктің алғашқы аналогы. 1990 жылдың басында мұндай лауазым біздің республикада қажетті барлық процестерді қамтамасыз етпейтіні белгілі болды, әрі көктемде Президент туралы заң қабылданған-ды. Ол кезде сайлау Жоғарғы Кеңестің сессиясында өтті. Онда Нұрсұлтан Назарбаев абсолютті көпшілік дауысқа ие болды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында кеңестік партиялық билік пен жаңа президенттік билікті біріктіруге әрекет жасалды. Нәтижесінде, мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданғаннан кейін Конституциялық реформа жүргізілді», деді Данияр Әшімбаев.

Сондай-ақ «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев президент сайлауы көпшіліктің назарын аударатын ерекше оқиға екенін айтты. 

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында елімізде 7 сайлау науқаны өтті. 1991 жылы президенттік сайлау біздің еліміздің тәуелсіздік пен егемендікке ие болу процесінің бір бөлігіне айналды. Бұл сайлау ұзақ мерзімді кезеңге одан әрі саяси күн тәртібін дамытуға серпін берді. Отыз жылдық кезеңнің әртүрлі жылдарындағы сайлау науқандарының мысалында біз президенттік институттың эволюциясын көреміз. Биылғы сайлау Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев жариялаған қуатты жаңа конституциялық реформалар шеңберінде өтті. Мемлекеттік басқару құрылымындағы президенттік протекция қысқарды, енді Президент тек бір рет жеті жылдық мерзімге сайлана алады. 2022 жылғы сайлау науқаны идеялар мен құндылықтар бәсекелестігін көрсетті. Әр кандидат өзінің белгілі бір күн тәртібін енгізді. Бүгін біз республикамыздың саяси дамуының жаңа кезеңінде тұрмыз», деді ол.

Талқылау барысында сөз алған Президент жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Марат Шибутов қазір президенттік институт жаңа кезеңді өткеріп жатқанын айтты. Оның айтуынша, Президенттің атқаратын функцияларының көлемі, биліктің басқа тармақтарымен қарым-қатынасы өзгеруде. Бұған Президентке талап қоятын және оған сәйкес келуі керек орта да әсер етеді. 

«Посткеңестік елдерде экономикалық, энергетикалық және әскери дағдарыс жағдайында президенттік институт жоғары сұранысқа ие болып, өзекті бола түсетінін ұғыну керек. Біз президенттік институтты ішкі және сыртқы ортаға сәйкес келетін эволюциялық нәрсе ретінде талдауымыз керек. Бірақ ресми өкілеттіктердің көлемі әрқашан нақты өкілеттіктердің көлеміне сәйкес келмейтінін ескеру қажет», деді М. Шибутов.